Тұрғындармен құқықтық мәселелер бойынша кездесу өтті

Шымкент қаласы Әділет департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және күнделікті өмірде жиі кездесетін заң талаптарын түсіндіру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта тұрғындармен құқықтық мәселелер бойынша кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Тіркеу қызметі және коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу саласындағы бақылау бөлімінің бас мамандары Г. Орынбетова мен Ш. Досаева қатысып, тұрғындарға құқықтық консультациялық көмек көрсетті. Мамандар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, тиісті рәсімдерді заң талаптарына сәйкес орындау тәртібін түсіндірді.
Іс-шара барысында жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеуге қатысты қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндірілді. Азаматтарға қажетті құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік тіркеу кезінде сақталатын тәртіп және заңда белгіленген талаптарды орындау мәселелері бойынша ақпарат берілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстарының маңызы азаматтардың өз құқықтарын білуімен қатар, заңда белгіленген міндеттерді дұрыс орындауынан да көрінеді. Кез келген құжатты белгіленген тәртіппен рәсімдеу, қажетті мәліметтерді уақытында ұсыну және мемлекеттік қызмет алу талаптарын сақтау кейін туындауы мүмкін құқықтық мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарын тіркеу, заңды тұлға ашу және азаматтық хал актілеріне байланысты құжаттарды рәсімдеу жөнінде жеке сұрақтарын қойды. Әр сауал бойынша мамандар қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып, нақты әрі толық жауап берді. Қажет болған жағдайда азаматтарға мәселені шешудің әрі қарайғы тәртібі де түсіндірілді.
Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер тұрғындардың нақты мәселесіне жауап беріп, заң талаптарын түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай консультациялық жұмыстар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызды бөлігі болып қала береді.
Әділет департаментінің мамандары тұрғындарға заң талаптарын сақтаудың және кез келген мәселені құқықтық жолмен шешудің маңызын түсіндірді. Заңды білу – өз құқығын қорғаудың ғана емес, қоғамдық тәртіпті сақтаудың да негізі.


