Полицияда өзекті мәселелер талқыланды

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында туындайтын өзекті мәселелерге арналған жедел кеңес өтті. Жиында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу және заттай дәлелдемелермен жұмыс істеу тәртібі қаралды.
Кеңеске Полиция департаментінің басшы құрамы, Сот сараптама орталығының басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ аудандық полиция басқармаларының аға учаскелік инспекторлары қатысты. Кездесу барысында тергеу тәжірибесінде кездесетін кемшіліктер талданып, оларды жою жолдары бойынша пікір алмасты.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1 және 109-1-баптары бойынша, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілеріне қатысты қылмыстық заңнама нормаларын қолдану тәжірибесі талқыланды. Әсіресе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты жүйелі түрде жасайтын агрессорларға қатысты бұлтартпау шараларын қолдану мәселесіне назар аударылды. Қатысушылар мұндай істер бойынша заң талаптарын сақтаудың, әрбір жағдайды мұқият зерделеудің және тиісті процессуалдық шешімдерді уақтылы қабылдаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар заттай дәлелдемелерді сақтау, есепке алу және жою тәртібіндегі кемшіліктер қаралды. Оның ішінде есірткі заттарымен жұмыс істеу кезінде белгіленген талаптардың орындалуына баса мән берілді. Заттай дәлелдемелерді тиісті тәртіппен тіркеу мен сақтау қылмыстық істің жан-жақты әрі объективті тергелуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарда заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды.
Жедел кеңес қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру және осындай олқылықтардың қайталануына жол бермеу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Жауапты қызметкерлерге заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және тергеу барысындағы жұмыс тәртібін жетілдіру міндеттелді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты құқық бұзушылықтардың жолын кесумен қатар, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды көздейді. Осы бағытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, заң талаптарын дұрыс қолдану және қызметтік кемшіліктерді дер кезінде жою құқық қорғау органдары жұмысының маңызды бөлігі болып саналады.


