Полицейлер су ішінде қалған қарияны құтқарды

Oinet.kz 03-05-2020 2457

95753923_884489218693434_3487878288938893312_o.jpg

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға елімізде жарияланған төтенше жағдай тәртібімен қатар құқықтарын түсіндіріп қана қоймай, сонымен бірге Мақтарал ауданында орын алған табиғи апаттан адамдарды құтқаруға да атсалысуда. Соның бірі – Фирдоуси елді мекенін су басқан тұста Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қауіпті аймақтан қарияны құтқарды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Егде жастағы азамат су алған аймақта орналасқан үйінде қалып қойған. Алғашқы көмек көрсеткен полицейлер зардап шегушіні қауіпсіз аймаққа алып шықты. Қазір қарияның жағдайы қалыпты. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ауыл ішінде қалып қойған жылқыларды да қауіпсіз жерге алып шыққан.

– Ауылымыз судың астында қалды. Үйлер құлап жатыр. Барлығымыз тек қажетті құжаттарымызды алып, қауіпсіз жерге шықтық. Қиын кезде көмек беріп жатқан жандардың баршасына рахметімізді айтамыз, – дейді Фирдоуси елді мекенінің биі Тіллә Файзиев.

Айта кетейік, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен аумақта полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет атқаруда. Су басқан аймақтан адамдар мен төрт түлікті құтқару қызметін белсенділікпен атқарып, күні-түні қызмет етуде. Одан бөлек тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көмек беру қызметтерін де атқарып жатыр.

Тәртіп сақшылары таудың тасын да қорғайды
Арыс полицейлері жоғалған қызды анасына тапсырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу