Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды қауіпті аймақтан көшірді

Oinet.kz 03-05-2020 634

13872148.jpg

Түркістан облысының 450 полицейі Мақтаарал ауданының тұрғындарын су басу қаупіне байланысты көшіруге қатысты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстан Республикасының Сырдария облысындағы елді мекенді су басты. Көрші мемлекеттің облыс басшылығының шешімімен су қоймасында су мөлшерін азайту мақсатында орталық тармақ арнасы арқылы суды ағызу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданында бірнеше шекара маңындағы коллекторлары суға толып қалды. Осылайша коллекторлардан құйылған су, арнасынан шығып кету салдарынан Мақтарал ауданы шекарасындағы Жеңіс және Жаңатұрмыс елді мекендерін су басу қаупі туындады.

Аталған жайт бойынша Мақтаарал ауданының әкімдігінде жедел штаб құрылып, 2 мамыр күні шамамен 1 сағат 30 минутта техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Жеңіс, Жаңа Тұрмыс және Нұрлы жол ауылдарынан тұрғындарды және үй малдарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды.

Халықты эвакуациялау үшін жеке құрамның 450 қызметкері Мақтаарал, Жетісай және Сарыағаш аудандық Полиция бөлімдерінен және Ұлттық ұланның 250 әскерилері жұмылдырылды. Мақтаарал ауданы Мырзакент кентіндегі №4 мектепте 2200 адамға арналған эвакопункт дайындалды.

Техногендік төтенше жағдай жарияланған оқиға орнына Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков арнайы келді. Қазіргі уақытта оқиға орнынан Мақтаарал ауданы елді мекендерінің 5400 тұрғыны эвакуацияланды. Кейбіреулері өздері көшіп, басқаларға көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп, басқа да қажетті шаралар қабылдануда.



Арыс полицейлері жоғалған қызды анасына тапсырды
Ұлтаралық алауыздықты қоздырған тұрғын ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу