Жылқы ұрлап қамалды

Oinet.kz 06-07-2020 699

кисен.jpg

Түркістан облысында жылқы ұрлап сатқан күдікті Семей қаласынан ұсталды. Оның түбіне ұрлықы малды жарты бағасына сатып алған адаммен суретке түскені жетті.

Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын көмек беруін сұрап хабарласқан. Ер адамның айтуынша оның үйінің жанында байлаулы тұрған жылқысын белгісіз тұлға ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді.

Осы ауыр қылмысты ашу мақсатында Жетісай АПБ КПБ-нің тәжірибелі жедел уәкілдерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден жауап алып, мал базарларды мұқият қарап шықты. Нәтижесінде ұрланған жылқының қаладағы мал базарлардың бірінде сатылымға шығарылғанының үстінен түсті. Сұрастыру барысында сатып тұрған азамат жылқыны 420 000 теңгеге өзіне бейтаныс азаматтан сатып алғанын, сәл күдігі болғасын ол жас жігітпен суретке түсіп алғанын жеткізді.

Фотосуреттегі азаматтың жеке-басын анықтау барысында полицейлер оның бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екенін анықтады. Тәртіп сақшылары күдікке ілінген тұрғынның жүрген жерін анықтау мақсатында қажетті шараларды іске асырды. Нәтижесінде күдіктінің Семей қаласында кафелердің бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Оны ұстауға Қазақстанның шығыс бөлігіне екі жедел қызметкер шықты. Мал ұрысына кісен тікелей жұмыс орнында кигізілді. Қазіргі уақытта күдікті Жетісай АПБ-не жеткізілді. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қамауға алынды. Аталған қылмыстық іс ҚР ҚК-нің «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа жолданды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға мал ұрлығын болдырмау үшін, малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Оған қоса қора-жайларыңызды мықты материалдармен бекітіп, аулаларыңызды жарықтандырыңыздар. Егерде малыңыз жоғалып немесе ұрланса, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер.

Артық несие рәсімдеп алған алаяқ Түлкібаста ұсталды
Заңсыз дәрі-дәрмек сатқандар жазаланады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу