Отырарлық полицейлер жоғалған қызды Алматыдан тапты

Oinet.kz 07-08-2020 604

79.jpg

Түркістан облысы әкімінің азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасын орындау полиция қызметкерлерінің міндеті. Қызметіне адал отырарлық тәртіп сақшылары жоғалғаны жайлы әлеуметтік желілерде тарап кеткен қызды тауып, үйіне қайтарды.

Аталған келеңсіз жағдай облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының және Отырар аудандық Полиция бөлімінің мамандарының қырағылығымен оң шешіліп, 10 күн бойы күн-түн демей іздестіру жұмыстары барысында отырарлық жас қыз дін-аман табылды. Нақтырақ айтсақ, 24 шілдеде Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, өзінің 19 жастағы қарындасының жоғалғанын хабарлаған. Ағасының айтуынша, қыз үйінен Шәуілдір ауылындағы ауруханаға көрініп келемін деп шығып кетіп, қайта оралмаған. Аталған жайт АПБ-не тіркелді.

Жоғалған қыздың қайда жүргендігін анықтау мақсатында аудандық полицейлер хабар алысымен шұғыл әрекетке көшіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында, қыздың Шәуілдір ауруханасына бармағандығы анықталды. Содан тәртіп сақшылары жас қыздың баруы мүмкін жерлері мен таныстар шеңберін құрып, республика көлемінде іздестірді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды мұқият қарап, тексерді.

Осылайша, ақпарат көздері арқылы жоғалған қыздың Алматы қаласында болуы мүмкін екендігі айқындалып, бірнеше полиция қызметкерлері іссапармен шықты. 10 күннен астам жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қыз Алматы қаласындағы базарлардың бірінен табылды. Полицейлер қызды аман-есен отбасына, әкесіне тапсырды. Тергеу барысында анықталғандай 19 жасар қыз осы уақыт аралығында күнкөріс мақсатында жұмыс істеп, Алматы қаласындағы танысымен пәтер жалдап тұрғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда орын алған жағдайдың толық мән-жайы анықталуда.

Өз кезегінде қыздың әкесі полицейлерге өзінің шынайы алғысын білдіре отырып, «Қызым жоғалған бойда полицейлерге арыздандық. Содан бері 10 күн бойы үзіліссіз іздестіріп, соңында қызымды Алматы қаласынан тауып, аман-есен қолыма табыстады. Үлкен алғыс, жұмыстарына табыс тілеймін»-деп ризашылығын жеткізді.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің ұл-қыздарыңызбен дос болып, жиі сөйлесіп отыруға, араласатын ортасын толық біліп, бақылауда ұстауға кеңес береді. Ал, егер балаңыз жоғалып немесе бірер сағат болсын еш хабарсыз кетсе, уақытты өткізбей, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар деп ескертеді.

Түркістан облысының тұрғындары Армениядан әкелінген 260-тан астам автокөлікті тіркеді
Карантин талаптарына бағынбай заң бұзғандар жазаланады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу