«Дәстүр» фильмінің философиясы дінге негізделген бе?

Oinet.kz 11-01-2024 382

Мәдениет пен өнер – кез келген адамдар шоғырланған қауымдастықтың, яғни халықтың ұлттық идеологиясының негізгі көзі екені мәлім. Бүгінде отандық фильмдердің көптеп түсіріліп, көрермен назарына ұсынылуы қуантарлық-ақ жағдай. Дегенмен қазақ кино индустриясының бюджеттік жағдайын арзан әзіл мен дарақы күлкі, боғауыз сөз құтқарып келе жатқандай көрінетіні тағы бар. 

Screenshot_3.jpg

Бүгінде көрермен назарына ұсынылып, талғам таразысына тартылып жүрген отандық фильмдердің бірі – «Дәстүр» хоррор-драмалық фильмі. Фильм режиссері – «Ирина Кайратовна» тобының продюсері Қуандық Бейсек. Актерлік құрамның басым көпшілігі, көрерменге бейтаныс, жаңа есім болған сыңайлы. Атап өтсек, Алдабек Шалбаев, Ермек Шынболатов, Нұрай Жеткерген, Нұржан Бексұлтанова, Алдияр Жапарханов және Әсет Есжан. Көрермен тани бермесе де, ұтымды таңдалған құрам деуге болады.

Ең алдымен фильмнің атауына тоқталсақ. Дәстүр дегеніміз не жалпы? Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмай жететін әдетке айналған әрекеттер. Уақыт өте келе ол сол ұлттың заңы іспеттеніп кетеді. Иә, дәстүрдің де заман ағымына қарай, қажетке жарамай қалатын кездері болады. Фильм атауын осы идеяға сүйеніп таңдады делік. Дегенмен көзге сүйелдей көрініп тұрған «ескірген» дәстүрлік танымдар фильм кадрларынан менмұндалап тұрмаған секілді. Есесіне дәстүр мен діннің былыққан тұсын көрсетеді. Себебі, қазақтың танымы мен ислам танымы сондай бір тұтасып кете қойған жоқ.  Кездеспейді деп те айта алмаймыз. Дін аралас дәстүрлерді, атап айтсақ қалыңмал, неке қию, мәхр, құдалық, беташар, той, төсқағыстыру, мал бауыздау, теріс бата, жын шығару, құран оқу сынды сахналары бар. Дегенмен, осы былыққан тұстан фильм жанрының өзегі пайда болады. Яғни, хоррорлық фильмнің негізгі идеясы – дәстүрмен қатар дінге негізделгенін байқамай өту мүмкін емес.

Одан кейін фильм ішіндегі қолданылған атаулар мен кейіпкерлердің есімдеріне қойылған саяси акцент сәтті шыққан секілді. Мысалы, күллі ауылды асырап отырған мал фермасының директоры – Нұрсұлтан. Оның қылмыскер, қыз зорлағыш ұлы – Болат. Сонымен қатар фильмде кездесетін топонимдерге де саяси мән үстеуге тырысқан («Болашақ» ауылы, «Ханшатыр» мейрамханасы, «Бәйтерек» дүкені, «Нұрлы мешіт»). Фильмнің алғашқы сахнасында 8 миллионға әжетхана салдырғанына масаттанып тұрған әкімнің болмысы да қазақ қоғамына таңсық емес. Және отандық арналардың у-шуы көп бағдарламаларының да («Қалаулым», «ҚосLike», «Бір болайық») пародиясы жасалған. 

Фильм сюжетіне қысқаша тоқталатын болсақ, «дұрыс тәрбие көрмеген» Болат мектеп бітіру кешінен қайтып бара жатқан күйші қыз Диананы тура жол үстінде зорлап, обалына қалады. Уақытша ұстау изоляторына түскен бай баласының «болашағын» өз әкесінен гөрі, әкім қаттырақ ойлап, түрмеден шығарып алады. Жастардың түк болмағандай «бақытты шаңырақ» болып кетуіне де барын салады. Бұл жердегі әкімнің жеке мүддесінің иісін Нұрсұлтан қатты сезеді бірақ. Өліп-тіріліп жиып-баққан дүниесінің қабын бір жағынан баласы, бір жағынан әкім жыртып жатса, үшінші жағынан су жаңа құдасы түрткілейді. Яғни, Диананың қалың малы – 10 миллионға бағаланды. «Нұрлы мешітте» неке қиюға келген Болат тілін кәлимаға келтіре алмай әуреленгенінен, молдадан өзге ешкім сезіктенбейді. Әрі қарай фильм құдды бір сериалдың триллеріне ұқсап, оқиғалар желісі жылдам өрбиді. Жоғарыда аталған құдалық, беташар, төсқағыстыру сынды сахналарға 5-10 секунд арналады. Той үстінде Диананың домбыра үйреткен ұстазы «Өмір жолы» атты шәкіртінің сүйікті күйін орындап, онсыз әрең тұрған қалыңдықтың көңілін алақұйын етеді. Той ортасында жастар вальске шыққан кезде, Диана бұдан әрі шыдай алмайтынын сезіп, қашып шығып, қалың орманға еніп кетеді. Осы жердегі қиыспайтын тұсы, қараңғы орманға жалғыз кеткен ақ көйлекті қалыңдықты іздеуге Болаттан өзге ешкім аттанбайды. Тіпті туған әке-шешесі де. Дианадан көз жазып қалған Болат қалыңдығын ағашқа асылып тұрған жерінен табады. Фильмдегі мистикалық оқиғалардың әлқиссасы осы тұстан бастау алады.  Ес-түссіз қалыңдығын үйге көтеріп алып кірген кезде ешкім «Диана қалай екен?» деп жақындамайды. Керісінше алғашқы неке түніндегі романтикалық көрініс деп бағалайды.

Әрі қарай Нұрсұлтанның отбасында түсініксіз оқиғалар орын ала бастайды. Елестер, үрейлі музыкалар, жарықтың өшіп-сөнуі, дауыстар, жағымсыз иіс және домбыраның үні. Айта кету керек, бұған дейінгі фильм сахналарында кездесе қоймайтын, үрейлі домбыра үні мен әруақтың теріс бата беруі сәтті-ақ шыққан екен.

Жалпы бүтін бір отбасының үрейлері ұшып, берекесі қаша бастаған кезде, кейіпкерлердің бас сауғалайтын орны – мешіт, құтқарушы қаһарманы – молда. Фильмдегі жын шығару сахнасында молданың құдіретін паш етуге күш салғаны көзге ұрып тұр. Дегенмен осы сахнадағы каскадерлер өз шеберлігін көрсете алғанын да айтып өту керек. 

Фильм философиясын діннен де, дәстүрден де, саясаттан да азат етуге тырыссақ, қыз баласының көз-жасы мен обалы қалады. Ештеңе қалмай қалуы да мүмкін еді.

Және өзімнің көңіліме қонғаны түсірілім жүзеге асқан үй интерьерлері болды. Шетел хоррорларында міндетті түрде кездесетін иесіз, шаң басқан үйлерге ұқсатып аса әспеттемеген. Яғни, ауыл отбасыларының тыныс-тіршілігін қалай бар солай беруге тырысқан сынды.

Актерлердің ойнау шеберлігін сынайтындай кәсіби білімім жоқ. Есесіне, сөздік қолданыстарына тоқталып өтуге болады. Мейлі әдеби тілден шынайылық үшін қашып, боқтық сөздерді эмоциясын айна-қатесіз көрсетуге қажет-ақ дүние шығар деп түсіністік таныталық. Дегенмен екеуара диалогтар кей тұстарында өте жалаң қолданылған. Мысалы Болат: 

– Мен ғой, пап,– десе, әкесі 

– Сен бе едің?,– деп қайта сұрайды. 

Бұдан бөлек дәл осы диалог ортасында әкесі «Біз үшін сендер тек бақытты болғандарыңды қалаймыз» деп бүтін сөйлемді қате сөйлейді. Сөйлемнің бірнеше дұрыс нұсқасын ұсынуға болады. Дегенмен қажетсіз.  Фильмнің тілі (боғауыздарынан басқасы) толық қазақша. Бүгінде бұл үшін де қуанатын жағдайға жеткеніміз жасырын емес. 

Жалпы «Дәстүрді» біреулер «Отандық алғашқы хоррор» деп көкке көтеріп жатса, енді бірі фатализм деп қол сілтеп, қоя салып жатыр. Қалай болғанда да фильмнің мұншалықты резонанс тудырғанының өзі шығармашылық тобы үшін үлкен жетістік екенін мойындау керек. 

Сөз соңында аталған фильмнің кассалық кірісі небәрі бір аптаның ішінде 1 млрд теңгені құрағанын да айтып өтейік. 

Сезім Мергенбай

Ел абыройын асқақтатқан азамат
Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу