Бір-бірімізді өлтірмейікші - «Қара жәшік» сериалының төркіні қайда жатыр?

Oinet.kz 25-01-2024 1107

Бүгінгі мына күнкөрісі қиындап, кежегесі кейін тартып тұратын қоғамнан бұғауын өз еркімен үзіп кеткісі келіп тұратындардың саны көп-ақ. Үзіп кеткендер де тым көп. Соның ішінде, енді ғана бүрленіп, арман соңынан қуалайды-ау деген көкөрім, жасөспірімдердің де өлімі айылын жимай тұр. Олар тағдырдың тезіне түсіп, таяғын татып үлгерді ме? Әлде солқылдап тұрған көк шыбық сынды әлжуаз жүректері өткінші ситуацияларды көтере алмай қалды ма? 

Screenshot_2.jpg

Әрине, жасөспірім шақта кез келген дүниені жүрекке ауыр алу – заңдылық. Ал, оның жанына, психологиясына тиген залалын, онымен алысуға әлі келмей жүргенін жақындары, қоршаған орта, әлеумет неге сезбей қалады? Міне, осы бір түбі тесік сауалдарды 8 қаңтардан бастап «Хабар» арнасы ұсынып жүрген «Қара жәшік» телехикаясы қозғап келеді. Аталған сериалдың қоюшы-режиссері – Әсет Жұмақан. Бас продюсерлері – Ерсін Айтмұқаш пен Нартай Сауданбек. Әр бөлімі 40-45 минуттан тұрады. Басты рөлдерінде – Мерей Мақажан, Ермек Шынболатов, Нартай Сауданбекұлы... 

Сериалдың алғашқы бөлімдерінен-ақ Қонаев қаласының, Қапшағай жағалауының күзгі сұлулығына көз суаруға болады. Және бұл сұлулықты әр бөлімінде беріп отыруға тырысады. Ютуб арнасында жарияланған әр бөлімінің астындағы жазбаларда көрермендер «Бұл қай қала?» деп сұрап жатады. Қапшағай жағасындағы сахналар сериалдың аурасымен түстес. Сұп-сұр жағалаудағы сұп-сұр естеліктер...

Сериалдың негізгі мақсаты жоғарыда айтқанымыздай, жасөспірімдердің суицидке бару себебін анықтау және ұл-қыз асырап отырған ата-аналарға, білім ошақтарына, буллинг жасауға бейім әрбір азаматқа дабыл қағу секілді. Түсінікті болу үшін сюжетін қысқаша түсіндіріп көрейік. 

Қалалық үздік мектептің бірінде қайғылы оқиға орын алады. 11-сыныпта оқитын, озат, үлгілі, көңілді Айым Оралхан алғашқы бөлімінде-ақ үйден сыныптастарымен отырысқа шығып кетіп, қайта оралмайды. Оның оралмағанын көрген анасы алып-ұшып полиция бөлімшесіне барғанда, полиция бастығы тәулік өтпейінше оны іздей алмайтынын айтып, шығарып салмақ болады. Осы тұста отбасылық кикілжіңнен қажыған, жұмыстан шығуға бел буған Қайрат атты полиция капитаны қызын жоғалтып, безек қағып тұрған ананың өтінішіне ешкімнің бұйрығынсыз құлақ асып, Айымды іздеуге кіріседі. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын беймәлім. Себебі, біздің қоғамда біреудің мұң-мұқтажына, сезіміне иліге қоятын полиция қызметкерлерінің қаншалықты көп екенін білмеймін. Дегенмен, құлқынын тиын тескен қызметкерлердің көп екенін көріп жүрміз. Сонымен, хош... Қайрат тынбай іздеп, соңында Қапшағайдың бойынан Айымның денесін табады. Экспертиза зорлықтың ізі табылмағанын айтып, суицид екені мәлім болады. Іс осымен жабылуы тиіс болатын. Дегенмен, Қайрат «өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша айыптыларды іздеуге білек түріп кіріседі. Тіпті, осыған бола жұмыстан шығу мерзімін ұзартады. Бірақ, неге? 

Себебі, бұл оқиғаның алдында Қайраттың Айыммен түйдес құрдас, оқу бітіргелі отырған қызы өз бөлмесінде асылып қалған. Қайрат қызының өлімінің себебін қанша іздесе де таба алмаған соң, әйелімен ақылдасып басқа өңірге қоныс аударуды шешеді. Алайда, көп өтпей алдына Айымның ісі келеді. Егер оның себебін тапса, қызы туралы да бір тың деректің басы қылтияр ма екен деген үміт қол қусырып отыруына мүмкіндік бермейді. Иә, егер жеке бастың трагедиясы болмаса, оның да саусақ қозғалтуы екіталай еді. Өмірде де солай ғой.

Тағы бір айтып кетер жайт сериалдың басынан бастап Қайратты аллергия мазалап, мұрнын жиі тартып, пысылдап жүргенін байқаймыз. Үнемі аллергияға қарсы препарат алып жүреді. Бұл да бір психологиялық күйзелістің, қызының өлімін қабылдай алмауының көрінісі болуы керек. Себебі психологияда бұрын соңды болмаған аллергияның, сондай бір қиын кезеңде шығуы мазасыздық пен депрессияның әсерінен болуы мүмкін екені айтылады. 

Screenshot_1.jpg

Іс жүргізіледі. Айымның өліміне себеп болар жайтты шам жағып іздесе де, нақты себеп таба алмай дал болады. Мектеп ұжымы Айымның өліміне әлеуметтік желіде тараған қауіпті ойындардың қатысы бар деп ойлайды. Сериалдың бір ғана оқушының бірнеше жағдаймен бетпе-бет келгенін көрсеткен: Айымның жаңа мектепке, өзінен қалталырақ оқушылардың ортасына келуі; оқушылардың, мұғалімнің буллинг көрсетуі; оның директордың ұлына ғашық болуы; отбасындағы берекенің қашуы; ата-анасының ажырасуы; өгей әкесімен бірге тұруы. Міне, осы тұста сериалды аздап созып алған секілді. Әрине, әр бөлімге әр күнгі тергеу амалдарын сыйдыруға тырысқанын түсініп бақтық. Дегенмен, бір сюжетті бірнеше рет қайталап беруі көрерменді жалықтыра бастады. Оны соңғы бөлімдеріне жазылып жүрген пікірлерден де байқауға боалды. О бастағы 40 минутты толтыру үшін жасалған амал секілді, құдды. Дегенмен интриганы әлі де ұстауға тырысып келеді. Сонымен, Айымды өз жанын өзі қиюға итермелеген не жағдай? 

Бұл сұраққа сериалдың тақырыбына арқау болып тұрған «Қара жәшік» әнінің авторы Мақпал Жұмабайдың сөзі жауап бере алатын секілді: «Әр адамның ішінде ашылмаған қара жәшік бар». Ол жәшіктің құлпын адамның көзі кеткесін ашудың қажеті қанша? Оның шешімі бар ма? Сериалдың бас кейіпкері Қайрат бұған «Білмеймін... Шешімі олар тірі кезде болған шығар. Оларды уақытында тыңдау керек пе еді? Оларға көңіл бөлу керек пе еді? Айтқандарын есту керек пе еді? Егер солардың бәрін уақытылы жасағанда, осы жағдайға жетпейтін едік», дейді. Расында, солай шығар.

Жан-жағыңызға бас бұрып қарап көріңізші, ұл-қызыңыз, іні-қарындасыңыз, оқушыңыз, танысыңыз кішігірім ғана проблемасының сөгітілген жібіне оралып, күрмеуін шеше алмай жүрген шығар, бәлкім. Қолдау керек шығар. Көңіл бөліңіз, сөйлесіңіз. Оның проблемасын өзіңіздікімен салыстырып, түкке тұрғысыз деп танымаңыз, тағы. Сонсоң оқу бітіргелі отырған жасөспірімдердің жан қалауына қарсы келмеуге тырысыңыз дер едім. Себебі, әр баланың бейімі әрқалай келеді. Сериалда да өз-өзіне қол жұмсаған қыздардың өнер адамы болсақ деген армандарына ата-аналары қарсы келеді. Өмірде де солай. Үнемі солай. Кез келген адам жаны қаламаған дүниеге қас. Оларды шарасыздыққа итермелеу де, өлімге итермелеудің бір жолы. Бір-бірімізді өлтірмейікші... 

Бәріміз де жасөспірім шақтың талай қызықтарын бастан кештік қой. Сол шақтарда бір де бір рет өлім жайлы ойлап көрмедіңіз бе? Әркімнің сөзі, көзқарасы, мысқылы, пыш-пышы жанымызды талай осып кетті ғой, ә? Сол ситуациялардан жүрегімізді қалай қорғадық? Жүйкемізді қалай қорғадық? Сериалда «Әр баланың өліміне мына біз – үлкендер кінәліміз» деген ой бар. Расында да, әр баланың, әр адамның өліміне мына біз – жалпы қоғам кінәліміз...

Сериал қазақ тілінде түсірілген. Алдыңғы бір нөмірімізде жазғанымыздай бүгінде тілі толық қазақша түсірілген әр фильмге бала секілді қуанатын жағдайда тұрмыз. Дегенмен, орыс тілінің паразит сөздері бәрібір кездеседі. «Айтпақшы, сен мені жестко ренжіттің ғой. Алдында дискотекадан неғып қайтып кетесің? Конечно іздедім. Даже, билеуге настроение болмай, үйге қайтып кеттім ғой», деген бірнеше сөйлемнің өзінде 5 сөз артық. «Айтпақшы, сен мені қатты ренжіттің ғой. Алдында отырыстан неге қайтып кетесің? Әрине, іздедім. Тіпті, билеуге зауқым болмай, үйге қайтып кеттім ғой», десе әдемірек естілмей ме? Актерлердің ойнау, сендіру шеберлігі жақсы-ақ секілді. Оқушылардың рөлін жастар сомдаған соң да болар, кем-кетіктер де байқалады. Қалай болғанда да, актерлік шеберлігін мамандар сынай жатар. Дегенмен, жас актерлердің сөздік қолданысындағы құлаққа түрпідей тиетін жерлеріне көз жұмып қарай алмадық. Бірнешеуіне мысал келтіре кетейін: «Немене өтірік па?», «Мен саған бірдеңе дедім ба?», «Мен саған көмектесуге міндеттімін ба?» сияқты сөйлемдерде сұраулық демеуліктердің бәрі буын үндестігіне бағынбай қолданылған. Сонсоң 11-бөлімде Сахиттің мектепті өртеп жіберуге талпынған сәтінде қойған «Сонда бәрі осылай қала береді ма?» (дұрысы: «қала бере ме?»), «Сіз мені түсінеді ма десем» (дұрысы: түсіне ме десем), «Сонда барлығын осылай қалдыра бересіз ба?» (дұрысы: бәрін осылай қалдырасыз ба? немесе қалдыра бересіз бе?), дейтін сұраулы сөйлемдерінде буын үндесітігінің сақталмауымен қатар, артық буындар қолданылып отыр. Мұның бәрі әдемі сөздердің мәнін жұқалай береді. Оның үстіне, бұл отандық телеарнадан көрсетіліп отырғандықтан, ауызекі сөйлеу тілдеріне баса мән берген жөн секілді. 

Қысқаша тоқталып өтсек осы. Басқа да кем-кетіктерін зерделі көрермен өздері де байқай жатар. Бірақ, қалай болғанда да, қазақ киносында ауыз толтырып айтарлықтай алға жылжу бар секілді.

Сериалдың атына, саундтрегіне, музыкалық әрлеуіне де тоқталып өткіміз келіп отыр. Себебі, бәрі де дерлік көңілге қонған, сәтті қойылған туындылар болды. Мақпал Жұмабайдың «Қара жәшік» әні бұған дейін де көпшілікке таңсық емес еді. Бұл жолы бір сериалдың жүгін көтеріп берді. Сонымен қатар, автордың «Көзіңнен жас шығады», «Қарсылық», «Жалғызым» атты мақамды жырлары да шырқалады. Өте үйлесімді, әсерлі әндердің сәтті таңдалғанын айтып өткеніміз жөн шығар. Бұдан бөлек, Амина Есімжан орындаған фильмнің саундтрегі А.Сәндібайқызының сөзіне жазылған Ә.Тұрсынбековтің «Жалғыз жұлдыз» әні де әдемі шығыпты.

Сөзіміздің соңын Мақпалшердің сөзімен түйіндесек, «Көзіңнен жас шыққаны – тірі екендігіңді білдіреді. Көзіңнің жасы – өміріңнің куәсі. Өйткені, көзіңнен жас сарқылғанда ғана – кеудеңнен жаның шығады».

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер
Қатыгез қоғам - құлдық сана: «1286» сериалы көрерменге не айтқысы келеді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу