Жан алғыш «нәзік жандылар»

Oinet.kz 01-03-2024 955

Біз түрлі қылмыстар, айуандықтар, тіпті, қаталдықтар туралы сөз қозғаған кезде көз алдымызға ер адамдарды елестетеміз. Ал әйелдерді аяулы жар, ардақты ана, ошақ иесі ретінде, теріс бағытынан жезөкше рөлінде ғана көре алатынбыз. Дегенмен сол нәзік жанды, үлбіреп тұрған ханымдардың арасында да ер адамға бергісіз білімді, стратегиялық жоспары мінсіз, мейірімсіздігі қара тастан қатты, оның бір өзі жасаған қылмысын бірнеше адам жасай алмайтын да әйелдер кездеседі. Бүгін сондай екі атақты жауыз әйелдерге тоқталып өтпекпіз...

Screenshot_9.jpg

138 адам өлтірген жендет жесір немесе «Салтычиха»

Ресейде 1861 жылы басыбайлы шаруашылық толық құлағанға дейін, яғни Александар ІІ «Крепостнойларға еркіндік беру туралы» манифестке қол қойғанға дейін жер иелерінің арасында құлдарға түрлі қорлық көрсету, қатыгездік жасау үйреншікті әдет болатын. Дегенмен біз қозғағалы отырған жағдай тарихта садизмнің ең қорқынышты оқиғаларының бірі болып саналады. Бұған дейін өзінің 138 крепостнигін аяусыз өлтірген әйел туралы естіген де шығарсыз. Иә, біз есепсіз қылмыстарының «арқасында» тарихта қалған Салтычиха (Дарья Николаевна Салтықова) туралы сөз қозғамақпыз. 

Салтычиха – 1730 жылы Мәскеу түбіндегі Троицкое ауылында туған. Оның тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі Иванова болатын. Ол І Петрге жақын Дума қызметкерінің қызы еді. Тұрмысқа шыққаннан соң небәрі 26 жасында жесір қалған ол, бірнеше жылжымайтын мүліктің иесі болып шыға келеді. Мәскеудегі, Волгадағы 600-ге жуық крепостнойлар қызмет ететін үйлерге иелік етті. Күйеуі қайтыс болғанға дейін, Салтычиханың садистік әрекеттері бой көрсете қоймаған көрінеді. Ал, жесір қалғаннан кейін көп ұзамай Троицкийдегі иелігінде оның адам сенгісіз қатыгездіктері туралы түрлі қауесеттер тарай бастайды. Мәселен, дұрыс жуылмаған еден, дұрыс жайылмаған төсеніштер сынды болмашы себептер үшін қол астындағы құлдарын аяусыз ұрып-соға бастайды. Шаруа әйелдерін қолына ілінген затпен тоқпақтап, ерлерді қамшымен осамын деп өлтіріп те алып отырады. Құлдарды жазалауға себеп те жиі-жиі табылады. Салтычиханың да жазалау әдістері күннен-күнге адам сенгісіз әрекеттерге алып барады. Ыстық шаш бұйралағыштармен құлдардың құлағын күйдіріп, қайнаған сумен шайып, шаштарын күйдіріп, бастарын қабырғаға ұрып, аштықпен азаптап, қарасуықта оларды ағаштарға жалаңаш күйінде байлап тастайды.

Салтычиха құлдарын ғана емес, көңілдесін де аямаған. Ақын Федор Тютчевтің атасы – Николай Тютчев Салтықованы тастап, отбасын құрмақ болғанда, қатыгез әйел қол астындағы атбегісіне қолдан жасалған бомбаны тапсырып, Тютчев қалыңдығымен бірге тұрып жатқан үйді жарып жіберуді бұйырады. Алайда, атбегі аталған бұйрықты орындаудан қорқып, кісі өлімі орын алмай қалған. 

Салтычиханың жазым болған шаруалары үшін – полиция іс қозғауы тиіс болатын. Дегенмен, қылмыскер ізін жасыру үшін полицияларға мәрттік танытып, мұрттарын майлап отырады. Осылайша ресми деректерде 50 адам «аурудан қайтыс болып», 72 адам «хабар-ошарсыз жоғалып кетіп», 16 адам «сүйіктісіне қашып кеткен» болып шыға келеді. 

Егер екі крепостной қашып кетіп, таққа жаңа отырған патшайым Екатерина ІІ-нің алдына барып, қанішер қожайындары туралы бар ақиқаттарын айтып бермегенде, бұл жағдай әрі қарай да жалғаса берер еді. Айтпақшы, қанішер Салтықова қашқындардың бірі Ермолай Ивановтың әрекеті үшін оның үш әйелін азаптап үлгереді. XVIII ғасырда крепостнойлар помещиктерге жиі шағымдана бермеген болса керек. Оның үстіне дворяндар көп қылмысы үшін жазадан оңай құтылып отырды. Ал, крепостнойлар кез келген қылмысы үшін Сібірге айдалып кетеді. Дегенмен, Екатерина ІІ патшайымды өлтірілген шаруалардың саны таң қалдырады. Оның үстіне, ол құрмақ болған жаңа «ағартушылық қоғамда» мұндай қиянаттарға орын жоқ тұғын. Сол үшінде Салтычиха ең  алдымен үй қамаққа алынады. 1764 жылы оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, бір жылға жуық бұлтартпайтын айғақтарды жинап, 400 куәгерден жауап алынды. Салтықова өз кінәсін мойындамай қанша жалтарғанымен кінәсі дәлелденіп, бүкіл атағы мен абыройынан, дүние-мүлкінен айырылды. Кеудесіне «Азаптаушы және кісі өлтіруші» деген тақтайша іліп, алаңдағы бағанаға шынжырмен байлап, күллі жұртқа қарабет қылды. Ал, қалған 33 жыл өмірін қылмыскер түрмеде өткізеді. «Сүйектің түрмеде шіруі» осы болса керек...

Screenshot_8.jpg

«Жаңа Орлеандық Салтычиха»

Салтычиханың ізбасары Мария Дельфина ЛаЛори – 1787 жылы, 19 наурызда Жаңа Орлеанда дәулетті отбасында туған. Дельфина ерте есейеді. Себебі, ата-анасы оны небәрі 13 жасында испан офицері Рамон де Лопеса-и-Ангулоға тұрмысқа беріп жібереді. Алайда, 4 жылдан кейін ЛаЛоридің күйеуі аяқ астынан қаза болып, 17 жасында бір қызымен жесір қалады. Біраз уақыт өткен соң өрімдей жесір әйел Жаңа Орлеанға қайта оралады. 3 жылдан соң тағы да тұрмыс құрады. Бұл жолы оның күйеуі қоғамның белді мүшесі Жан Бланк болатын. Екінші некесіне Дельфина 3 бала сүйеді. Бланк құл сатумен айналысып, айтарлықтай дүние жиып алғандықтан, олардың отбасы дәулетті ғұмыр кешті. Дегенмен, 29 жасында Дельфина екінші күйеуінен де көз жазып қалады. Бірақ, бұл жолы Дельфина «дәулетті» жесір болатын. Оның кезекті жалғызбасты ғұмыры 7 жылға созылды. 7 жылдан соң үшінші рет шаңырақ көтерді. Бұл жолы оның таңдауы – өзінен 15 жас үлкен доктор Линард Луи Николас Дельфинаға түседі. Осы некесінде Дельфина Роял көшесіндегі («Royal street, 1140») атақты үйін сатып алады. 

ЛаЛори отбасы бұл үйде құлдарымен бірге тұрып жатты. Әуелде бәрі жақсы секілді көрінгенімен уақыт өте келе әлдебір шикіліктерің шеті шыға бастайды. Дельфина күйеуі Линардқа некелерін бұзбастан бөлек тұруды талап етеді. Линард аталған үйге күнделікті келіп-кетіп жүргенімен, олар бірге тұрмады. Бала кезінен дәулетті өмірге бойы үйренген Дельфина сол кездері Жаңа Орлеанның бүкіл зиялы қауымын үйіне шақырып, салтанатты кештер ұйымдастырып отырады. Дельфинаның аталған кештеріне шақырту алуды қоғамның «жоғары тап өкілдерінің» барлығы дерлік зор құрмет деп таныды. Себебі, олар үшін Дельфина ЛаЛори – тал бойында міні жоқ, білімді, тәрбиелі, жан-жақты, мәдениетті ханым болатын. Бәлкім бәрі де солай жалғаса берер ме еді... Сондай салтанатты кештердің бірінде Дельфинаның мінсіз образына көлеңке түсе бастады. Оның үйіне келген қонақтардың назары әбден жәбірленген, тоз-тозы шыққан, науқас қызметшілерге түспей қоймады.

Бұдан кейін тағы бір жайт Лалори ханымның қатігездігі туралы қауесеттердің әлқиссасы болды деуге болады. Дельфина бір қызметшісін үй аралап қуып жүріп, қамшымен сабап жазалайды. Әбден жәбірленген қызметші қыз балконға шығып кетіп, тірідей үй иесінің тозағына тап болғанша, өз өміріне өзі төрелік етуді шешіп, балконнан секіріп кетеді. Аталған оқиғаны абайсызда ЛаЛорилердің бір көршісі көріп қояды. Ал Дельфинаның сонша қаһарына мінуіне не себеп дейсіз ғой. Сондағысы марқұм қызметші қыз қожайының шатысқан шашын тараймын деп, жұлып, ауыртып алған екен. Бұл оқиғадан кейін Дельфинадан жауап алуға полиция қызметкерлері келгенімен, мәселе айыппұлмен ғана жабылады. Себебі, сот төрағасы Лалорилердің досы болатын. Одан бөлек құлдарының бәрін аукционда сатып жіберуді талап етеді, бірақ Дельфина қызметкерлерінің бәрін қайта өзі сатып алып, әдеттенген қорлығына қайта басады. Дегенмен, осы оқиғадан соң қала жұрты ЛаЛори ханымының қатыгездігін қызу талқыға салуды бастап кетті. 

Қала тұрғындары ЛаЛорилердің үйінде құлдар бір-бірлеп жоғала бастағанын байқайды. Ал, оларды ешкім іздеуге құлық танытатын емес. Бұдан кейін тұрғындар арасында Дельфинаның үйінің шатырында арнайы азаптау бөлмесі бар екен, жаза басқан құл сол бөлмеге кіріп, қайта қара көрсетпейді екен деген қауесет желдей есті. Бәлкім, күтпеген жерден ЛаЛорилердің үйінде өрт шықпағанда, бұл қауесттер сол қауесет күйінде қала берер ме еді... 

Апат орын алған күні қожайындары үйінде болмаған көрінеді. Біреулер өртті сөндіріп жатқанда, енді бірі үй ішінде ешкім жоқтығына көз жеткізу үшін үйге кірмек болады. Осы сәтте үй иелері келіп қалып, бөгде адамдарды үйіне кіргізгілері келмей, қасарысып бағады. Бұл жағдай көршілерінің күдігін тіптен қоюлата түседі. 

Өрт ауыздықталғаннан кейін өрт сөндірушілер асүйден қабырғаға шынжырмен байланып тұрған қара нәсілді қызметшісін тауып алады. Сөйтсе, өртті ұйымдастарған сол қызметші екен. Әбден үрейі ұшқан ол, көз жасына ерік бере отырып ешкімге зиянын тигізгісі келмегенін, тек азаптан құтылу үшін өзін өлтіруге тырысқанын айтады. Сонымен қоймай, қызметші өрт сөндіруге жиылған қауымды кірген адам қайтып шықпайтын шатырдағы азаптау бөлмесіне алып барады. 

Дегенмен өрт сөндірушілер мен көршілері куә болған Лалорилер үйіндегі азаптау бөлмесінің ақиқаты әлі толық ашылмай келеді. Бәзбіреулер шынжырмен байланған, әбден қорланып азапталған құлдар табылғанын айтса, енді бірі ол бөлмеде тек қаранәсілді құлдарды кескілеп медициналық эксперименттерге пайдаланғанын айтады. Сондай-ақ бөлмеден әртүрлі азаптау құралдары мен құлдарға арналған темір тікенді жағалар табылған. Қанды қылмыскердің күйеуі Линаридің бұл қорқынышты қойылымдарға қатысы бар-жоғы белгісіз. Бірақ, бәрін білгені, біле тұра жақ ашпағаны – сөзсіз факт. 

Тарихшылар ЛаЛорилердің үйіне, азаптау әдістеріне қатысты тараған сөздердің көбінің әсіре сілтеу екенін айтады. Шындығы, құжаттар бойынша соңғы 3 жылдың ішінде олардың отбасындағы 12 қызметші қаза тапқан. Және өлім себептері жазылмаған. 

ЛаЛорилердің үйінің құпиясы ашылған соң, жағасын ұстаған тұрғындар, ашуланып, үйді бастан-аяқ талқандамақ болады. Көп бөлігін талқандап та үлгереді. Әбден ашынған халықты тәртіп сақшылары әрең тарқатады. Дүрбелең арасында үй иесі Дельфина Францияға із суытады. Сол жақта болжам бойынша дүрбелең арасында алған жарақаты асқынып, 1842 жылы 7 желтоқсанда қайтыс болады. 

Осылайша Мария Дельфина ЛаЛори – «Жаңа Орлеандық Салтычиха» дейтін ныспыға ие болады. Тарихшылар айтқандай тараған қауесеттердің көбі әсіресілтеу болса, ол неге қашты? Жарасы жеңіл қылмыс болса, алдыңғыдай айыппұл төлеп, құлдарын сатып, жазадан қайта құтылып кетуіне болар еді ғой. Демек, қала тұрғындарын аяғынан тік тұрғызатындай сорақы әрекеттердің болғаны рас шығар. Сіз қалай ойлайсыз? 

Сезім Мергенбай

“Мәңгілік бала бейне” 10 жылдан соң сахнаға қайта оралды
Фильм арқауы – шекарасыз махаббат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу