Түркістан газбен 100 пайыз қамтылады

Oinet.kz 20-05-2020

Screenshot_2.png

Түркістан қаласында «көгілдір отын» мәселесі биыл толығымен шешімін табады. Қала жыл соңына дейін 100 пайыз газбен қамтылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Түркістан қаласы Отырар мөлтек ауданында көп балалы ана мен тұрмысы төмен екі отбасыға көмек ретінде көгілдір отын толығымен тегін өткізілді. Игі істі Қасиетті Рамазан айында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «КазТрансГаз» АҚ-ы жүзеге асырды. Ортақ газ құбыры үйлеріне келіп тұрса да, қаржы қол байлау болған олар бірер уақыттан бері газға қосыла алмай келген.

Жалпы, шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында облыс, қала әкімдіктері газ таратушы мекемелерімен бірлесіп тұрғындарға табиғи газ жүйесіне қосылу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оған қоса, қатты отын пайдаланатын барлық моншалар, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды газдандыру көзделіп отыр.Бұл бағытта да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде әлеуметтік және кәсіпкерлік 9 нысан табиғи газға ауыстырылған.

Облыс орталығын газдандыру мәселесі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін Түркістан қаласын 100 пайыз газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде қала тұрғындарының 41% табиғи газбен қамтылған.


Түркістанда шығыс моншасы пайдалануға берілді
Мақтааралда жаңа үйлердің құрылысы басталады

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×