Ордабасыда мақта түсімі молаюда

Oinet.kz 19-07-2022 173

Screenshot_4.png

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына үлкен басымдық берді. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр.

Ордабасы ауданы экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Ежелден жерді тиімді игеруді меңгерген Ордабасы ауданы еңбек өнімділігі жөнінен де алда келеді.

Аграрлық салада орасан орны бар мақта шаруашылығы еліміздің оңтүстік өңірінде жақсы дамыған. Оның себебі де жоқ емес, бұл аймақтың ауа райы егістікке қолайлы. Мақтаның қажетті шикізат екені белгілі. Әсіресе мақта шитінің маңызы зор. 

Ордабасы ауданында мақта шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауданға қарасты Төрткүл ауылындағы «Нұр-Агро 73» ЖШС-нің мақта өңдеу зауыты өз жұмысын 2016 жылы бастаған. Нысанның инвестициялық құны – 255 млн. теңге.  Өндіріс орнында 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның 230-ы жергілікті тұрғындар. 

14 өндірістік құрылғыда жылына 30 мың тонна мақта өңделеді. Облыс көлемінде Мақтарал, Шардара, Ордабасы аудандарынан мақта қабылданады. Төрткүлде дайындалған мақта талшықтары бүгінде Чехияға, Белорусия мен Молдоваға экспортталуда. Мұнан өзге Шымкенттегі «Меланж текстиль» фабрикасына жөнелтіледі. Сонымен қатар ақ алтын өнімдері Чехия, Белоруссия мен Молдова елдеріне экспортталуда.

Таяуда аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің  басшысы Әбілда Әлібек пен  Жеңіс ауылдық округінің әкімі Марат Туреев Жеңістегі шаруа қожалықтарды аралап,  агросектордағы өндірістің жай-күйімен танысты. 

«Мирас» шаруа қожалығының мақта алабында болып,  мақта қауызының уақытылы суарылу жайын көріп қайтты.

Қазіргі таңда аудан көлемінде 68 094 гектар жерге егістік  орналастырылса, оның 7122 гектарына мақта дақылы егілді. Орташа түсім 31,5 цн/га құрап,  сатылымдағы өзіндік бағасы 600 тг болады деп жоспарлануда. Жалпы, баға мәселесі – аудан әкімдерінің жіті бақылауында. Бұл орайда қабылдау пункттері мен диқандар қауымымен жиі кездесу өткізіліп, түсіндіру ж­ұмыс­тары жүргізілуде.

Ал, Жеңіс ауыл округі бойынша 3 736 гектар аумақ толық игерілген. Аталған аумақтың 890 гектарына мақта дақылын егу  жоспарланса, қазіргі таңда 908 гектарына  егіліп, 108 пайызды құрап отыр. 

«Көктем айы басталысымен шаруаларда тыным жоқ. Біздің мақсат шаруаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау таныту. Сондай-ақ, жыл сайын жерді тиімді игеру, ауыспалы егістікті қолдау арқылы жерді тозып кетпеуден сақтап, еккен дәннен мол өнім алу. Заман талабына сай алынған техникалардың арқасында көктемгі жер жырту, тегістеу, себу және күзгі жиын-терін жұмыстарын межесінен бұрын аяқтауға мол мүмкіндігіміз бар», - деді салалық бөлім басшысы Әбілда Әлібек.

Жаңа технологияларды қолданудың арқасында ауданда өнімділік жыл сайын артып келеді. Алқаптағы мақтаны John Deere комбайндарымен теруде. Нәтижесінде, шаруалар жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.Айта кетерлігі, Түркістан облысында биыл мақта терімі науқаны өнімді техникамен жинауға басымдық берілуімен де ерекшеленуде. Жалпы, өңірде ақ алтынның 83 пайызы комбайнмен жиналып отыр.

Жеңісте үй шаруашылығымен айналысатын шаруалардың қатары артып келеді
Кітап оқыған балаға қозы беріліп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу