Сауранда 3 жаңа мектеп ашылды

Oinet.kz 31-08-2022 253

Screenshot_44.png

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», деген Мемлекет басшысы мектеп құрылысына мемлекеттік бюджетпен бірге, жеке секторды да тарту керектігін айтқан болатын.Сонымен қатар толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көшу керек екенін атап өтті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа оқу жылының қарсаңында Сауран ауданында  заманауи үлгідегі үш жаңа мектеп пайдалануға берілді.  Бүгін 400 оқушыға арналған "Жаңа Иқан" мектебі мен 400 орындық «Дарын KZ» мектебінің және 200 орындық «Дара бала» бастауыш мектеп балабақшасының ашылу салтанаты өтті.

Жаңа Иқандағы жаңа мектептердің физика, химия, информатика, биология кабинеттері соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған. «Жаңа Иқан» мектебіне 400-ге жуық оқушы қабылданып, 50- жуық ұстаз, 10 кіші қызметкер жұмыспен қамтылды.  Ал, «Дарын KZ» мектебінің алғашқы оқушылары болып 250-ден астам оқушы қабылданып, 40-қа жуық ұстаз бен 10 кіші қызметкер жұмысқа қабылданды.

Жаңа Иқандағы қос мектептің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ғани Құрмашұлы бұл екі ірі мектептен білімді де дарынды ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына сенім білдіретінін жеткізді.

«Жаңа ауданымызды дамыту үшін әр салада тынымсыз еңбек етіп келеміз. Білім саласында да игі істер атқарылып, аудан құрылғалы бері бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауданымыздағы көптеген мектептің атауы өзгеріп, ұлт зиялыларының, батырлар мен билердің есімі берілді. Жаңа Иқанда да қос бірдей үлкен мектеп ашылып, халықтың қуанышы еселене түсті. Жаңа мектептен елімізді жаңа деңгейге көтеретін білімді де ұлтжанды ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін»,- деді аудан әкімі.

Шорнақ ауылдық округінде ашылған «Дара бала» бастауыш мектеп балабақшасында қазақ, орыс сыныптары, ұзартылған күн тобы, сонымен қатар балаларды түрлі өнерге баулитын домбыра, шахмат, би, т.б үйірмелер бар. Болашақта  робототехника үйірмесін жетілдіру де жоспарлануда. Сондай-ақ балаларды тасымалдайтын арнайы көлік те қарастырылған.

Әрі мектеп әрі балабақша
Жолдауға қолдау білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу