Диханкөлдің жидектері сұранысқа ие

Oinet.kz 30-08-2022 162

Screenshot_7.png

Экономиканың маңызды саласы ретінде еліміз ауылшаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Оның ішінде бау-бақша шаруашылығының орны бөлек. Осы бағытта мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, қаржылай көмек беру де қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласы Төле би ауданында айтарлытай дамып келеді. Ауа-райының қолайлығы  шығар, шаруалар еңбегін жемісті етіп, биылғы жылы Төле би ауданы аумағында ауыл шаруашылығы саласында мол өнім алып отыр. Диханкөл ауылындағы бір ғана «Құдайбақ ата» өндірістік кооперативі 5,3 гектар аумаққа таңқурайдың «Поэмат», құлпынайдың «Вибрант», бүлдіргеннің  «Полар» түрін өсіріп, аудан аумағын аталған жидек түрлерімен толық қамтып отыр. 

 Жаздың ми қайнатар ыстығында тыңбай еңбек етіп, жидекті күтіп-баптауға 15 адам жұмылдырылып, көршілес аудандар және Шымкент қаласы   көлемінде тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етуде. 

2017 жылдан жерден ризығын теріп келе жатқан кәсіпкер  Жанғали Қайрат Асқарбекұлы жидектің аталған түрлері сұранысқа ие екенін сөз етті. Қазіргі кезде  бағбандар кооператив иелігіне егілген  жидектерді теру жұмыстарын жүргізуде. Учаскеде  жидектермен қатар, жеміс ағаштары да жайқалып тұр. 

«Біз негізінен құлпынай мен таңқурай, бүлдірген өсіреміз. Жидектерді кішкентай баладан үлкен азаматтарға дейін сүйіп жейді, ол  пайдалы әрі дәмді болғанына қарай бапты көп тілейтін кірпияз өсімдіктер. Сондықтан оны барынша күтіп-баптау керек. Таңғы самалмен бау-бақшаны аралап, өсу қарқынын бақылаймыз», дейді кәсібі жөнінде бағбандар. 

Дәмі тіл үйіретін жидектерге деген  тұтынушылар саны да күн санап артуда. Сондықтан,  өнімді алқап басынан алып кетушілер де толастамай отыр. 

Төле би ауданы таулы өңір болғандықтан таңқурай өсіруге өте қолайлы.Сондықтан алдағы жылдары мұнда таңқурай егістік көлемін ұлғайту қажет. Ең бастысы – білікті бағбандардың тәжірибесін жұртпен бөлісіп, таңқурай өсіремін деушілердің басын біріктірген жөн. 

Ауыл шаруашылығы өркендеген өңір
Бәйдібекте ішкі көшелер жөнделуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу