Тіліміз - барымыз да нарымыз!

Oinet.kz 05-09-2022 242

Screenshot_3.png

Халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрасы – қазақ тілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»,- деп атап өткен болатын. Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккен 30 жыл ішінде елімізде мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда Отырар ауданында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай  «Тіл ғұмыры - ұлт ғұмыры» атты мерекелік кеш өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, тұрғындарды қос мерекемен құттықтады.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Мемлекеттік тілдің болашағын назардан тыс қалдырмаған ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.»,- деп ерекше атап өтті.

 Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Қазақстан халықтарының тілдер күні» 5-қыркүйек болып жарияланды. Бұл қазақ тілі әліппесінің атасы, қазақ лингвистикасының негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл»,- деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл толып отыр. Қасиеті терең, құнары мол қазақ тілін өз мәнінде қолданып, жат тілге тәуелді болмай болашақ жас ұрпаққа жеткізу азаматтық парызымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын!»-дей келе аудандағы қазақ тілінің дамуына атсалысып жүрген бір топ азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. 

Ұлты басқа жүрегі бір, түрі басқа тілегі бір, демекші Шәмші әндерін ғана емес халқымыздың небір тамаша әндерін нақышына келтіре шырқайтын, ұлты болгар Геннадий Стоматов әннен шашу шашып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі
Халық әкімді жиі көретін болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу