Түркістан облысында 69 робототехника сыныптары жұмыс істейді

Oinet.kz 20-09-2022 245

Screenshot_4.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы жарқын болуы үшін келешек ұрпаққа осы бастан жіті көңіл бөлу керек екенін айтқан болатын-ды.  Осы орайда, жастарға, әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге барынша жағдай жасау қажеттігін ескерте отырып, биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.

Шындығында, келешек ұрпақтың көзі ашық, болашаққа деген үміті зор болуы үшін қазір жасалынды деп жар салып жүрген тірліктердің барлығы аз. Бірақ аз деп қана отырмай, келешек ұрпаққа ата-анадан бастап, тұтас мемлекетіміздің жағдай жасауы маңызды. Ең бірінші, мемлекеттің қолдауы қажет, себебі елімізде оң-солын танып үлгермесе де, болмашы заттан ойыншық құрастыра алатын дарынды балалардың саны күн санап көбейіп келеді. Ал осындай дарынды балаларға елімізде қандай қолдау жасалынып жатыр дегенге келсек, Қазақстанның арнайы білім беретін мектептерінде робототехника кабинеттерінің үш мыңға жуығы ашылды. Оның ішінде, балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында барлық кабинеттер арнайы көрнекі құралдар мен компьютерлік қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ оқушыларға робототехника қосымша пән ретінде енгізілді. Ал мұғалімдері робототехника бойынша арнайы пәнді игерді.

Түркістан облысында да робототехника сыныптары жүйелі жұмыс атқаруда. Облыста 9 ІТ мектеп, 70 ІТ сынып және 69 робототехника сыныптары жұмыс істейді. Балаларды жаңа техника, робот жасауға қызығушылығын арттыру мақсатында өңірде түрлі іс-шаралар өтуде. Атап айтсақ:

 «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның ұйымдастыруымен зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату, жалпы орта білім беру ұйымдары оқушыларының ғылымға, робототехниканы оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында «Наурыз кездесулері» байқауы аясында республикалық «Титандар шайқасы» байқауы өткізілген болатын. Аталған байқауға 7 аудан, қалалардан (Кентау, Түркістан, Отырар, Бәйдібек, Созақ, Ордабасы, Сауран) (8 мектеп арасынан) 8 жетекші, 8-10 сыныптар арасынан 16 оқушы қатысты.

Байқау ережесіне сәйкес командалар 8 топқа бөлініп, әр топта 1 жетекшімен 2 оқушыдан бақ сынасты. Байқаудың жеңімпаздары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымының арнайы мақтау қағаздарымен сертификатталды.

Сонымен қатар, Түркістан  облысының  адами әлеуетті дамыту басқармасы және Кентау қаласы Қазақ-неміс политехникалық колледжінің  ұйымдастыруымен 7-9 сынып оқушылары  арасында «Робототехника» облыстық  байқауы өткізілді.

Байқаудың мақсаты - Робототехникаға қызығушылық танытатын, зерттеу қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.  Байқауға 2 (екі) адамнан аспайтын команда және бір ғылыми жетекші қатысты.  Қатысушылардың бір оқушы роботты жинап, оны басқарады, ал  екінші оқушы  ноутбукпен программасын жасайды.  Байқау нәтижесі бойынша жалпы саны 16 аудан, 8 мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 52 оқушы қатысты. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері басқармаға бағынысты облыстық «Дарын» орталығының І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, мақтау қағаздарымен және Кентау қаласы «Қазақ-неміс политехникалық колледжіінің ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. 

2022 жыл - «Балалар жылы» аясында "КазРоботикс" федерациясы Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен "КазРобоСпорт-2022" чемпионатының облыстық кезеңі  Төлеби  ауданы "Балдаурен" сауықтыру орталығының базасында өткізілгенін де айта кетейік.  Байқау - ережеге сәйкес «Мини сумо», «Биатлон» және «Кегельринг" категориялар бойынша өткізілді. Байқаудың іріктеу кезеңіне облыстан 10 - 18 жас аралығындағы 60 оқушы  қатысты. ( командалар саны – 30, әр команда да 2 оқушыдан). Жеңімпаз командалар "КазРоботикс" Федерациясы Республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан дипломдармен марапатталды. 

Ереженің 3 категориясына сәйкес 8 оқушы I-орынды иеленді. І – орынды иеленген оқушыларға 2022 жылғы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін республикалық чемпионатқа қатысуға жолдама берілді.

Тірек мектептері жасақталмақ
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықпен күрес қоғамның міндеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу