Шымкент қаласында әскерге 30 жасты салтанатты жағдайда шығарып салды

Oinet.kz 04-10-2023 106

Шымкент қаласында жастарды күзгі әскерге шақыру жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың айтуынша, жастардың бүгінде азаматтық борышын өтеуге деген қызығушылығы жоғары. Шымкент қаласында осы күзде 900-ден астам азамат әскери қызметке шақыру көзделген. Бұған дейін Ұлттық Қарулы Күштер Шекара қызметі бөліміне әскерге шақырылушылардың бірінші командасы жіберіліпті. 

Screenshot_40.jpg

Жуырда Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу іс-шарасы өтті. Қалалық шақыру пунктінің саптық алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына команданы салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, әскери саланың ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, бауырлары қатысты.

Қала әкімінің бірінші орынбасары әскерге бару әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі. 

– Сапқа тұрып, сарбаз атану, қолға қару алып, әскери борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін зор абырой. Себебі, біздің батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осынау кең байтақ даламызды қорғап, бүгінгі ұрпаққа, бізге аманат етіп қалдырған. Бабалар аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Жылдан жылға Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты артып, әскери дайындық деңгейі жоғарылап келеді. Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Біз Сіздердің еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет ететін ержүрек жауынгер болатындарыңызға сенеміз. Олай болса, Сіздерге Ақ жол тілейміз! Әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман-есен оралыңыздар!, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Сондай-ақ, Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екенін атап өтті. 

Сонымен, күзгі шақыру бойынша Шымкент қаласынан ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне 30 сарбаз аттанды. 

Шымкент қаласында ардагерлер бас қосып жиын өткізді
Шымкент қаласындағы кәріз жүйелері жаңғыртылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу