Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы жылыту маусымына дайын

Oinet.kz 07-10-2023 126

Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының жылыту маусымына дайындық барысы тексерілді. Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбектің айтуынша, аудан аумағында көпқабатты 283 тұрғын үй бар. Оның 175 үй орталық жылу жүйесі арқылы жылу энергиясымен қамтылады. Ал, қалған 108 үйде автономды жылыту жүйесі орнатылған. 

Screenshot_51.jpg

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында құрылыс саласын, әсіресе елдімекендерді инженерлік-инфрақұрылыммен қамту мәселесіне басымдық берген. Осының аясында ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жоспарланған 35 көпқабатты үй аулаларының 25-інде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биыл 7 спорт алаңшасы орнатылуда. Халықтың негізгі шоғырланған аумақтары инфрақұрылыммен қамтылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамту 97 пайызға жетпек. Қарабастау, Қаратөбе, Тоғыс, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарының жаңақұрылыс аумақтарында, жалпы 6 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,7 пайызды құрамақ және ауданда 73 көше жқндеуден өткізілетін болады, - дейді Досбол Есілбек. 

Оның айтуынша, ауданда 29 елдімекен, 283 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Халық саны 228 830 адам. Жалпы қаладағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тиянақты түрде жүргізу мақсатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары бекіткен  іс-шара жоспары қабылданған. Онда жылу маусымына дайындық бағытында Еңбекші аудан әкімі аппараты мен «Қуатжылу орталық-3» кәсіпорнының бірлесе отырып атқаратын жұмыстары белгіленген. Іс-шара жоспарына сәйкес аудандағы орталық жылу жүйесіне қосылған көп қабатты 175 тұрғын үйдің жылу жүйелерін сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандар еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тұрғын үйдің ішкі жылу жүйесіне техникалық қызмет көрсету мен күтіп ұстау меншік иелерінің, яғни, тұрғындардың міндетіне жатады. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, аталған 175 тұрғын үйдің 64-і қызмет көрсетуші компаниялармен келісім-шарт жасаған.  Ал, 111 үй сығымдау жұмыстарын өз күштерімен жүргізеді.  

Бүгінгі күнге дейін 165 үй сығымдау жұмыстары атқарылған, бұл 94 пайызды құрайды. Қалған көп қабатты 10 тұрғын үйде жұмыс жүруде.

Сонымен қатар Еңбекші ауданы әкімі аппаратының мамандары тарапынан аудан аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, қосымша 7 көпқабатты тұрғын үй сервистік мекемелермен келісім-шартқа тұрған. Атап өтерлігі, аудан аумағында көп қабатты тұрғын үйлердің инженерлік жүйелерін күтіп ұстау қызметімен айналысатын 7 сервистік мекеме бар. 

Шымкент қаласында халықаралық білім көрмесі өтті
Шымкент қаласында 500 зейнеткерге әлеуметтік қызмет көрсетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу