Шымкент қаласында кәсіпкерлер қала әкімімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады

Oinet.kz 09-10-2023 127

Шымкент қаласында кәсіпкерліктің дамуына бар жағдай жасалуда. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековте шаһардағы кәсіпкерлердің басын қосып, саладағы өзекті мәселелерді бірлесе отырып талқылады. Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда шаһарда шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 130 мыңнан асып жығылады екен. Олар 214 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал өндірілген өнім көлемі 517,8 миллиард теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайыздан асқан. 

Screenshot_56.jpg

Жалпы жиын барысында шаһар басшысы еліміздегі үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы, инвестициялық ахуал және бірқатар мәселеге тоқталған болатын.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін беру қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда елде кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Яғни, біз өз тарапымыздан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар ықпалымызды саламыз. Ал кәсіпкерлер бұл бағытта өз міндеттерін әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып атқаруы қажет. Алайда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында кәсіпкерлер арасындағы сот дауларының салдарынан бірқатар әлеуметтік жобамыз, атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымдар, ауруханалар, мәдениет нысандары, әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде іске асырылмауда. Осындай күрделі даулардың әсерінен қарапайым халық зардап шегіп отыр, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала басшысы:

«Халықпен тікелей байланыс орнату барысында 9 әлеуметтік көпқабатты тұрғын үйдің пайдалануға тапсыру мерзімі кешігіп отырғанын және тұрғындар тарапынан ел игілігіне берілген баспананың құрылыс сапасына шағымы көп екенін аңғардым. Яғни, қордаланған мәселе өте көп. Бұл мәселелерді шешу және кәсіпкер ісінің алға басуына кедергі келтіретін жайттарды жою барысын осындай жиында ашық айтып, талқылау үшін мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруымыз қажет», — деді Ғабит Сыздықбеков.

Кездесу барысында қала әкімі кәсіпкерлерді қала экономикасын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, отандық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. 

Шымкент қаласында шаһар басшысы Тұран ауданының тұрғындарымен жүздесті
Шымкент қаласында қызылшаға қарсы вакцина салу жұмыстары басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу