Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы форум өтті

Oinet.kz 12-10-2023 178

Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар тұрақты қалалық ішкі саясат және полиция департаменті тарапынан тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жақында Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы отбасылық құндылықтардың маңыздылығы, қоғамның түрлі саласындағы әйелдер рөлі» – атты аудандық форум өтті. Форумға Қаратау ауданына қарасты білім, денсаулық, мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары, қоғам белсенділері қатысты.

Screenshot_66.jpg

Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосованың айтуынша, бұл форум аудан аумағындағы іскер әйелдердің қатысуымен дәстүрлі түрде өткізіліп келеді екен. Оған қоғамдық ұйымдар мен пария өкілдері қатысып, өз белсенділіктерін танытуда. 

Аталған Форум спикерлері «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Жанар Бектаева, белгілі  ақын Ханбибі Есенқарақызы, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, Шымкент қаласы бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева баяндама оқып, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы әйелдер мен балалардың жағдайы кеңінен талқыланды.

– Қазіргі уақытта заңға біршама өзгерістер енгізіліп, әйел мен балаларды қорғай алатын дәрежеде деп ойлаймын. Әйелдермен жұмыс істеу барысында өзім де талай оқиғаға куә болып жүрмін. Киімсіз, құжатсыз баласын құшақтап үйлерінен қашып кететін әйелдер бар. Қазіргі заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы орын алған жағдайда ер адамды яғни агрессорды шығарып, әйел балаларымен үйде қалуға құқылы. Қиын жағдайға түскен әйелдерге дағдарыс орталықтары бар. Бірақ мұндай мәселенің салдарымен емес себебімен күресуіміз маңызды. Сондықтан әр аумақтың әкімдігінде отбасы және жастар басқармасы ашылуы керек деп ойлаймын. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынастың негізінде мәселе өршімей тұрып, алдын алуға болады. Бүгін форумда осындай ұсынысымызды да жеткізіп отырмыз, – деді қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова.

Аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов форум спикерлері мен қатысушылар тарапынан айтылған пікірлер мен ұсыныстар аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді. Форумның соңы аудандық білім беру мекемелерінің тәрбие саласындағы жауапты басшыларына арналған тренингпен жалғасып, қатысушыларға сертификат табысталды.

Шымкентте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлермен кеңесті
Шымкент қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысы қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу