Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, оларға қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идиологиясын терең орнықтыру қажеттігі жан-жақты айтылды.
Балалардың құқығын қорғау мен зорлық-зомбылыққа жол бермеу бұрынғысынша басты орында. Президент тапсырмасымен елімізде балаларды әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғау бағытында бірқатар заңнамалық реформалар жүзеге асуда.
Келес ауданы әкімінің орынбасары, аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Даурен Сариевтің айтуынша, «Келес ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия» отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланған.
- Біз комиссия отырысына құқық бойынша барлық тақырыптарды талқылап, қарадық. Комиссия отырысына қатысқан аудандық полиция бөлімі, аудандық кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтары қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, Келес ауданының білім бөлімінің қызметкерлері өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ашық айтты.
Бүгінгі таңда балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Дегенмен, осыған қарамастан балалардың зардап шегу деректері азаймай отыр. Бұл ретте, жауапты мемлекеттік органдар өз міндетіне салғырт қарауы және білікті мамандардың жетіспеу мәселесі де бар. Себебі, соңғы жылдары облыста балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен және оларға жасалған қылмыстардың көрінісі азаймауда. Бұған қоса, ювеналды инспекторлардың жетіспеуі де мәселені күрделендіріп отыр. Бүгінгі күнге білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы қатерді анықтап, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлағаны үшін рейтінгтік көрсеткіштің оң бағалау тәжірибесі енгізілді, - дейді Даурен Сариев.
Талдау көрсеткендей, әлі де болса мектеп әкімшілігінің оқыс оқиғаларды жасыру фактілері бар. «Өкініштісі, оқушы өзінің қиын жағдайы туралы «қызыл» белгі берсе де, жауаптылардың тиісті шара қабылдамауы орын алуда. Бұған мысал Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқушы сауалнамада «өзінің өмірге қызығушылығы жоқ екендігін және түңілгендігін» көрсеткен. Алайда, мамандар бұл мәселеге назар аудармаған. Бұл ретте, тиісті мамандардың жауапсыздығы – болашақ ұрпақ тағдырына жасалған қылмыс ретінде бағалануы тиіс. Білім басқармасы, оқушылармен тығыз жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуі қажет», - дейді комиссия төрағасы.