Ғалымжан Елшібай: Облыстық мәслихатта бірлік бар
Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарының біліктілігін көтеру жөніндегі тапсырмасы аясында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатысуымен «Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты ауқымды семинар өтті.
Семинарға Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев және облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ауыл әкімдері, мәслихат төрағалары, сондай-ақ облыстық ішкі саясат және жастар орталықтарының жетекшілері қатысты.
Маңызды жиынды "Егемен Қазақстан" газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Ғалымжан Қамытбекұлы семинардың мән-маңызына тоқталып, облыстық мәслихат депутаттарының қашанда бірлігімен, тиянақты тірлігімен елдік мәселе шешуде өздерінің ұстанымын білдіре отырып, еселі еңбек етіп келе жатқанын тілге тиек етті. «Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Түркістан облыстық мәслихатындағы 4 ерекшелікті атап өткім келеді. Біріншісі, облыстық мәслихатта бірлік бар, ондағы 4 партияның өкілі қандай да бір бастамалар қолға алынса бірлесіп, жұмылып іске кіріседі. Екіншісі, мінез бар. Ұлтқа қызмет мінезден дегендей, мәслихат депутаттары қажет тұста мінез көрсетіп, өткір сұрақ, өткір мінез танытып келеді, тағы бір ерекшелігі еркіндік, онда пікір еркіндігі қалыптасқан. Одан соң, депутаттарға сабырлық тән. Бюджет қаржысы барлығына жете бермейді. Көкейтесті мәселені бірден шешіп тастау мүмкін емес. Соған қарамастан бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерге қолдау білдіріп, үнемі ауызбіршілік көрсетіп келеді», -деді Ғалымжан Елшібай.