«Заң мен Тәртіп – мемлекеттің кепілі»
Түркістан облысында «Заң мен Тәртіп – мемлекеттің кепілі» атты ауқымды форум өтті. Іс-шараға облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысының әкімі, құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес құрылымдардың мүшелері қатысты. Бұл туралы Түркістан облыстық прокуратурасы хабарлады.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ тұрғындардың құқықтық санасын арттыру арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
Форум барысында облыс прокуроры өңірде прокуратура мен құқық қорғау органдарының бірлесе отырып қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою және қылмыстың алдын алу бағытында атқарып жатқан жүйелі жұмыстарын баяндады. Соңғы жылдары бұл салада нақты нәтижелерге қол жеткізіліп отыр. Атап айтқанда, прокуратураның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Бұзушылыққа тоқтам» жобасы аясында тұрғындардан 240-тан астам құқық бұзушылық туралы хабарлама түскен. Оның ішінде 175 дерек расталып, тиісті процессуалдық шешімдер қабылданған. Бұл – азаматтардың заңдылық пен тәртіпке деген сенімі артып келе жатқанын білдіреді.
Облыс прокуроры өз сөзінде еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, осы құндылықтардың арқасында қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілік сақталып отыр. Бүгінде Түркістан облысындағы 62 көпұлтты елді мекеннің әлеуметтік төлқұжаттары әзірленіп, олардың негізінде тұрғындарды алаңдатқан 400-ге жуық мәселе анықталған. Қазіргі таңда сол түйткілдердің 250-ден астамы өз шешімін тауып, әлеуметтік ахуалды жақсартуға үлес қосуда.
Сондай-ақ, Түркістан өңірінің рухани астана мәртебесіне ие болуына байланысты халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Соның нәтижесінде бүгінде облыста алкоголь өнімінен өз еркімен бас тартқан ауылдардың саны 70-тен асып отыр. Бұл көрсеткіш – тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігінің артуын және қоғамдағы оң өзгерістерді аңғартады.
Жалпы, құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдік бірлесіп 3000-нан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырған. Бұл іс-шаралар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған. Мұның барлығы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» апталығын өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.
Форум соңында қатысушылар құқықтық мемлекет құру жолында заң үстемдігін нығайту, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында ынтымақтаса әрекет етуге келісті. Түркістан облысында бастау алған бұл бастама елдің басқа өңірлеріне де үлгі болары сөзсіз.