Шымкенттік театрлар ұлттың рухани құндылықтарын насихаттауда
Қазақ халқының рухани құндылықтарын дамытуға мейлінше үлес қосып жүрген өнер саласының бірі – театр. Бұл ретте Шымкент – еліміздегі театр өнері барынша дамыған орталықтардың бірі екенін атап өткен абзал. Жылда өтетін «Театр көктемі» фестивалі аясында қаланың тұрғындары мен қонақтары отандық және әлемдік драматургияның жауһар туындыларын тамашалай алады.
Статистикалық мәліметтерге сенсек, қазіргі таңда елімізде 65 театр жұмыс істейді екен. Олардың 50-ден астамы мемлекеттік, қалғандары жекеменшік ұжымдар. Жыл сайын театр сахналарында түрлі жанрлардағы 12 мыңнан астам спектакль қойылады. Міне, шымкенттік театрлардың ұлттық өнер саласына қосып отырған үлесі орасан десек артық айтпаған болар едік. Себебі, Шымшаһарда театр өнерінің түрлі бағыттары дамыған. Айталық, еліміздің үшінші мегаполисінде қазақ және орыс сазды драма театрларымен қатар опера және балет театры, қуыршақ театры, әзіл-сықақ және сатира театры да жұмыс істейді. Және де әр ұжым жыл сайын көрермендеріне қайталанбас бағдарламаларды ұсынуға барын салып келеді. Шымкенттік театр труппалары тек елімізде емес, шетелдерге де гастрольдік сапармен жиі шығады.
Қазіргі кезең – театр маусымын қорытындылайтын шақ. Осы тұрғыда Шымқала театрларының биылғы маусымда атқарған жұмыстарына тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз.
Жуырда Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры театр маусымын қорытындылады. Бұл маусымның жабылуында көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы сахналанды.
Осы қойылым театр маусымын қорытындылаған айтулы премьераға айналды. Қойылым үш күн қатарынан аншлагпен өтті. Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген спектакль жас маман Ұлан Болатбектің режиссерлігімен сахналанды. Театр ұжымы көркемдік мазмұны мен режиссерлік шешімі жоғары деңгейде орындалған туындыны ұсыну арқылы қазақ әдебиеті мен тарихына терең үңілудің жаңа тәсілін көрсетті.
Қойылымға қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл қойылым көптің көңілінен шықты. «Шынын айтқанда бүгін театрда сахыналанған қойылым екі жастың сезімі туралы ғана емес. Ол – ұлттың жоғалған үміті, ұмыт қалған шындығы, жаншылған тарихы туралы сыр ақтарды. Көренкті жазушы Сәбит Мұқановтың бұл шығармасы ұлт жадына жасалған көркем еске салу ретінде сахнада жаңаша форматта қойылды. «Мөлдір махаббат» арқылы көрермен махаббаттың ғана емес, ардың, тазалықтың, рухтың қандай қымбат екенін қайта сезінді. Ал, сахнадағы соңғы көрініс – Бүркіт пен Бәтестің қосыла алмай кеткен, бірақ сезімдерінің кір шалмаған тазалығы – көрермен көңілінде үнсіз сұрақ, сағыныш пен сыздаған естелік болып қалды… Осылайша, көркемдік деңгейі жоғары бұл қойылыммен театр ұжымы биылғы шығармашылық маусымды жақсы, табысты қорытындылады», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Ал енді қойылымға келер болсақ, «Мөлдір махаббат» қойылымы – тек әдеби шығарманың сахналық үлгісі емес, тарихи тағдыр мен адами құндылықтың, шындық пен зұлымдықтың, махаббат пен әділетсіздіктің қатар өрілген шынайы бейнесі. Басты кейіпкерлер Бүркіт пен Бәтестің арасындағы адал махаббат кеңестік жүйенің қатігез заңдарымен қақтығысады. Бүркіттің төрт күндік соты сахна төрінде өтіп жатқанда, залда отырған көрермен санасында емес, жүрегінде бағамдаған үкімді тыңдайды. Бұл – тек көркем сахналық көрініс емес, тарих алдында үнсіз қалған шындықтың жаңғырығы.
Сахнаның көркемдік шешімі де әсерлі таңдалған. Қойылым барысында сахнада тігілген киіз үйдің біртіндеп құлауы бір дәуірдің күйреуі мен рухани күйзелісті білдіретіндей. Бұл – жай декорация ғана емес, көркемдік астары терең режиссерлік шешім. Жарық, музыка, актерлік ойын мен сценарий – барлығы біртұтас, жұп-жұмыр. Музыкалық сүйемелдеу де спектакльдің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Жанды дауыстағы музыка, сахна алдында тікелей орындалған әуендер көрерменге актердің эмоциясынан бөлек, ішкі әлемін де түсінуге мүмкіндік берді. Әрбір үн, әрбір пауза, әрбір үнсіз сәт – сахнадағы драманы тереңдете түсті.
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры да өзінің XVII театр маусымын қорытындылады. Театрдағы әдебиет бөлімінің меңгерушісі Алия Жарылқасынқызының айтуынша, қалалық әзіл-сықақ және сатира театры XVII театр маусымның жабылуына орай театр сахнасында ағылшын драматургі Рей Кунидің әйгілі «Әзәзіл ақша» комедиясы қойылды. «Қойылым көрермендерді күлкіге қарық қылып, шым-шытырық оқиғамен ерекше әсер қалдырды. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры бұл туындыны кәсіби деңгейде сахналап, шынайы комедиялық шеберлікпен көрерменге ұсынды. Ең бастысы көрермен театрдың осы маусымында тамаша қойылымдарды тамашалай алды. Әр қойылым көрермен көңілінен шығып, театр әртістерінің шеберлігін арттыра түсті. XVII маусым осылайша сәтті қорытындыланды. Ал, театр ұжымы өз көрерменін жаңа маусымда одан да жарқын қойылымдармен қуантады деген сенім зор», - дейді ол.
Жалпы бұл қойылым театрдың көркемдік жетекшісі Берік Ербатшаның режиссерлігімен сахналанды. Оның режиссерлік шешімі оқиғаның өрбу динамикасын сақтап, көрермен назарын бір сәтке де әлсіретпей, ширақ ойын өрнегін көрсете білді.
– Шетел драматургиясының рухы мен астарлы ойын жеткізу оңай емес. Біріншіден, оларда талқыланатын тақырыптар басқа, себебі олардың өмір сүру салты мен мәдениеті бізден бөлек. Сондықтан мен қойылымды өз менталитетімізге барынша жақындатуға тырыстым. Қойылымда басты рөлдерде театрдың жетекші әртістері – Рауан Бейсенұлы, Айнұр Жадранова, Сымбат Ахметова және Нәзира Аптеева ойнады. Қойылым сахнадағы актерлердің үздіксіз қозғалысы мен жарқын декорациялар арқылы көрерменді бірден баурап алады. Ол байлықтың да, қиындықтың да уақытша екенін шебер жеткізеді, - дейді режиссер Берік Ербатша.
Оқиға желісі аяқ астынан қолға түскен бір сөмке ақша мен оны иеленуге таласқан кейіпкерлердің шырғалаң өмірін сипаттайды. Комедияға тән элементтер мен күтпеген бұрылыстар көрерменді біресе күлдіріп, біресе толқытты. Әр кейіпкердің әрекеті мен шешімдері адам табиғаты мен қоғамдағы түрлі типтерді астарлы түрде бейнелейді.
Сахнадағы шиеленіс бір сәтте-ақ шынайы күлкі мен қуанышқа ұласып, көрермен залы шаттыққа бөленді. Қойылым соңында зал ұзақ уақыт бойы қол соғып, шығармашылық ұжымға қошемет көрсетті. Бұл – театр өнерінің көрермен жүрегіне жол тапқанының айғағы.
Шымкент шаһарының театрлары халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған жұмысын алдағы уақытта жалғастыра бермек. Болашақта ел тарихын, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көпшілік арасында насихаттауға арналған талай театрлық қойылымдар мен спектакльдер жоспарланып отыр. Қазақ халқының болмысын паш ететін сахналық көріністерді көрермен қауым асыға күтеді.