Бадам тас жолында жол ережесін бұзу фактілері дрон көмегімен анықталды
Шымкент қаласы Әкімшілік полиция басқармасының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері «Қауіпті жүргізуші» және «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын белсенді жүргізіп отыр.

Аталған іс-шаралар қаланың ірі тас жолдарында жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтауын бақылауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға бағытталған.
Жоспарлы рейд барысында Бадам тас жолында қызмет атқару кезінде полиция қызметкерлері дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережесін бұзған автокөліктерді анықтады. Атап айтқанда, бірнеше автокөлік қарама-қарсы бағытқа шығып, жол қозғалысына қауіп төндіргені тіркелді. Анықталған құқықбұзушылық фактілері бойынша жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Мамандардың айтуынша, дрондар арқылы жүргізілетін бақылау жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, апатты жағдайлардың алдын алуға және құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда анықталған құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда.
Шымкент қаласы полициясы тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің және жаяу жүргіншінің жауапкершілігінде.
Шымкент қаласы полициясы жол қозғалысы ережелерін бұзу жолында ешқандай шектеу болмайтынын еске салып, жүргізушілерді келесі талаптарды қатаң сақтау қажеттігіне шақырады:
• Қарама-қарсы бағытқа шығуға болмайды;
• Жылдамдық режимін сақтау міндетті;
• Жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлікке жол беру;
• Қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу.
Аталған жедел-профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, қаладағы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, апатты жағдайлардың алдын алуға және жүргізушілердің жол мәдениетін көтеруге бағытталатын болады.


