Шымкентте Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтуде

Oinet.kz 05-07-2026

Қазақ үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – ұлттың жады, тарихы мен тағдырының, қуанышы мен мұңының үнін жеткізген киелі мұра. 

40137.jpg

Осы рухани құндылықты дәріптеуге арналған Ұлттық домбыра күні Шымкентте биыл да кең көлемде аталып өтті.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің Этноауыл аумағында өткен «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Ұлттық мереке биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығымен сабақтастырылып, мазмұны жағынан да, ауқымы жағынан да ерекшеленді.

Мерекеге келген жұрт кітап көрмелерін аралап, қолөнер шеберлерінің жұмыстарын тамашалады. Әсіресе домбыра жасау шеберлерінің шеберлік сағаттары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Шеберлер ұлттық аспаптың жасалу жолдарын көрсетіп, ағаш таңдау мен үн шығару құпиялары жөнінде әңгімеледі.

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, Ұлттық домбыра күні жыл сайын жаңа мазмұнмен толықтырылып келеді.

– Ұлттық домбыра күні бекітілгелі бері ұлттық аспабымызды насихаттау жұмыстары қарқын алды. Жыл сайын мерекенің ауқымы кеңейіп келеді. Биыл біз оны 1-шілде күнгі жаңа Конституцияның қабыдануымен байланыстырып ұйымдастырып отырмыз. Этноауылда «Қаратау» фольклорлық ансамблінің қатысуымен мерекелік бағдарлама өтсе, «Шымсити» саябағында Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетуде. Сонымен қатар домбыра шеберлерінің көрмелері мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, 100-ден астам оқушы күй орындап, өз өнерлерін паш етті, – деді ол.

Расында да, мерекенің көркін қызыл кілем үстінде күй орындаған жас домбырашылар аша түсті. Қаладағы домбыра үйірмелеріне қатысатын жүзден астам оқушы халық күйлерін орындап, тәжірибелі шеберлерден тағылым алды.

40149.jpg

Этноауылдағы тағы бір ерекше көрініс – домбыраны шебер орындайтын швециялық бойжеткен София Рова болды. Ол қазақтың күй өнеріне бес жыл бұрын ғашық болып, содан бері домбыраны интернет арқылы өз бетінше үйреніп келеді.

– Менің ойымша, қазақтың дәстүрлі музыкасы – әлемдегі ең әсерлі әрі жанды музыкалардың бірі. Алғаш естіген сәттен бастап оған ерекше қызығып, домбыраны үйрене бастадым. Бүгінде көптеген күйлерді өз бетімше меңгеріп жүрмін. Домбыра – менің өмірімдегі алғашқы ішекті аспап әрі шығармашылығымның ажырамас бөлігіне айналды, – дейді София.

40158.jpg

Мерекеде ұлттық аспап жасаудың қыр-сырын көпшілікке таныстырған шеберлердің бірі Дастан Шәметов соңғы жылдары домбыраға деген сұраныстың айтарлықтай артқанын айтты.

– Бұрын бұл істі ағам екеуміз шағын кәсіп ретінде бастаған едік. Қазір тапсырыс көбейді. Мемлекет тарапынан ұлттық өнерге қолдау көрсетіліп, Домбыра күні кең көлемде аталып өте бастағаннан бері жастардың қызығушылығы айқын өсті. Домбырамыз әлемге танылып, гитара мен скрипка секілді халықаралық деңгейдегі брендке айналса екен деген тілегіміз бар, – дейді шебер.

Мерекелік бағдарламаның сәнін «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Қаратау» фольклорлық ансамблі келтірді. Ашық аспан астында орындалған күйлер, халық әндері мен терме-толғаулар Этноауылдың ерекше атмосферасымен үндесіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шымкентте өткен тағылымды шара қасиетті қара домбыраның қазақ руханиятындағы орнының қашанда биік екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Сөз соңында, аталған шара ертең де күні бойы жалғасын табатынын айта кетейік...

Сезім МЕРГЕНБАЙ

ЮНЕСКО басшылығы қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
«Домбыра – ұлт үні»: мерекелік эстафета жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу