Мешітке келушілер тазалық жұмыстарына атсалысты

Oinet.kz 18-09-2026

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкенттегі «Kenesary Han» мешітінің аумағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға мешіт жамағаты белсенді қатысып, ғимарат маңын қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтірді. Жұмыс барысында аумақтың тазалығына мән беріліп, мешіт айналасы абаттандырылды.

Screenshot_1.png

Шымкент қаласы Абай ауданының бас имамы Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, мешітте тазалық жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған мешітке келушілер де өз үлесін қосып, қоғамдық орынның тазалығын сақтауға атсалысады. Оның сөзінше, тазалық ұғымын тек көшелер мен аулалардың жинақылығымен шектеуге болмайды. Бұл – адамның күнделікті мәдениеті мен айналасына деген жауапкершілігінен басталатын құндылық.

– Бұл тек көше мен ауланың тазалығы емес. Негізгі мақсатымыз – тілдің таза болуы, жүректің таза болуы, бір-бірімізге мейірім-шапағат таныту. Әркім өз ауласын, жүрген жолын таза ұстаса екен дейміз. Көлік жүргізушілерінен де темекінің тұқылын жолға тастамауды сұраймыз, – дейді Абай ауданының бас имамы.

Акция барысында қала тұрғыны Нұрмахан Тұрмаханов та тазалық жұмыстарына қатысты. Оның айтуынша, қаланың шеткі аумақтарына да көңіл бөліп, мешіт маңы секілді қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарын жалғастыру маңызды. Өйткені тұрғындар жиі баратын орындардың таза әрі жинақы болуы қала келбетіне де әсер етеді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар қоршаған ортаны таза ұстаумен бірге, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай бастамаларға әр азаматтың белсенді қатысуы қоғамдық жауапкершіліктің артуына жол ашады.

Мешіт жамағатының тазалық жұмыстарына тұрақты түрде қатысуы – қоршаған ортаға жанашырлық танытып, туған қалаға деген құрметті білдіретін нақты іс. Тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті әдетке айналдыру – баршаға ортақ міндет. Бұл кейінгі ұрпаққа таза, көрікті әрі жайлы қала қалдыруға қосылған үлес.

Стартовал прием заявок на юбилейную премию «Тұмар» и «Үркер» в рамках Qazaqstan Media Awards
В Шымкенте прихожане мечети приняли участие в экологической акции
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу