Нұрдәулет Аманқұл, шебер: «Шетелдік туристер шеберханама іздеп келеді»

Screenshot_6.jpg

Ғаламтордан туризмге қатысты мақалалар  қарап отырып «зергерлік туризм» жайлы мәліметтерге көзіміз түсті. Зергерлік туризм-бағалы металл өндіретін кеніш аймағында, зергерлер шоғырланған аумаққа бағытталған. Мысалы,  Италия танымал киім-кешек брендтерінен тыс әлемдік деңгейдегі зергерлік бұйымдар орталығына айналған екен. Ренессанс дәуірі негізгі дәстүрлі зергерлік бағыттарды бекіткен ел аумағына әшекей бұйымдарды арнайы алу үшін келетіндердің қатары көп. Алтынның сапалы сынамасымен танымал Ресейдің де бұл индустрияда бәсі жоғары. Тарихпен астасқан тағлымның Түркістан аумағындағы деңгейін білгіміз келіп, зергер Нұрдәулет Аманқұлды сөзге тарттық.

- Түркістан әлемдік деңгейдегі қолөнершілер орталығына айналады деп күтілуде. Бұл фактор туризмнің дамуына ықпал жасары даусыз. Алайда, біздің шеберлердің ішкі мәдениеті халықаралық деңгейге дайын ба?

-  Түркістан туристік қала болғандықтан 2009 жылы көшіп келдім. Қалада 2013 жылы желтоқсан айында балалар қолөнер мектебі ашылған. Сол жерде 30 шебер жұмыспен қамтылды. Мектеп ғимаратында  20 қолөнерші шеберханамен қамтамасыз етілді. Мен 2014 жылдан бері сол мектепте сабақ беремін. Ол жерде біз балаларға өнердің қыр-сырын меңгеруге жол көрсетеміз. Ақпарат аясы тар болғандықтан, көбі біле бермейді ғой. Түркістандық шеберлер республикалық, халықаралық деңгейде байқау-көрмелерде үздіктер қатарында. Шебердің потенциалын байқаумен өлшеуге келмейді, әрине. Біздің қолөнершілер бір-бірімен тығыз қатынаста. Жалқы жетілмей, бір жаңалық үйренсе, өзгелермен бөлісуге дайын тұрады.

- Кәдесый орталығында қандай заттарыңызға сұраныс жоғары екендігін қалай білесіз?

- Маған арнайы тапсырыс беріледі, сатушылардың сұранысын қанағаттандыруға тырысамын. Қолөнердің аясын кеңейтіп, тек бір бағытпен шектелмедім. Бейнет көрген адам, зейнетін де көреді ғой. Шетелдік туристер шеберханама іздеп келіп, туындыларыммен танысқанға құштар. Олар үшін менің шеберханам-музей іспетті. Малайзиядан 2017 жылы туристер келді. Кәдесыйлар дүкенінен менің қамшымды көздері шалып, ол жайлы барша мәліметті білгісі келеді. Туристерге атакәсіптің тарихын, шаруашылықта қолданылуы жайлы ақпарат бердім. Нәтижесінде әрқайсысы бір-бір қамшы  ала кетті. Кәдесый орталығынан кім қандай зат алғандығы жөнінде нақты деректер жоқ. Менің өнерімнің жемісі-халыққа тиесілі.

- Қандай материалдармен жұмыс істейсіз?

- Ұсталық шеберлік ақ ұсталық, қара ұсталық болып екі бағытқа бөлінеді. Қара ұсталар құрал-саймандар, тұрмыстық қолданыстағы бұйымдарды жасайды. Ақ ұсталар  күміс, алтын, қола, жез секілді материалдардан сұлулық үшін қолданылатын бұйымдарды әзірлейді. Зергерлік өнерде ең өтімді металл - күміс. Оның өзі сапалық категорияларға бөлінеді. Қыз-келіншектерге 499-сынамасы қолданылады. Бірақ сапасын түсіріңкіреп,  мыс секілді шикізат араластырамыз. Таза күміс иілгіш келеді, қоспамен реакцияға түскен соң қатайып епке келеді. Безендіру кезеңінде түрлі тастарды орналастырамыз. Жас ерекшелігіне, сапасына, пішініне қарай табиғи ақық, молахит  секілді тастарды қолданамыз. Барлық шикізат - отандық өнім. Былғарыдан да бұйымдар жасаймын. Шеберлік өнер бір бағытпен шектелмейді. Тәжірибемнен айтар болсам, былғары, ағаш, темірден бұйым жасайтын шеберлердің талғамы ұқсас келеді. Мысалы, жылқының ер - тұрманын жасауға осы үш шикізат та қажет.

 Жыл сайын айтыскер ақындар арасында өткізілетін «Алтын домбыра» байқауындағы жүлдеге берілетін домбыраны алтыннан ұстазыммен бірігіп жасадық. Қолөнерде эрудит болу-бойында жалын бар адамға қиын емес. Қолыңның ебі келіп тұрса, барлық шикізатпен  бұйым жасап көру шебердің эстетикалық талғамын жоғарылатады. 

- Қолөнерде енжар сұранымды, сатып алушы ықылас қоймайтын тауарлар қайдан шығады?

- Қолөнерді нарықтың тылы деп түсінгенде пайда болады. Адамды сыйласаң ғана саған құрмет танытады. Қолөнерде ізденіспен ұстаханаңның есігін ашсаң туындың жоғары деңгейде жасалады. Сіз гардеробыңызды ашқанда көзіңізге бірінші өзіңіз ұнатқан киім көрінеді.  Көрме, дүкеннің есігінен енгенде   қай затты ынта-ықыласпен жасағанын байқайсыз. Махаббаттың табы бар туынды - тұтынушысына эстетикалық ләззат сыйлайды. Жүрдім-бардым жасалған бұйым - енжар сұранымды тауар.

- Сіздің шеберхананың қандай бұйымдары сұранысқа ие тауар деп баға берер едіңіз?

 - «Әйел жиытығы» («қыз топтамасы» деп те айтылады), ер жүзік, белбеу, ат әбзелдері өтімді. Ағаштан жасаған шағын кәдесыйларыма сұраныс жоғары.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанды абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде
  • «Гранд Микс» 147 адамды жұмыспен қамтып отыр
  • «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясында 18 жоғары білімді маман қызмет етеді
  • Түркістанда «Brownfield» үлгісіндегі 2 өндірістік ғимарат салынуда
  • Түркістанда құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын өндіріс орны іске қосылады
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика