Әйгерім Иманова: «Көлікті боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген»

Oinet.kz 01-09-2017 843

Screenshot_2.jpg

Әйгерім Иманова, Ордабасы аудандық орталық ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі

- Мен Ордабасы аудандық ауруханасына 2008 жылы жас маман ретінде жұмысқа тұрдым, - дейді балалар бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Иманова. - Ол кезде аурухана ескі ғимаратта орналасқан болатын. 1 жылдан соң аурухана кең әрі жарық ғимаратқа көшті. 2014 жылдан бері осында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеп келемін. Бүгінде бөлімде 32 адам жұмыс істейді. 2008 жылы бұл бөлім - 15 төсек орынды еді. Бүгінге дейін бөлім қосымша 22 төсек орнымен жабдықталып, жалпы саны қырыққа жуықтады. Бөлім педиатрия-1 және педиатрия-2 бөлімшелеріне бөлінді. 

Бөлімде жылына 3000-ға жуық бала емделеді. Жылдан-жылға бала өлімі азайып келеді. Мысалы, бұрындары жылына 10-ға жуық бала қайтыс болса, 2016 жылдан бері бүгінге дейін 2 бала дүние салды. Әрине, бұл меже емес. Енді бала өлімін мүлдем болдыртпауға барымызды салатын боламыз.   

Көлікті боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бұл мен үшін тосын сый болды. «Облыс әкімі сізді марапаттайды» деп мені алдын-ала құлағдар еткен еді. Мен ары кетсе теледидар секілді сыйлық беретін шығар деп ойлағам.Бұған дейін  үздік балалар бөлімшесі, үздік ауыл дәрігері, үздік педиатр дәрігер секілді номинацияларға қатысып, үздік бөлім номинациясының жеңімпазы атанғаным бар еді.

Сонымен, марапаттау рәсімінде «Lada Granta» атты  көлікке ие болғанымды естігенде есеңгіреп  қалдым. «Мен емес шығар. Қателесіп кеткен жоқ па? Шынымен көлік сыйлап жатыр ма? Әлде қағыс естідім бе?» деп күдіктенгенім рас. Бірақ, жүргізушілер менің атымды атап тұр. Не керек, алып-ұшып сахнаға көтерілдім. Облыс әкімі жымиып көлік кілтін табыстағанда қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады.  Осылай еңбегімізді елеп жүрген облыс әкіміне, денсаулық сақтау басқармасына, өзім қызмет етіп жүрген аурухана басшылығына алғысымды білдіремін.  

Менің үйім ауруханадан 200 метрдей жерде. Бізде таңғы 9-дан кешкі 18.00-ге дейін дейтіндей қатып қалған жұмыс кестесі жоқ. Дәрігер деген күндіз-түні жұмыс істейді десем болады. Мысалы, жұрт шырт ұйқыда жатқан түн ортасында  ауруханға жүгірген кездерім аз болмады. Себебі, жазым, ауру дегендер мезгіл таңдамайды. Күніне қаншама бала көзі жәудіреп келеді. Біз оларға қол ұшын созудан шаршамаймыз. Баланы емдеп, оны қатарға қосқаннан жаным жадырап, қуанып қалам. Мен үшін ауруынан айығып жүзіне қан жүгірген баланы көргеннен артық бақыт жоқ.   

Жалпы Орадабасы аудандық орталық ауруханасы Шымкент-Самара тас жолының бойында орналасқандықтан көлік апаты жиі орын алып, мұндағы медициналық қызметкерлер басқа әріптестеріне қарағанда артық жауапкершілікпен уақытпен санаспай жанталаса тер төгіп жүр.  Бәлкім, еселі еңбектің ескерілуімен қоса көліктің сыйға тартылуының бір себебі осымен де байланысты шығар. Нақты дерекке жүгінсем  13 маусым күні Шымкент-Самара тас жолында бір-бірімен соғысқан 2 көлікте жалпы саны 13 жолаушы болған. Бір көлікте – 10 адам болса, келесісінде – 1 адам. Салдарынан 3 адам оқиға орнында тіл тартпай кетті. Қалған 8 жолаушы дереу Ордабасы аудандық ауруханасына жеткізілді. Оның 4-і – жансақтау бөліміне түссе, қалғандары хирургия бөліміне жатқызылды. Жансақтау бөлімінде жатқан жолаушылар өлім мен өмір арасында жатыр. 

16 маусым күні болған апаттан ауруханаға 7 адам түсті. Оларға дер кезінде ем-дом жасалып, жағдайлары дұрысталды.

Ал, 17 маусым күні түнде Бадам ауылы маңында 10 адам апатқа ұшырады. Оның 4-і сол жерде қайтыс болды. 1-і ауруханада алғашқы жарты сағатта қайтыс болды. Қалған кісілерге дәрігерлік көмектер көрсетілуде. Осылайша 3 күнде 28 адам жол-көлік апатына ұшырап, оның 8-і көз жұмды. Қазір көліктер Ордабасының ішкі жолымен қатынап жатыр. Бұл өте қауіпті. Ал, негізгі жолда жөндеу жұмыстары жүруде. Осы жөндеу жұмысы ертерек әрі сапалы аяқталса, жүргізушілер де жол ережесін қатаң сақтаса дейміз. Адам өмірінен артық не қымбат өмірде?! 

Солтүстікте «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылды
Вячеслав Цай: «Сыйға алған пәтердің ешқандай міндеттемесі жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу