Мейірбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші

Oinet.kz 26-04-2018 855

Елімізде 2011-2015 жылдары жүзеге асқан мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы  денсаулық сақтау саласы мен халық денсаулығын жақсарту ісін  дамытуға ғана көңіл бөліп қойған жоқ,  сонымен қатар медициналық білім беру ісіне, оның ішінде, орта буынды медицина мамандарын даярлау, халық денсаулығын жақсарту ісінде  ең жауапты міндеттерді арқалап жүрген мейірбике мамандарын даярлау мен «Мейірбике ісін» дамытуға айрықша көңіл бөлген болатын. Бұл талаптар өткен жылдан бастап қолға алынған «Денсаулық» бағдарламасында да жалғасын тауып, медициналық білім беру жүйесін түбірімен жақсартуды, дайындалған мамандардың бәсекеге қабілетті болуына жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда республикада мейірбикелерді дайындау ісі жоғары деңгейде қолға алынып, олардың мәртебесін арттыру бағытында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып  келеді. «Мейірбике ісін» дамытуда  Шымкенттегі «Авиценна» медицина колледжінің іс-тәжірибесі қазіргі таңда орта буынды медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарына үлгі болып отыр деуге толық негіз бар. Оңтүстік Қазақстан облысында халық көп әрі тығыз орналасқан облыстардың бірі болғасын өңірде мамандарға, соның ішінде орта буынды медицина мамандарына деген сұраныс көп. Осы қажеттілікті қанағаттандырып, облысты қажетті мамандармен толықтырып отырған оқу орны жылына шамамен 500-ге тарта мейірбикелерді оқытуда. 

Screenshot_19.jpg

Шымқаладағы алғашқы ақылы негізде орта буынды медицина мамандарын даярлайтын колледждің іргетасы 2005 жылы қаланған. Алғаш ашылған кезде екі мамандық қана оқытылса бүгінде олар «Емдеу ісі», «Медбикелік ісі», «Акушерлік ісі», «Гигиена және эпидемиология», «Стоматология», «Лабораториялық диагностика», «Фармация» мамандықтарымен толығып, 7-ге жетті. Солардың ішінде әсіресе, «Медбикелік ісі» мамандығына сұраныс жоғары дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Лейля Үмбеталиева.

- Мейірбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Сондықтан, науқастарға психологиялық тұрғыдан демеушілік көрсетіп, мейірімділік танытып жүрген ақ халатты абзал жандардың жан-жақтылығы бүгінгі уақыт талабы. Мейірбике өз қызметі барысында ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеушілік, оқытушылық міндеттер сияқты қағидаттарды басшылыққа ала отырып жұмыс жасау керек. Мейірбикелер науқасты қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы барлық күйбең тіршіліктің бел ортасында жүреді. Бұрын орта буынды медицина мамандары тек дәрігердің бұйрығын орындаушы ғана болса бүгінгі таңда олардың мәртебесі мен құқықтары жоғарылады. Адамзатқа ең қажетті мамандық иесі мейіргерлерге сұраныс қашанда көп,- дейді ол.  

Кәсіби техникалық мультипрофилді оқу орнының «Мейіргер ісі» мамандығында қазір 1475 студент білім алуда. Оларға қазіргі заман талабына сай дуальді оқыту әдістері бойынша сабақ жүргізіледі. Колледжің облыстағы 86 денсаулық сақтау саласы мекемелерімен келісім-шарты түзілген. Өзара әріптесік байланыс негізінде студенттер тәжірибелік сабақтарын аурухана, емханаларда білікті ұстаздардың қатысуымен өтеді. Науқастармен тікілей жұмыс жасайды. Емдеу мекемесінде  мейірбике  атқаратын қызметтердің барлығын атқарумен қатар, күтім көрсетудің барлық дағдыларын шынайы ауруханалық жағдайда үйренеді.

- Теориядан бала көп білім ала алмайды. Өздеріңіз білесіздер медицина қателікті кешірмейді. Адам өміріне жауапты болғасын маманның біліктілік, білімділік ұқыптыық, жауапкершілік секілді қасиеттері болуы шарт. Болашақ ақ халаттыларға тек теория жүізнде білім беру жеткіліксіз. Олар барлығын көзбен көріп, қолмен істеп көрмейінше толыққанды маман болып шыға алмайды. Сондықтан біз теориямен қатар тәжірибе жүйесін қатар алып жүрміз. Біздің оқу орнымыздың басты мақсаты  – сапалы білімі мен кәсіби біліктілігі негізінде бәсекеге қабілетті маман даярлау болғандықтан,  тәжірибелік дағдыларын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Студенттеріміз қосымша сабақтарын емдеу мекемелерінде өткізеді, сондай-ақ колледжімізде екі 25 мамандыққа сәйкестендірілген арнайы кабинеттер мен 2 симуляциялық орталығымз бар. Орталықтар қажетті муляж, фантом басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Онда болашақ мамандар науқасқа ине егуден бастап, жарақат кезіндегі алғашқы көмек, клизма салу, клиникалық өлім кезіндегі іс-әрекеттерді үйренеді. Одан бөлек 4 бірдей лабораториямыз  жұмыс істейді. Оқу барысында жиған барлық білімдері мен дағдыларын оқу-өндірістік және кәсіптік тәжірибе кезінде одан әрі шыңдай  түседі»,- дейді Лейля Өтегенқызы. 

Жұмыссыздық мәселесі бүгінде өзекті тақырыптардың бірі. Жоғары оқу орнын бітірген түлектер көбінесе диплом бойынша жұмыс таппай жүріп қалады. Алайда «авиценналықтардың» ешқайсысы жерде қалып жатқан жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары Елбасының бастамасымен көптеген аурухана, емхана, диспансерлер салынуда. Жаңа мекемеге мамандардың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Колледж директоры орынбасарының айтуынша түлектердің жұмыспен қамтылуы жағынан проблема жоқ  дейді. Облысты айтпағанның өзінде білім ордасын бітіргендердің арасында Алматы, Астана қалаларында жұмыс істеп жатқандары да бар екен. Сондай-ақ  «Серпін» бағдарламасы аясында біраз түлектер Солтүстік аймаққа да аттаныпты. Ауылды жерлерге медицина мамандарының жетіспеушілігі  туралы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Тақырып аясында пікірін айтқан Лейля Өтегенқызы студенттерінің басым бөлігі ауылдың балалары екенін айтты. Оқуды аяқтаған соң олардың көбісі  туған жерінде, ауылында жұмыс істегенді қалайды екен.  

Елбасы «5 әлеуметтік бастамасының»  үшінші бастамасында: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту керек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді»,- деп атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасына орай «Авиценна» колледжінің басшылығы да жатақхана мәселесін шешуге кірісіп кетті. 

 - Біраз жылдан бері жатақхана мәселесі шешімін таппай жүрген еді. Жоғарыда атап өткенімдей білім алып жатқан студенттеріміздің басым бөлігі ауылдан келеді. Туыстары жоқтар қалада пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Бұл студенттердің қалтасына әжептеуір салмақ түсіреді. Балалар қиналмасын деп жатақхана салу үшін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлына шаһардан жер телімін беру жөнінде ұсыныс хатпен шыққалы отырмыз. Жақын арада бұл мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз »,- дейді Лейля Үмбеталиева.

Білім айдынында 13 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп отырған оқу орнында студенттерге көптеген жеңілдіктер қарастырылыпты. Атап айтар болсақ көп балалы отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан және жартылай жетім балаларға төлем ақысы жеңілдетілген. Ал тұл жетімдер 100 пайыз тегін білім алады екен.   

Имиджі қалыптасқан, республика бойынша алдыңғы қатарлы колледжің бірі саналатын «Авиценнаның» студенттері облыстық, республикалық түрлі сайыстардан жүлделі орындарды иемденіп келеді. «Даму» кәсіпкерлік дамыту қорының ұйымдастыруымен алғашқы медициналшық көмек көрсету бойынша жарыста бірінші орынды жеңіп алған, сондай-ақ бірнеше конференция, олимпиалардың жеңімпазы мен жүлдегері.   

Халық денсаулығын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, медициналық алғашқы жәрдемді жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу бағытындағы скринингтік тексерулер, тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу, басқа да қаншама шаралардың жүзеге асырушы – орта буынды медицина мамандары, соның ішінде мейіргерлердің қоғамдағы рөлі ерекше. Осындай білікті мамандарды даярлап отырған «Авиценна» секілді колледждер еліміздің денсаулық саласына айтарлықтай үлес қосып отырғандығы қуантады.

Қазақстан Президентінің Германияға сапарының екінші күнінен видеошолу
Шымкенттегі №6 қалалық емханасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу