Түркістанда шенеуніктің қайын атасына - үлкен даңғыл, ұлы Абайға - қысқа көше берілген

Oinet.kz 27-02-2020 2621

Мәссаған безгелдек! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен облыс орталығы болып, күллі түркі әлемі көз тігіп отырған Түркістандағы орталық көшелер шпаналардың, ұры-қарылардың атында дейді. Есесіне биыл 175 жылдығы аталып өтетін ұлы Абайға берілген көше жарты шақырым ғана. Ал, ет комбинатын басқарған, Түркістан қаласы  әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың  қайын атасы Жұмат Майкөтовке үлкен даңғыл берілген. Бұл туралы кешегі аптада өткен Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс қырық алтыншы сессиясының алдындағы тұрақты комиссия отырысында, «Нұр Отан» партиясының фракциялық жиынында айтылды деп хабарлайды Рейтинг газеті.

Screenshot_4.jpg

Screenshot_2.jpg

Жұмат Майкөтұлы атындағы көше

Облыстық мәслихаттың бес тұрақты комиссиясының біріккен мәжілісі фракциялық отырысқа жалғасқан жиында Түркістан облыстық мәслихат депутаттарының өзара қызылкеңірдек болып дауласуы  биыл 175 жылдығы атап өтілетін хәкім Абайдың «Өлген жанның жаманы жоқ, тірі адамның өсектен аманы жоқ!» деген пәлсапасын еріксіз еске түсірді. Депутаттардың екі күн бұрын қайта-қайта пысықтап қарап, мақұлдаған шешімдерінің соңы дауға ұласып барып, тоқтады.  Бір-бірімен айтысқандарымен қоймай, араларында әруақтармен тартысып кеткендей көрінгендері де бар. Облыстағы үш мектепке үш тұлғаның атын беруден басталған ономастикалық мәселе көше бөліске барып тірелді.

Screenshot_5.jpg

Рақым Тәңірбергенов

– Түркістан қаласында ұлы Абайдың атына берілген көше жарым километр ғана. Өмір бақи қара күпі киіп жүрген Майкөтовке бір даңғылды беріпті. Оның күйеу баласы Тәжібек қала әкімінің орынбасары. Майкөтовпен мен қатар жұмыс істедім ғой, бұл қалай? – деп әжептеуір мәселе көтере бастаған мәслихат депутаты Рақым Тәңірбергеновтің сөзінің соңы сиырқұйымшақтанып кетті.

Қабыршақтанып біте бастаған жараның аузын тырнап қайта ашқан Тәңірбергеновтің сөзіне сенсек, облыс орталығындағы көшелер өмірден өткен ұры-қарыларға беріліп кеткен. «Көшенің аты – көкеме, ауылдың аты – атама» деудің кері. Депутаттың дерегіне сүйенсек қала әкімі орынбасарының қайын атасының атындағы көшені абаттандыруға 1 млрд теңге бөлініпті.

Screenshot_6.jpg

Тәжібек Мұсаев

Ал ол шүйліккен Майкөтов туралы сұрағанымызда қайын атасы екенін қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың өзі де  растады. 

– Жұмат Майкөтовтің менің қайынатам екені рас. Оны бүкіл Түркістан біледі. Ет комбинатын тапжылмай 30 жыл басқарып зейнетке шыққан. Дүние жиған жоқ, ескі үйімен қалды. Даудың отын тұтатқан депутат Рахым Тәңірбергеновтер кезінде оның қолына су құюға да жарамаған. Беделді кісі еді, 1989 жылы қайтыс болды. Кезінде ономастикалық комиссиядан өтіп, 20 жылдан кейін сол кісінің атына көше берілді. 2008 жылы ол кішкентай топырақ жол еді. Басына барып белгі қойғанбыз. 11 жыл бұрын мен ауыл шаруашылығы бөлімінде қатардағы бас маман едім. Ешқандай ықпалым да жоқ. Бүгінде қала әкімінің орынбасары болғаныма 6 жылдан асты. Осы жылдар ішінде көшеге аты берілсе, көмектессем де, көмектеспесем де «әкімдікте күйеу баласы отыр екен, сол ықпал жасады» деп айтуға болар еді. Қазір Майкөтов көшесі кеңейді, үлкен болды, асфальт төселді, жан-жағы абаттандырылды. Енді көзге түсіп жатыр да. Облыстың Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты, үлкен бір мекеменің құрылтайшысы Рахым Тәңірбергеновтің солай айтуға деңгейі қалай жетті екен? Білгіш, көргіш болса, қалада атақты ұрылардың аттарында көшелер бар ғой. Әкімшілік жүйеде жұмыс істеп жүрген соң жатқа білем. Түркістанда шопырларға да, шпаналарға да көше үлестірілді. Көшеге тас төсесе, бірдеңе қылса, ұрыларға да, қарыларға да көшенің атын берді ғой. Әлі бар, жатқа білем, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Screenshot_1.jpg

Screenshot_3.jpg

Абай атындағы көше

Негізінен тұрақты комиссияларда облыстық бюджетке енетін толықтырулар мен өзгерістер  талқыланған болатын. Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Арман Абдуллаевтың айтуынша, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидың 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына Түркістан облысының биылғы бюджетінде 188 млн теңге қаралған. Аталған қаржы Мәдениет, Адами әлеуетті дамыту, Қоғамдық даму басқармалары арқылы облыстық деңгейде өткізілетін шараларға жұмсалады.

– Ертең мерейтой кезінде бүкіл ел автобустармен Әл-Фарабидің Отаны есептелетін Отырарға қарай ағылады. Облыс деңгейінде аталып өтіп жатса, аудандағылар жым-жырт отыра ма? Президент «Әл-Фарабидің мерейтойы Отанынан басталсын» деп айтты. Сондықтан ауданда өткізуге 40 миллион теңге облыс қазынасынан бөлінуі тиіс, – дейді облыстық мәслихаттың аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Серік Ибадуллаев.

Бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев Отырар ауданы әкімдігінен ұсыныс түссе шешуге дайын екенін жеткізді.  

Р.S. Журналистік қызығушылығымызды оятқан Түркістан қаласындағы Абай және Майкөтұлы (Майкөтов) көшелеріне арнайы барып қайттық. Депутат айтқандай қазақтың ұлы ақынының атындағы көше жарты шақырым ғана емес екен. Екі шақырымнан асады. Түркістанда іскерлігімен танылған Әліпбек Өсербаевтың табандылығымен асфальтталғанына 4-5 жыл болған көшені арнайы іздеп бармасаңыз таппайсыз. Теміржол вокзалының арғы бетіндегі «Жолдың асты» аталып кеткен шағындауданды Абай мектебімен байланыстыратын жолдың ені тар, қос көлік қатар келсе, сыюы қиын. Жаяу жүріп өткенімізде байқағанымыз, ескі үйлері көшені бойлай салынған тротуарда электр желілерінің бағаналары мен газ құбырларының тіреулері жауын-шашынды күндері еріксіз балшық басуға мәжбүрлейді.

Ал, Майкөтұлына берілген көше шынында да үлкен даңғыл! Бір бағытының өзі қос жолақтан тұратын жолдың асфальтталғанына көп болмағаны көрініп тұр. Төрт жолақты үлкен даңғыл Түркістан қаласының орталығын Отырар ауданына барар жолмен жалғайды. Ұзындығы 5 шақырымнан асады. Екі жағында да тротуары бар, жан-жағы абаттандырылып, соңғы технологиямен көгалдандырылып жатқан Майкөтұлына шынында да Абай ілесе алмайды.

Қордайлық екі тұрғыннан ірі көлемде есірткі табылды
Нұрсұлтан Назарбаев: «Адамзат қантөгістерден қорытынды шығарады деп сенгім келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу