Атыраулық қыз коронавирусты қалай жеңгенін айтып берді

Oinet.kz 06-05-2020 1138

"Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Айкөркем Кусенова коронавирус індетінен қалай жазылғанын айтып берді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Сұхбат барысында Айкөркем коронавирус ойдан шығарылған індет емес екенін, өте қауіпті екенін мәлімдеді.

Screenshot_3.jpg

Атыраулық Айкөркем Кусе­сова Канаданың Ванкувер қала­сындағы Саймон Фрейзер уни­верситетінде оқиды. Жаһан жұртының үрейін ұшырған коро­навирус инфекциясына бай­ла­ныс­ты университеттегі оқу он­лайн форматқа көшіріліпті.

– Содан елге оралуға жинал­дық. Университет билет алып берді. Атырауға Амстердам ар­қылы ұшатын рейспен келген бойда оқшауландық. Біздің рейстегі бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, бізді де 14 күн карантинге, яғни Атыраудағы провизорлық стационарға жат­қызды. Шынымды айтсам, бас­тапқыда менде инфекция симп­томы болған жоқ. Карантинде өзімді жақсы сезініп жүрдім. Дене қызуым көтерілмеді. Ка­рантин мерзімі өткен соң, үйге барамын деген үмітім бар еді. Бірақ, дәрігерлер менен де вирустың табылғанын хабарлады, – дейді ол. 

Әрине, аурудың қай-қайсысы да адамға уайым тудырады ғой. Ал мынадай қауіпті індетке шал­дығу туралы есту, тіптен қор­­қы­нышты екені рас. Індеттің шең­геліне ілінгенін естігенде Ай­көркем де қатты жылады. Біреу сенер, біреу сенбес, дәл сол сәтте болашағы бұлыңғыр тар­тып бара жатқандай еді.

– Бұл күн менің есімде мәңгі сақталатын болар. Есімнен шы­ғара алар емеспін. Бұл – 8 сәуір. Дәл осы күні менде қауіпті ін­деттің белгісі анықталды. Сол күні Атыраудағы №2 инфек­циялық ауруханаға түстім. Ойы­ма не келіп, не шықпады дейсіз. Әрі-сәрі күйге түстім. Үйде­гілерге телефонмен үздіксіз ха­бар­­ласып, «Енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім, – дейді Айкөркем Кусесова.

Инфекциялық ауруханадағы алғашқы күнін уайыммен өткізді. Дәрігерлер ауруханаға жатқан сәттен бастап күніне екі мезгіл қабылдайтын екі дәрі берді. Бұл – коронавируспен күресіп жатқан әлем медицинасы қолданған дәрілер. Дәрі қабылдаған соң, бастапқыда асқазаны ауырған. Кейін аузына ащы дәм келетін болды. Үрей мен қорқынышқа бой алдыра бастады. Тоғыз күннен кейін денесінде бөртпе пайда болды. Сондай сәтте психологиялық, моральдық демеуін көрсеткен дәрігер Жантөре Орысбаева өмір сүруге деген үмітін оятты.  

– Менімен бірге палатада үш адам жатты. Олардың бірін құрғақ жөтел қысып, қатты қи­налды. Енді бірі дәмді де, иісті те мүлдем сезбеді, – деп ауру­ханадағы күндерін мұңая ес­ке ала­ды ол.  

Дәрігерлерге ешқандай өкпесі жоқ.  Өйткені, олар күн сайын науқастарды балаша мәпеледі. Қал-жағдайын сұрады. Таңмен берілетін дәрілерді  қабылдауын қадағалады. Дене қызуын өлшеді. Таңертеңгі сағат 10:00 шамасында  дәрігерлер  жағдайын тексереді. 

– Бізді дәрігерлер дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдеп шығарды. Дәрігердің жылы сөзі де таптырмас ем. Мен секілді біраз адамның қа­уіп­ті індеттен жазылуына бар ынтасымен еңбектенген Жан­төре Орысбаева, Салтанат Қа­йы­рова, Нұрфия Қизатова, Әсия Сидешова, өзге де медици­на қызметкерлерінің соңғы науқас сауыққанша ауруханадан шық­паймыз деген адалдығына ризамын. Дәрігерлерге арнайы қор­ғаныш киімімен жүру де, отба­сына бармай жұмыс істеу де оңай емес, – деп ағынан жарылды студент. – Ауруханадан шыққан күні қуанышымда шек болған жоқ. Себебі, әлемде бұл індеттің құрбаны болып жатқандар көп ғой. Бастапқыда «осы індетті жеңіп шықсам» деген арманым болды. Сол арманыма медицина қызметкерлерінің қолдауымен қол жеткізгеніме қуандым.

Ауруханадан үйіне жеткенше, көп адамның көшеде алаңсыз жүргеніне қынжылды. Жалпы, әр адам өз басынан өткізбей, қауіп-қатердің не екенін сезінбейді ғой.

– Қазір көпшіліктің арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін ақша төлеп жатыр» деген алыпқашпа әңгімелер тарады. Бірақ, сондай әңгімелерді таратып жүргендер де, соған сенетіндер де қатты қателеседі. Өйткені,  коронавирус – ойыншық емес. Бұл – өте қауіпті індет. Коронавирус біздің арамызда жүр. Сондықтан, дәрігерлер ұсынған сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Баршаға айтарым, өзіңіздің, отбасыңыздың, барша адамзаттың амандығын ойласаңыз, тәртіпке бағыныңыз. Тағы да қайталап айтайын, сақтық шараларын сақтап, бей-берекет жүруді доғару керек, – дейді Айкөркем Кусесова.

Енді ол дәрігерлердің берген кеңесін сақтауға бекініп отыр. Үйінде 21  күндік каран­тинде болады. Мекенжайы бо­йын­ша тіркелген емханадағы эпидемиолог-дәрігерге күн сайын денсаулығы туралы хабарлап, видео жібереді.  Карантин мерзімі аяқталған соң, қайтадан анализ тапсырады. Бәрі де жақсы боларына сенеді.

Баян Мақсатқызы: Тәуекелдің көркіне тамсанып, үш күн көз алмай қарадым
​Созақ ауданында салынған жолдардың сапасы сын көтермейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу