Қазақстандық журналистер Өзбекстандағы тарихи-мәдени орындармен танысты

Oinet.kz 02-08-2021 1127

Еліміздегі ақпараттық салада еңбек етіп жүрген  бір топ журналист өзбек елін аралап қайтты. Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Өзбекстан Республикасының туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан жобаның мақсаты - қос ел арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды насихаттау,  туризм саласының әлеуетін таныту, Түркі елдері арасындағы достық, ынтымақтастық қарым-қатынасты ақпараттандыру. 

image.png

Бір аптаға жоспарланған сапарға әсіресе, аймақтардың журналистері көптеп қамтылды.

Алғашқы екі күнде Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына арнаған журналистер әсемдігі көз тартар сұлу да көрікті қаланың 30 жылда өркендеген айтарлықтай өзгерісін тамашалады. Сымдай тартылған көшелер, айнадай жарқыраған тазалық, жапырақтары көлеңке сыйлаған сәнді де ерекше ағаштар,  түрлі-түске боянып, көрген жанның көзінің жауын алар әсем гүлдер өзбек жеріндегі бас қаланың көркін ашса, туристерді қабылдауға лайық  қонақ үйлер мен қызметкерлер мәдениеті, тамақ өнеркәсібі, мейрамхана ісі әрбір қонақты бірден баурап ала жөнеледі.

Қазақтың төрелі сөз шешені, даңқты тұлға Төле би кесенесіне барып,  рухына құран бағыштаған журналистер терең тарихына құлақ түрді. Өзбек халқы "Қолдырғоч аулия", қазақ тілінде  "Қарлығаш әулие" деп атаған Төле бабамыздың кесенесі XV ғасырда салынып, XX ғасырдың 70-жылдары қайта қалпына келтірілген. Қазақ халқының қара қылды қақ жарған әділ биі Төле би Әлібекұлы Ташкент қаласын 1743 жылдан 1749 жылға дейін билеп, осында жерленген. Кесене шырақшысының айтуынша Ташкентке келген әрбір қазақ азаматы міндетті түрде осында бас сұғып, баба рухына тағзым етеді. Өзбекстандықтар да Төле би кесенесін бас қаладағы ең тарихи әрі қасиетті орын деп бас иіп, жиі зиярат жасайды.

image.png

Төлеби кесенесімен бір аулада орналасқан тағы да бір тарихи нысан -  Шейхантаур әулие кесенесі. XIV ғасырда өмір сүрген Шейхантаур әрі ағартушы, әрі  тақуалық өмір салтын ұстанған дін өкілінің бірі. 

"Данышпанның данасы" атанған Шейхантаур әулиеге арналған кесенені XIV ғасырдың соңында Әмір Темір соқтырыпты. 

- "Екі бөлмеден тұратын кесененің үлкен бөлмесінде Шейхантаур сопының қабірі жатса, қосымша шағын бөлмеде оның әйелі мен ұлы жерленген. Шейхантаурдың есімі кейбір деректерде Шейх Ховенди Тахура деп те аталады", - дейді Отомурат есімді шырақшы.

Мұнда келген туристер мен зияратшылардың назарын өзіне аударатын тағы бір көрнекті жәдігер  - ұзындығы кесене күмбезіне дейін жететін, екі адамның құшағына әрең  сиятын қураған ағаш. Тасқа айналған алып ағаштың тарихы ежелгі Македонияның патшасы, әлемдік державаның басшысы, адамзат тарихының ең ұлы қолбасшыларының бірі Ескендір Зұлқарнайымен байланыстырылады. 

 - "Ескендірдің еккен 48 түп арша қылқанды ағашынан сақталғаны осы. Қалғаны дінге қарсы көзқарас белең алған 1920-30 жылдары аяусыз қиратылған кесенемен бірге жермен-жексен болыпты. Қанша ғасырдан бері сақталып келсе де бұл ағаш өзінің өзгеше жұпар иісін жойған емес. Зияратшылар бұл хош иісті "Жұмақ иісі" деп те құшырлана иіскеп жатады", - дейді Отомурат шырақшы.

Төле би мен Шейхантаур әулиенің сүйегі жатқан тарихи орынның аңыз-әңгімелері мен қызықты деректері жайлы сұхбаттасқан журналистер өзбек елі астанасындағы сапарын өзге де айтулы орындарға арнады.

image.png

Ташкенттегі ең көрнекті орындардың бірі - салт атты Әмір  Темірдің ескерткіші тұрған үлкен бақ. Неше түрлі ағаш, гүлдер, субұрқақтармен  көмкерілген бақтың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу емес. Ортағасырлық алып империяның қолбасшысы және негізін қалаушы Әмір Темір атындағы алаңның тарихы ХІХ ғасырдан басталады. 1882 жылы генерал М.Черняевтің бұйрығымен құрылған шағын алаң 2009 жылы қайта жаңартудан өтіп, жаңа, әрі ерекше келбетке ие болған.

Саябақ ортасында тұрған  XIV ғасырдың көрнекті қолбасшысы және мемлекет қайраткері Әмір Темірдің ескерткіші қоладан жасалып, империялық регалиямен бейнеленген.

Ескерткіштің алдына Әмір Темірдің «Күш әділеттілікте» ұраны төрт тілде ойып жазылған. Ескерткіштің авторы - мүсінші Ильхом Джаббаров.

Ескерткіштің оң жақ тұсында Әмір Темір мұражайы орын тепкен. Сондай-ақ, «Өзбекстан» қонақ үйі мен Заң университеті, Форумдар сарайы сынды тарихи, сәулеттік ғимараттар да осы жерде орналасқан.

Сонымен қатар, Өзбекстан тарихында қаралы күн ретінде тарих қойнауына енген 1966 жылдың 26 сәуірдегі жер сілкінісі түбі бір түркі жұртының да қабырғасын қайыстырмай қоймасы анық. Табиғат зілзаласынан мыңдаған халық көз жұмып, 78 мың отбасы баспанасыз қалды. Ташкенттің орталық бөлігінде орын алған апаттың салдарын жоюға  бұрынғы Кеңестер Одағының құрамындағы республикалар қолдау көрсетіп, қала 3,5 жылдың ішінде толығымен қалпына келтірілген. Қайғылы оқиға орын алған жерде "Ерлік" монументі бой көтерген.

image.png

Ташкент қаласындағы тарихи-мәдени нысандардың бірі  -  Минор мешіті. Жергілікті халық "Ташкенттің ақ мешіті" деп те атайды.

Ақ мешіт атануының да өзіндік себебі бар. Сыйымдылығы 7000 адамға лайықталған мешіттің іші-сырты ақ мәрмәр таспен әрленген. Ол ашық аспан астында жарқырайды және оның көгілдір күмбезі аспанға айналып бара жатқандай әсер сыйлайды. 

Үлкен бөлменің күмбезі мен қабырғасының құбыла бағытындағы құран жазбалары алтынмен әшекейлеген. Шығыс сәулетінің ең ерекше үлгісімен салынған мешітке 16 келі алтын жұмсалыпты.

Минор мешіті - қаланың жаңа бөлігінде орналасқан.

Мешіт 2014 қазанында Айт мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген.

Ақ мешіттің көз тартар ерекше әсемдігіне айналасындағы абаттандыру жұмыстары да ерекше сән беріп тұрғандай. Ташкент шахарына келген қонақтар мен қала халқы мешітте құлшылық етіп, ерекше сәулетті ғимаратпен танысып болған соң, түрлі-түрлі ағаш, гүлдермен көмкеріліп, буырқанған субұрқақтарын елеусіз қалдырмасы анық.

Тәуелсіздік алаңының да өзіндік тарихы терең. Бұл жерде 1865 жылға дейін бұл жерде Қоқан ханының сарайы болса, одан кейін Ресей әкімшілігінің бұйрығымен оның жанында Түркістан генерал-губернаторлығына резиденция салынып кең бақшасы бар бұл резиденция Ақ үй деп аталады.

Алаң Кеңес уақытында Ленин алаңы деп қайта аталып, Ленинге ескерткіш орнатылады. Қазіргі көз тартар субұрқақтардың құрылысы мен алаңның өзі осы кезеңде басталыпты.

1991 жылы Өзбекстан Республикасы өз  Тәуелсіздігін алғаннан кейін "Ленин алаңы"  "Тәуелсіздік алаңы" болып аталған. Тәуелсіздік алаңының өзбек тіліндегі аудармасы - Мұстакиллик Майдони.

image.png

Алаңдағы Лениннің ескерткіші бөлшектеліп, орнына Өзбекстанның шекарасы көрсетілген глобус түріндегі Тәуелсіздік монументі орнатылған.

Алаңның аумағы 12 гектарды құрайды. Тәуелсіздік алғаннан бастап алаңда қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, көптеген ғимараттар жөнделіп, олар заманауи келбетке ие болған. Жасыл аймақтары бар аллеялар және екі жағынан әдемі субұрқақтар колоннадан Тәуелсіздік монументіне дейін созылып жатыр. Ескерткіштің астында нәрестені қолына алған әйел түрінде - Ана-Отанның белгісі орнатылған.

Сәулеті мен тарихы үндескен Ташкент жерінің тағы бір айтулы орны «Құран Кәрімнің» 5 түпнұсқасының 1-еуі, яғни Құранның Осман нұсқасы сақталған Ташкент қаласындағы Хазрет Имам кешені. Кешенде шығыс қолжазбаларының бай кітапханасы бар. Османлы Құран - VII ғасырдың ортасында жазылған исламның қасиетті кітабының негізгі көзі.

image.png

Ташкенттегі сапар барысында ашық аспан астындағы Наурыз этнографиялық паркі мен Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттық орталығы қызметін атқарып, күні бүгінге дейін өз жұмысвн жалғастырып келе жатқан Орта Азиядағы ең үлкен тарихи "Чорсу" базары және биыл ғана пайдалануға берілген отбасылық Magic city балалар ойын-сауық кешені мен 34 мың орындық "Bunyodkor" стадионымен танысты.

Ташкент қаласында бұған өзге де Зеңгі ата, Сүзік ата, Каффал-Шаши, Кукелдаш сынды ортақтасырлық тұлғалардың кесенелері мен мәдени, рухани орындарды көптеп кездестіруге болады.

image.png

Сондай-ақ, Орта Азиядағы алғашқы жерасты көлігі - Ташкент метрополитені де өзіндік ерекшеліктерге бай. Халықтың көбеюі жедел және жайлы қоғамдық көлік жүйесінің құрылуына себеп болды. Метрополитеннің бірінші желісі 1977 жылы КСРО-ның 60 жылдығына орай ашылып, халық көп шоғырланған Чиланзар ауданын қаланың орталығымен байланыстырды. 1991 жылға дейін екінші желі іске қосылса, метроның үшінші желісі 2001 жылы ашылған. Алайда оның құрылысы әлі аяқталмаған.  Жоба бойынша ол қаланың орталығын Юнусобод ауданымен байланыстыруы тиіс. Бүгінгі таңда Ташкент метросында 29 бекет бар.Әр бекет өзіндік ерекше архитектуралық ерекшеліктерге бай.

Қазақстандық журналистердің сапары Самарқан және Бұқара қалаларындағы көрнекті орындармен танысуға ұласты.

image.png

Мадина Жұмабайқызы 

Ташкент сапарынан 

Суретті түсірген: Талғат Мұратбаев

Пандемияның аяқталатын уақыты белгілі болды
Екпе ал - жақыныңа жанашыр бол!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу