Қарағанды облысында той жасаған шенеунік қызметінен босатылды

Oinet.kz 09-08-2021 718

Қарағанды облысында карантин кезінде той өткізуге тыйым салуды елемеген шенеунік жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Oinet.kz.

Женис Касымбек.jpg

Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

- Бүгінгі күннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды, - деді облыс әкімі. - Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ мониторингтік топ мүшелерін принциптілікке шақырды.

- Сіздер біреудің мүддесі үшін жұмыс істеу үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер өздеріңіз бақылау камераларына қарай отырып жұмыс істейтіндеріңізді айтқан болатынсыздар. Сондықтан мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей, - деп атап өтті облыс әкімі.

Оқиға 7 тамызда болған. "109" нөміріне "Ариста" мейрамханасында жаппай іс-шара өткізіліп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ шықты. Мекеменің жанында көптеген көліктер болғандықтан және мейрамхананың өзінде 400-ге жуық адам болғандықтан, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды.

Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт ресімдеді. Мекеме иесіне және іс-шараларды ұйымдастырушыларға айыппұл салынады.

Өткен демалыс күндері облыс орталығы мен Теміртау қаласының басқа да мекемелерінде карантин режимінің өрескел бұзушылықтары анықталды.

Түлкібас: жаңа көпір пайдалануға берілді
Соңғы тәулікте коронавирустың 7 671 жағдайы тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу