"Қай министр өтірік айтып жатыр": Тамара Дүйсенова

Oinet.kz 30-06-2022 648

Зейнет жасын төмендету мәселесі қаржы министрімен екінші кезеңде талқыланады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды  Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме тастап.

Screenshot_1.jpg

16 маусымда еңбек министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі үкіметтің қаржы блогымен қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бірақ 28 маусымда үкімет кулуарында вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистерге бұл мәселенің әлі қаралмағанын айтты. Бүгін БАҚ өкілдері Тамара Дүйсеновадан "қай министр өтірік айтып жатқанын" сұрады.

"Ешкім өтірік айтқан жоқ. Бюджеттік процесті білесіздер ғой. Қаржы министрлігі және экономика министрлігі бірлескен жұмыс тобы бар. Жұмыс тобы бірінші кезеңнен өтті. Енді екінші кезеңде министрлердің алдына шығуымыз керек. Содан кейін барып республикалық бюджет комиссиясының алдына барамыз. Оның үстіне Ерұлан Жамаубаев қаржы министрі ғана емес, вице-премьер ғой. Сондықтан біз министрлердің алдына әлі жеткен жоқпыз", - деп жауап берді Дүйсенова парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Министрдің айтуынша, жұмыс тобында вице-министрлер жұмыс істеп жатыр.

"Кейінгі топта мен өзім шығып, бұл мәселе министрлер деңгейінде талқыланады. Сондықтан қазір жұмыс тобында барлық министрлік өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ал қаржы министрінің оны білу-білмеуінен менің хабарым жоқ", - деді Дүйсенова.

Ұлттық музейде «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты жылжымалы көрме ашылды
Маңғыстаулық дәрігерлер улы жәндік шаққан тұрғынды ажалдан арашалап қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу