Полицейлер 11,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген браконьерлер тобын ұстады

Oinet.kz 04-07-2022 382

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізу нәтижесінде облыстың 3 ауданының аумағында балық ресурстарын заңсыз өндірумен айналысқан күдіктілердің жолын кесті. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов жеткізді: 

Screenshot_9.jpg

"Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, Түркістан облысының 7 тұрғынынан тұратын алдын ала сөз байласу арқылы қылмыс жасаған адамдар тобын ұстадық, олардың бірі бұрын сотталған.  Күдіктілер балық аулауға қажетті барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған, яғни қайықтар, костюмдер, электр қондырғыларын қолдана отырып, табиғи ресурстарды өндіруді табыс көзіне айналдырған. 

Белгілі болғандай, браконьерлер түнгі уақытта Шардара және Көксарай су қоймаларында, табиғат қорғау инспекторларының жоқ сәтін біліп, заңсыз балық аулаған. Содан кейін олар екі автокөлікпен заңсыз ауланған балықтарды Шымкент қаласының базарларына апарып сатқан. Ақшасын өзара бөлісіп отырған. 

Қазіргі уақытта алдын ала сөз байласып қылмыс жасағандардың заңсыз балық аулаудың 3 жайтына қатыстылығы дәлелденді. Ал келтірілген шығын көлемі 11,5 миллион теңгеден асады. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту кезінде, 2 автокөлік, 3 қайық, 4 қайық қозғалтқышы, 10 қармақ, 6 балық аулау костюмі, 2 радиостанция және басқа да балық аулау құралдары, сондай-ақ 120-дан астам балық аулау торлары мен 1,5 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіледік. 

Бүгінде 3 күдіктіні қамауға алдық, топтың қалған мүшелеріне қатысты "ешқайда кетпеу туралы қолхат" түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеуді ҚР ҚК 335-бабы "Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру" бойынша жүргізудеміз.  Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда", - деп түйіндеді полиция полковнигі Қ.Сахов. 

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Алматы сары аймаққа өтті
Полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты 1500-ге тарта құқық бұзушылықты анықтады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу