Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғаларды аттестаттаудан өткізу тәртібі туралы

Oinet.kz 14-02-2023 207

Screenshot_2.jpg

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы № 62 бұйрығымен бекітілген "Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидасына сәйкес өткізіледі.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларды аттестаттауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың әділет департаменттері (бұдан әрі-көрсетілетін қызметті беруші) болып табылады.

Әділет департаменттері жанында құрылатын Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғаларға аттестаттау жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) www.egov.kz, www.elіcense.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі - Стандарт) 8-тармағында көрсетілген құжаттарды тұрғылықты жері бойынша жолдайды. 

Яғни құжаттардың тізбесі:

1) өтініш; 

2) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін мәліметтер нысаны; (диплом және  жыл нотариустан өткен туралы тағылымдамасы)

3) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.

Құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда, өтініш "электрондық үкіметтің" веб-порталына келіп түскен күнінен бастап 2 (екі жұмыс) күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оларды қарамастан, қайтару себебі туралы хабарламамен бірге үміткерге қайтарады.

Нотариаттық  қызметпен айналысуға үміткер адамдарға қойылатын негізгі талаптар: жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі бар, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзімде тағылымдамадан өткен Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.

Тағылымдамадан өтушілер кемінде бес жыл нотариаттық қызмет өтілі бар нотариустарда тағылымдамадан өтеді.

Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында  немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар, сондай-ақ мемлекеттiк нотариустар аттестаттаудан өтпестен нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға құқылы. 

Заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы, теріс себептер бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан шығарылған, сондай-ақ судья лауазымынан босатылған адам шығарылған (босатылған) күннен бастап бір жыл бойы, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы, нотариаттық әрекет жасау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергені үшін мемлекеттік нотариус лауазымынан шығарылған адам, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айырылған адам, егер шығарылған күнінен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе, теріс себептер бойынша заң консультанттары палатасының тізілімінен шығарылған адам да нотариус бола алмайды.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет тегін көрсетіледі. Аттестаттау қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес өткізіледі.

Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге компьютерлік тест тапсыру;

2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.

Тестілер мен емтихан билеттеріне енгізілуге жататын сұрақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қалыптастырады және бекітеді. Үміткерлер үшін Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын білуге арналған сұрақтар (Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі, Қазақстан Республикасының Жер Кодексі, Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" және "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының заңдары) кемінде үш нұсқасы бар біреуі дұрыс болатын жауапты құрайды.

ұсынылған сұрақтардың жалпы санынан 70 (жетпіс) және одан жоғары болса, үміткер тестілеуден өтті деп саналады және екінші кезеңге жіберіледі.

Емтихан билеттерінің сұрақтарына жауап дайындауға 10 (он) минут беріледі. 

Үміткердің емтихан билеттерінің сұрақтарына ауызша жауаптарының дұрыстығын комиссия мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.

Комиссияның әрбір мүшесі аттестатталушының әрбір сұрағы бойынша жауаптарды басқаларына қарамастан бес балдық жүйе бойынша бағалайды.

Екінші кезеңнің қорытындылары бойынша төрағалық етуші Комиссия мүшелері қойған нәтижелерді есептейді және жалпы орташа балл шығарады. Орташа балл үміткердің жинаған балдарының жалпы санын қатысып отырған Комиссия мүшелерінің санына бөлу жолымен анықталады. Үміткердің қорытынды балы есептеу кезінде 3,1 болса 3,1 ретінде бағаланады, есептеу кезінде 4,5 болса 4,5 ретін бағаланады және бұдан әрі де осылайша.

Комиссия мүшелерінің бағалары, сондай-ақ аттестатталушының емтихан билетінің сұрақтары бойынша жинаған жалпы орташа балы Комиссияның хаттамасында көрсетіледі.

Егер жалпы орташа балл 4 (төрт) және одан жоғары балл болса, үміткер аттестаттаудан өтті деп есептеледі.

Осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау туралы дәлелді шешім не 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттамау туралы шешім мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі болып табылады.

Комиссияның аттестаттау не аттестаттамау туралы шешімі аттестаттау өткізілген күні шығарылады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі электрондық нысанда ресімделеді, көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электронды цифлық қолтаңбасымен (бұдан әрі - ЭЦҚ) куәландырылады және көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" электрондық құжат нысанында жіберіледі.

Базарбай Анықбекұлы Алтынбеков,

Түркістан облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы 

Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғаларды аттестаттаудан өткізу тәртібі туралы
Мақпал Жүнісова Алтынбек Қоразбаевтың өзіне ессіз ғашық болғанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу