«Қаршадайынан көріп өскен қыз ғой»: Төрткүлдегі қайғылы жағдайдан соң комменданттық сағат жарияланға
6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында бір қыздың мәйіті табылды, деп хабарлады Oinet.kz тілшісі.
Болжам бойынша 16 жастағы бойжеткен кісі қолынан ажал құшқан. Бұл жайлы «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры оқиға орнында үш адам болғанын айтып мәлімдеме жасаған еді. Ал полиция бір күдіктіні ғана ұстаған.
Қайғылы оқиғадан кейін Төрткүл ауылында күзет күшейіп, жұрт кешкі жетіден кейін үйден шыға алмай отырғандарын айтты.
Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылында төрт күннен бері маза жоқ. Дәл құрбан айт күні тасжол бойында орналасқан балабақша маңынан студент қыздың мәйіті табылды. Бойжеткен бесінші маусым күні отбасының дүкеніне жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Оны іздеуге үй-іші ғана емес, ауыл-аймақ түгел кірісіп, таңғы жетіде әуелі сөндірулі телефонын, кейін сөмкесін, одан кейін мүрдесін тапқан.
«Қайтыс болған соң милициялардың осы жерде қарап тұрғанын көрдім. Осы жерлерді милициялар қоршап тұрғанын көргенмін. Қасына келген жоқпыз. Анау жерден көрдім сыртынан. Ол кезде кезекшілікте емес едім», – деді балабақша күзетшісі.
Қара жамылған отбасы сұхбат бере алмайтынын айтты. Марқұмның бес баланың кенжесі екені белгілі болды. Ол Шымкент қаласында медициналық колледждің бірінші курс студенті болған. 16 жастағы қыз дәл сол күні қаладан келіп, қолғабыс етуге дүкенге жұмысқа шыққан.
«Менің жүрегім аузыма тығылды. Қан қысымым көтеріліп кетті. Қаршадайынан көріп өскен қыз ғой... көз алдымызда... Енді жетіліп келе жатқан қыз ғой. Ішіміз ашиды, әрине. Қызымыз ғой. Қандай жағдай болғанын білмейміз. Әйтеуір естіп жатырмыз өлтіріп кетті дегенді. Күзет күшейді деп жатыр. Жақсы жұмыс істеп жатыр. Іздеу салынып жатыр. Кешке қарай шығуға тыйым салып жатыр. Ішіміз ашығанда енді, айтпаңыз. Бір мүшеміз жұлынғандай болып жатыр. Қызға тиіскен кісі ме? Шатаспасам үш айдан асты-ау деймін бұл жақта жүргеніне. Оның алдында да келіп жүретін бірақ... Өзбектер бұл жерде нан жабатын, самса пісіретін. Жеке жүреді. Естуім бойынша біреу. Үлкендеу кісі ғой», – деді жаға ұстаған ауыл тұрғындары.
Күдікті де алыстан келмеген. Ол дүкен маңындағы наубайхана жұмысшысы. Тұрғындардың айтуынша, Өзбекстан азаматы. Төрткүлде араға бірнеше ай салып келіп тұрған.
«Бір жас қыздың мәйіті табылған. Қазіргі таңда ол іспен құзырлы органдар айналысып жатыр. Ол қыз енді Төрткүлдің қызы. Медколледжде Шымкентте бірінші курста оқиды. Күдікті ретінде кім ұсталғанын біле алмаймыз. Бір адам ұсталды. Күнделікті кешкісін патрульдік қызметтер жүріп жатыр. Дүкендерді қадағалап жатыр қазір. Кафелерді қадағалап, қатаң түрде жұмыс жүріп жатыр», – деді Төрткүл ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сапаров.
Қазір бұл қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Осылай деп мәлімдеген полиция департаменті күдіктінің қай бап бойынша жауапқа тартылғанын жариялаған жоқ.