Сәуірде 40 пайыз деңгейінде тапшылық болады
Түркістан өңірінің көлік жүргізушілері кейінгі күндері автогаз құю бекеттерінде кезектің көбейгеніне алаңдаулы.
Жүргізушілер Түркістан қаласындағы автогаз бекеттерінің көбінде газ жоқ екенін, бар болғанның өзінде сағаттап күтетіндерін айтуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде газдың тәуліктік тұтыну көлемі 500-550 тоннаны құрайды. Сәуір айына облысқа 8 392 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Алайда осы айда шамамен 40 пайыз деңгейінде тапшылық болады деп болжанған. Бұл жағдай «ПҚОП» ЖШС (Шымкент мұнай өңдеу зауыты) өндірістік қуаттарында 27 наурыз бен 5 мамыр аралығында жүргізіліп жатқан жоспарлы алдын алу жөндеу жұмыстарымен байланыстырылуда.
Таяуда Ақтөбе мұнай газ зауытынан облысқа 2304 тонна газ жөнелтілген. Ай соңына дейін аталған зауыттан кезең-кезеңімен қажетті көлем жіберіледі. Сонымен қатар, «Теңізшевройл» компаниясынан 612 тонна сұйытылған газ жеткізілді. Соңғы күндері Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби, Сауран, Отырар аудандарында сұйық отын тапшылығы байқалған. Басқарма өкілдерінің айтуынша, аталған аудан, қалаларға «Теңізшевройл» ЖШС-ынан сұйытылған мұнай газын алатын ірі субъектілер арқылы станцияларға қажетті көлемде тұрақты жеткізіліп отыр. Алайда бұл субьектілердің аудан, қалалар аумағында автогаз құю бекеттерінің аз болуы себепті кезек көбейіп, тапшылық сезіліп отыр. Дегенмен облыс бойынша дүйсенбіден бастап газ толтыру станцияларынан сәуір айына бөлінген сұйытылған мұнай газы аудан, қалаларға жөнелтіле бастаған. Облыста автогаз құю бекеттеріндегі қор көлемі 394 тоннаны құрайды. Бүгінде сұйытылған мұнай газын таратумен 43 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Газдың бөлшек сауда бағасы литріне 102-107 теңге аралығында.
Айта кетелік, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы баспасөз қызметі жоспарлы алдын алу жұмыстары аясында қысыммен жұмыс істейтін 573-тен астам жабдыққа, сондай-ақ 170-тен аса технологиялық құбырға міндетті техникалық куәландыру мен сараптама жүргізілетінін мәлімдеді. Жөндеу жұмыстарына барлығы 2035-тен астам адам және 222 арнайы техника жұмылдырылмақ. Сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде кезінде мұнай өнімдері алдын ала жасақталған қор есебінен жөнелтіледі. Қазіргі таңда зауыттың резервуарлық паркінде жиналған қор көлемі: автобензин – 29 450 тонна; дизель отыны – 22 900 тонна; авиакеросин – 10 530 тонна.
«ҚазМұнайГаз» өкілдерінің хабарлауынша, «ПҚОП-та» жоспарлы алдын алу жұмыстарын өткізу кезінде «ҚазМұнайГаздың» тағы екі мұнай өңдеу зауыты – Павлодар МХЗ мен Атырау МӨЗ мұнай өнімдерінің өндірісін штаттық режимде жалғастырады. Қазіргі уақытта еліміздің мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты: АИ-92 маркалы бензин қоры 38 күндік тұтыну мөлшерін, ал дизель отыны қоры 49 күндік тұтыну мөлшерін құрайды. 20 сәуірден бастап технологиялық қондырғылар кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған.


