Қытайдан келуші қандастар көбейді
Қазақстанда соңғы жылдары көші-қон сальдосында оң көрсеткіш байқалып отыр. Ұлттық статистика бюросы мен Көші-қон комитетінің мәліметтеріне қарағанда, Қытай Халық Республикасынан келетін қандастардың қатары күрт өскен.

Атап айтқанда, 2025 жылы Қытайдың 7405 азаматы Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келген. Ең төменгі деңгей 2021 жылы болған. Ол жылы аспан асты елінен 249 адам көшіп келген. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрақты тұруға көшіп келушілердің барлығы этникалық қазақ екенін растап отыр.
Көші-қон комитетінің дерегінде өткен жылы Қытайдан 7 405 этникалық қазақтың келіп, «қандас» мәртебесін алғаны көрсетілген. Олардың арасында 3 690 отбасы бар. Қытайдан келетін қандастардың негізгі бөлігі еңбекке қабілетті жастар (57,4%). Олардың арасында денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және шығармашылық саласының білікті мамандары бар, 15 пайызы – жоғары білімді азаматтар. Көші-қон комитетінің дерегінше, 1991 жылдан бері Қытайдан 378 мыңнан астам қазақ тарихи отанына оралған.


