Түркістандық студент оқуға да үлгеріп, кәсібін де дөңгелетуде

Oinet.kz 14-04-2026

Мейірлан Досжанов – Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде Спорт факультеті, Дене мәдениеті кафедрасының 4 курс студенті. Грантта оқиды. Ол биыл оқуды аяқтаған соң өз мамандығы жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Қазір ол университеттің оқу жоспарына сәйкес, қаладағы Теннис орталығында іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Теннис орталығы Мейірланды аттай қалап, диплом алған соң жұмысқа қабылдайтындарын айтып осында шақыруда. Себебі Мейірлан өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындап, зор жауапкершілік танытады. Басшылықтың да, орталыққа келген клиенттердің де көңілінен шығып, нәтижеге жұмыс істеуде. 

Screenshot_5.jpg

Мейірлан үйінің кенжесі. Бірақ ол студент болса да ата-анасына, аға-әпкелеріне еркелеп жүрген жоқ. Ол кішкентайынан кәсіпке жақын болып өсті. Мейірланның кәсіптегі алғашқы қадамы өзімізге етене таныс, ұлттық сусын – көже сатудан басталды. Анасы дайындаған көжені күнделікті ішіп жүрген Мейірланға «бұл көжені неге басқаларда ішпеске?» деген ой келеді. Себебі ол анасының көжесінің дәмі – әлемде теңдесі жоқ деп есептеген. Ал мұндай дәмді көжені тек өзі ішкені – ұят. Басқаларда дәмін көріп, өз бағасын беру керек. Және де анасының еңбегі бағаланғаны абзал, яғни тегін болмау қажет. Осылайша жас жігіт анасы әзірлеген өнімді сатылымға шығарады. Ол көжені жай ғана сатып қоймай, оған тауарлық сипат берді. Алғашында қарапайым құтыларға құйып, сыртына қағаз орап, фирмалық өнім ретінде нарыққа ұсынды. Бұл оның кәсіпкерлік түйсігінің жоғары екенін, кез келген өнімді бренд ретінде қалыптастыруға болатынын түсінгенін көрсетеді. Нәтижесінде көжеге деген сұраныс артып, отбасылық бюджетке қаржы түсе бастаған. Мейірлан бұл қаржыны жеке басының қажеттілігіне жұмсап жібермей, оны қайта айналымға салып отырды.     

Мейірлан көжеден түскен пайданы ысырап қылмай, ісін кеңейтудің жолдарын іздестірді. Яғни тек көже сатумен шектелмей, нарықты зерттеді. «Қазіргі адамдар не тұтынады? Қандай тауарға сұраныс жоғары? Қандай кәсіп бастасам табысқа шығамын? Қандай кәсіптен жер сипап қалуым мүмкін?» Осы сауалдарға жауап іздеп, ақыры попкорн бизнесіне келді. Бұл стратегиялық шешім болды. Бар болғаны 6 мың теңге бастапқы капиталмен (1 кг карамельді және 1 кг түрлі-түсті попкорн сатып алу арқылы) ол өз өндірісін бастады. Мұндағы басты ерекшелік – оның сапа мен эстетикаға мән беруі. Қарапайым пакеттердің орнына 75 теңгелік сапалы «дой пак» қаптамаларын таңдауы оның тұтынушы алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Нәтижесі де көп күттірмеді: «Халық маркет» және «Халық сити» сынды ірі дүкендермен келісім жасап, күніне 40 пакетке дейін өткізіп, 10 мың теңге пайда таба бастады. Адамдар да бұрынғыдай аңғал тұтынушы емес. Оларда таңдау мүмкіндігі мол. Дефицит заманда не бар болса соны тұтына беретін адамдар қазір әрбір азық-түлік, киім-кешек, түрлі тауарды бір-бірімен салыстырып барып алады. Сондықтан да тауардың тек сапасы емес, сыртқы кескін-келбеті әсем болғаны жөн. Адамдар әсемдікті жақсы көретіні белгілі. Мейірлан осындай маркетингтік амалдарды терең меңгеріп, тұтынуышылардың психологиясына терең бойлай білетін қасиетін түрлі сынақтар, тәжірибелер жасап көру арқылы әрмен қарай дамытты. Яғни қазіргі таңда дүкен ашып, сөреге тауарды қойып сату деген әдіс өтпейді. Тұтынушыға тауарды өткізу үшін бірнеше қадамнан тұратын амал-әрекеттер жасау қажет.

Мейірланның тұлғалық қасиетін ашатын тағы бір маңызды тұс – оның қаржылық тәртібі мен адамгершілік принциптері. Ол өз мемлекетінен алатын 80 мың теңге шәкіртақысын ойын-сауыққа емес, бизнесіне қажетті шикізат пен қаптамаларға инвестиция ретінде жұмсайды. Ал анасының еңбегімен келген көжеден түскен пайданы міндетті түрде анасына береді. Бұл – қазақ жігітіне тән үлкен сыйластық пен жауапкершіліктің белгісі. Ол бүгінгі масылдық психологиядан арыла алмай жүрген кейбір жастарды түсінбейтінін, жұмыс істеймін деген адамға елімізде көптеген мүмкіндік қарастырылғанын айтып өтті.  Масылдық психологиядан құтылудың жалғыз жолы – еңбекке деген көзқарасты өзгерту. Хакім Абай айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Нағыз тәуелсіздік – бұл қаржылық және рухани еркіндік. 

Screenshot_6.jpg

Мейірлан бір орында тұрып қалғанды ұнатпайды. Попкорн сатып жүргенде ол жаңа деңгейге шығып, кәсібінің өрісін кеңейтуді ойлады. Қазір балықшыларға арналған құрал-жабдықтар сатуды қолға алды. Мейірланның айтуынша, бұл кәсіпті ағасы екеуі бастады. Олар қаладан бір кішігірім ғимаратты жалға алып, ішін балықшыларға арналған ассортименттермен толтыруда. Дүкен енді ашылғандықтан, мұнда әлі жасалатын жұмыс көп. 

– Біздің дүкен әуесқой балықшыларға жемдер, қармақтар, торлар, палаткалар, қайық аксессуарлары ұсынады. Біз тек тауар сатумен шектелмей, кеңес беру қызметін де атқарамыз. Клиенттерге дұрыс жем таңдауға, балық аулауға қандай қармақ тиімді, палатканы қалай құру керектігін, қайыққа қажетті аксессуарларды қалай қолдану керектінін түсіндіреміз.

Түркістан облысында кішігірім өзен-көлдер көп. Облыс орталығында жұмыс істейтін ерз-азаматтар демалыста балық аулауға жиі шығады. Осы арқылы олар бір жағы таза ауада, тыныштықта демалып, екінші жағы отбасына азық апарады. Бұл әрбір адамға қуаныш сыйлайтын адал кәсіп болғандықтан дүкеніміз қаңырап бос тұрмайды деген сенімдеміз,  - дейді Мейірлан.  

Студент жігіт бұл кәсіпті оқумен қатар алып жүргенін, бірақ бірінші кезекке білім алуды қоятынын айтады. Ол дүкенді толықтай автоматтандырып, өзінің қатысуынсыз жүріп тұра беретін деңгейге шығарғысы келеді. Ол үшін тайм-менеджментті меңгеру керектігін түсіндірді. Тайм-менеджментті меңгерген адам оқуға да, жұмысқа да, жеке өміріне де уақыт табады. 

«Жалпы, қазіргі нарықтық заманда зіңгіттей жігіт бола тұра ата-анаға қол созуды ұят деп санаймын, сондықтан ең бастысы адамда ниет, жоспар болса, оны әрі қарай өзінің тынымсыз еңбегімен ұштастырса барлығы сәтті боларына сенімдімін. Өз ісіне деген сенімділік – адамның өмірінде алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауға жол ашатын күш. Әрбір адам қарақан басын ойламай, қоғамға пайда тигізуді ойлауы керек. Мен оқуды аяқтаған соң Отанға қызмет еткім келеді. Грантта оқитындықтан оның өтеуі бар. Және де елімізде спорт саласын дамыту өте маңызды. Себебі әлемнің назары спортқа түсіп отыр. Спорт арқылы жетістікке жетуге мүмкіндік мол», – дейді жас кәсіпкер.

Біз өз ісіне асқан ұқыптылықпен қарап, барлық жерде сапаға мән беріп отырғанына дән риза болдық. Елімізде осындай азаматтар көп бола берсін деген ниеттеміз. 

Cоғысқа байланысты Қазақстан Иранмен жасалған барлық келісімді тоқтатты
Шымкентте Coca-Cola брендінің атын жамылып қолдан сусын жасағандар әшкере болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу