Шымкентте Coca-Cola брендінің атын жамылып қолдан сусын жасағандар әшкере болды
Шымкентте Әділет департаментінің қызметкерлері Coca-Cola брендінің атын жамылып қолдан жасалған контрафакт өнімдерді анықтады.

Қала базарларында жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде Coca-Cola брендінің атын жамылып қолдан жасалған өнімдер сатылғаны анықталды. Тексеріске The Coca-Cola Company-дің ресми өтініші негіз болған. Компания өздерінің құқығы бұзылғанын, қала сөрелерінде шығу тегі күмәнді өнімдер пайда болғанын мәлімдеген.
"Қала базарлары аумағында жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында контрафакт сусындардың ірі партиясын сату дерегі расталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттары бұзылғаны және тиісті рұқсат құжаттары болмағаны анықталды", - деп жазылған Әділет министрлігі хабарламасында.
Бұл жайтқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалған. Материалдар сотқа жолданды.


