ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН АНАЛАР

Oinet.kz 03-06-2026

Screenshot_35.jpg

Бүгін Созақ ауданына қарасты Балдысу ауылында ел тарихын ұлықтап, аналардың ерен еңбегіне тағзым ету мақсатында «Жеңісті жақындатқан аналар» атты ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымы мол игі шараның бастамашысы – «Ауыл» партиясының мүшесі, «Ауыл» партиясы Түркістан облыстық өңірлік филиалы саяси кеңесінің мүшесі Ерубай Әлмаханұлы Дуанаев.

Салтанатты іс-шараға «Ауыл» партиясы атынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Салыбек Қайрат Келесұлы, Созақ ауданы бойынша «Ауыл» партиясы аумақтық ұйымының төрағасы Бабиев Аманкелді Әбибуллаұлы, сондай-ақ «Ауыл» партиясы атынан сайланған Созақ аудандық мәслихатының депутаты Сапарбаев Рыскелді Ұнсарыұлы арнайы қатысып, ауыл ақсақалдары мен ардақты аналарына құрмет көрсетті.

Шара барысында ескерткіштің лентасы қиылып, көпшілік соғыс жылдарында тылда тынымсыз еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан аналардың рухына тағзым жасады. Өз сөзінде Қайрат Келесұлы:

«Соғыс жылдарында аналарымыз бен аталарымыз елдің ауыр жүгін қайыспай көтеріп, адал еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Осындай тарихи еңбекті кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, есімдерін алтын әріппен жазып қалдыру – үлкен сауапты іс. Осындай бастама көтерген азаматтарға алғысымды білдіремін», – деп ізгі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ арнайы дайындалған сый-сияпаттар ауылдың ардақты аналары мен ақсақалдарына табысталды. Іс-шара соңында құран бағышталып, ас берілді.

Мерекелік жиын ауыл жастарының концерттік бағдарламасына ұласып, сахналық көріністер арқылы соғыс жылдарындағы аналардың ауыр тағдыры мен қажырлы еңбегі әсерлі түрде бейнеленді. Көрермендер тарихи қойылымнан ерекше әсер алып, аналардың қайсар рухына тағы бір мәрте тағзым етті.

Шара басталар алдында Ерубай ақсақал келген қонақтарды ауыл ішіндегі табиғаты көркем, суы балдай тәтті Табақ бұлақтың басына бастап барып, қасиетті өлкенің тарихымен таныстырды. Қарт Қаратау мен Келіншек тау туралы тағылымды әңгімелер айтып, туған жердің шежіресіне терең бойлатты. Бұл тағылымды кездесу қонақтарға ерекше әсер сыйлап, туған жер тарихына деген құрметті арттыра түсті.

Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы кейінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін терең түсініп, ел бірлігі мен тыныштығының баға жетпес құндылық екенін ұғынады. Ендігі жерде жер бетінде қасіретті соғыс болмасын, аналардың көз жасы төгілмесін, сәбилер жетімсіреп, шаңырақтар ортасына түспесін деген ақ тілектер айтылды. Батыр аналардың төзімі мен еңбегі мәңгі ел жадында сақталып, ұрпаққа рухани мұра болып қала бермек.

Депутатский запрос
"Ерсұлтан-Агро" ЖШС базасында ауқымды тәжірибелік жұмыстардан өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу