«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: САРЫАҒАШТА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТІП, КОММУНАЛДЫҚ САЛАҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау құндылықтарын дәріптеу және туған жер тазалығына деген жауапкершілікті арттыру.
Тазалық жұмыстары таңғы сағат 08:00-де басталып, аудан аумағындағы көшелер мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, шөптер орылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Әсіресе, Телемұнара шағын ауданында өткен сенбілікке Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының Сарыағаш ауданы бойынша аумақтық ұйымының төрағасы Салыбек Қайрат Келесұлы және аудан тұрғындары белсене қатысты. Тазалық жұмыстары республикалық, облыстық және ішкі көшелер бойында жүргізілді.
Сенбілік барысында «Ауыл» партиясы тарапынан коммуналдық сала қызметкерлеріне қолдау ретінде 50 дана шөп шабатын триммер табысталды. Бұл – еңбек адамдарына көрсетілген құрмет пен қоғамдық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев игі бастамаға қолдау білдіріп, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына тазалық жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Жалпы сенбілікке 1100-ге жуық адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды.
Қазіргі таңда аудан көлемінде 500 көше, 37 аялдама, 161 шақырым аяқ жол, 34 саябақ пен сквер, 50 шақырым арық-атыз және 78 шақырым ирригациялық жүйеде тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде.


