Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонансты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы, прокурор айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Атырау облысында төрт адамның қазасына қатысты резонансты іс аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемәлиевке ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айта кетейік, Сәрсемәлиевке тек адам өлтірді деген айып тағылған жоқ. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен, пайдакүнемдік ниетпен және өзге де ауырлататын мән-жайлармен өлтірді деп айыпталған.
Бұдан бөлек, оған қатысты өзге де айыптар бар. Мемлекеттік айыптаушы:
аса ірі көлемдегі ұрлық үшін – 6 жыл,
алаяқтық үшін – 6 жыл,
мал ұрлығы үшін – 4 жыл,
құжаттарды заңсыз алып қою, жою және жасыру фактісі үшін – 60 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындауды сұрады.
Алайда барлық айыпты ескере отырып, түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және жазаны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді ұсынды.


