Экс-шенеунік Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты
2025 жылғы мамырда үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

ҚАЖК мәліметінше, сот шешімі негізінде Қожағапановтың жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлмен ауыстырылған.
"Сондай-ақ, жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімнің орындалуына қатысты өзге де мәселелер бойынша материалдарды қарау және шешім қабылдау тек сот органдарының құзыретіне жатады", - деді комитеттегілер.
Айта кетейік, 2024 жылғы наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын тергеу нәтижесінде бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстағаны белгілі болды.
2025 жылы бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс сотқа берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаевтың айтуынша, бұл іс бойынша келтірілген шығын өзгеріссіз қалған және 1 миллиард теңгеден асады.


