Орынтай Көмеков. Табалдырыққа жатып нем бар еді?

Oinet.kz 06-11-2019 1372

Орынтай Көмеков.jpg

Күн демалыс болғандықтан үйдегі ұсақ – түйек жұмыстарды өзімше пысықсынып ретімен атқарып жатқам. Кенет, көршінің баласы Қалқай үйге алқына – жұлқына кіріп келді.

- Ассалаумағалейкум, көке! Хал жағдайыңыз қалай? Сізді папам үйге шақырып жатыр. Мүмкін болса, тезірек келсінші деп өтініш айтуда, - деді ентіге.

- Е, не болып қалды, табан астында асығатындай, - дедім мен ешнәрсенің де парқына түсіне алмай.

- Кеше түнде үлкен ағам үйге келіншек әкелген. Онысы әлі күнге дейін кетемін, бәріңді де шеттеріңнен соттатамын деп көнбей жатыр.

- Оған менің не қатысым бар, айналайын – ау -, деп тағы аң – таң қалдым.

- Білмеймін ғой. Әйтеуір, папам Сізге тезірек келсін деді ғой, - деді де Қалқай шығып кетті. Сол арада ойланып қалдым.

«Келіннің түскені жақсы. Егер осы уақытқа дейін көнбей жатса оны жөнге салатын сөздері дуалы көрші – қолаңның кемпірлері бар емес пе? Ауылдағы даулы мәселелерді негізінен солар шешуі керек қой. Қой, Дәркембай құрдасым бекерге шақырып жатпаған болар. Барсам – барайын. Қолдан келген жәрдемім болса - аянбайын», - деп үстіме бір киер тәуір киімдерімді киіп, көршінің үйіне қарай аяндадым. Бір байқағаным ауылдағы жалғыз дүкеннің жанында тұратын оның үйінің ауласында адам қарасы көп екен. Үй ішінен шаңқылдаған, зіркілдеген әйелдердің дауысы емін – еркін шығып жатыр. Дәркембай құрдасым мені құрақ ұша қарсы алды. Түнімен жөнді ұйықтамағаны шүңірек көздерінен көрініп тұр. Ол мені үйден оңашалау жерге алып шықты.

- Міне, досым көрдің ғой үйдегі айқай – шуды. Шынын айтқанда, менің жуәрмегім ол қызды онша танымайды да екен. Бір, екі мәрте сыртынан көрген де алып қашқан ғой. Соның әсері болар, бүгін екінші күн Шымкенттен келген қыздың көнбей жатқанына. Бәріңді құртамын, түрмеде шірітемін деп орысша – қазақша сыбап, жүйкемізді жұқартып барады. Ақыры, болмаған соң саған кісі жібердім.

- Сонда келін осы үйде «постоянно» қалу үшін менің не істеуім керек?

- Сен қанша дегенмен ел ағасысың ғой. Бір кездері осы ауылдан ауданға депутат болып сайландың. Оның үстіне тіліңнің майы бар шешенсің. Жазушылығың тағы бар. Әптеритет дегенің ұрып тұр емес пе? Сен ана көнбей жатқан келінге бар да жағдайды жақсылап түсіндір. Ондай жағымсыз әрекетін қойып, мәмілеге келсін. Басына орамалын салғызсын.

- Бұл мәселеге неге ауыл кемпірлері араласпайды? – дедім одан әрі көнгім келмей.

- Ой, досым оны айтпа. Түнде Талқанбайдың кемпірінің шашын жұлып, Кәуекбайдың әйелінің жағын опырып жібере жаздады. Әлгі Жұрымбайдың көк бет долы әйелінің бетін тырнады. Өзімнің келіншегімнің екі тісін сындырып, қолына санап берді... Ал, көрші Қарғабайдың қара қайыс қатыны Қақшиманы ырғып теуіп, желкесін үзіп жіберуге таяу қалды... Ой, Құдай - ай, бұл келін – келін емес, келсап болатын түрі бар.. Алдына барғанды тістеп, артына барғандарды теуіп жатыр...

- Ойбай, достым. Менің де «шайламды тігіп» жібермесіне кім кепіл бола алады? – дедім мен үрейлене түсіп.

- Қорықпа, сен ер адамсың ғой. Жасыңды сыйласа да саған онша тиісе қоймас. Жүдә, сөзіңе көнбей жатса «Айналайын ақ келін, ешқайда да кетпейсің. Кетсең менің үстімнен аттап өт», - деп табылдырыққа жата қал.

- Қойшы, әрі . Бұрын есіктің, табалдырығында кемпірлер жатады деуші еді. Томардай болып менің жатуым ерсі болар, - деп одан әрі қашқақтадым. Бірақ, оныма Дәркембай да көне қоймады. – Мен саған жан досым деп айтып жатырмын. Егер осыдан келін көніп, үйде қалатын болса, өзіңе арнап костюм – шалбар кигізу мойнымда тұр, құрдас, - деп Дәркембай көзіне жас алған соң, көнбей қайда барам? Нар тәуекел деп сол арада «свежий» ауадан терең жұтынып алдым да айқай – шу шығып жатқан бөлмеге кіре бердім. Үлкен залдың ішінде ауылдың төрт – бес әйеліне денесі жардай бір қыз зіркілдеп тұр екен. Аумағы әжептәуір үйдің астаң – кестеңі шыққан. Бір терезенің әйнегі күл талқаны шыға қираған. Тойған қозыдай томпиған менің әсем «фигурамды» көрген олар біршама бөгеліңкіреп қалды. Мен оларға барынша ізетпен амандасып, әлгі денесі жардай қызға өзі келін боп түскелі отырған отбасының кешегі мен бүгінгі тарихымен жан - жақты таныстыруға көштім. Негізінен өсіп - өнген, заты момын жандар екенін майда тіліммен безей – безей келе осы үйде келін боп түскен жанның бақытты әрі үбірлі – шүбірлі болатының толқи отырып жеткіздім. Байқаймын, түйенің жарты етіндей болатын қыздың үні өшкен сияқты. Іштей мұны жақсылыққа жорыған мен енді ол көнді екен деп сыртқа шыға бергенімде:

- Сендер мені мұндай тәтті сөзбен алдай алмайсыңдар. Айттым – бітті, кетемін дедім – кетемін – деп әлгі төрт - бес әйелге бой бермей артымнан шығып келе жатыр екен.

- Айналайын, келінжан, қой енді. Бір ашуыңды бас, - деп алдынан шыға беріп ем, «Жоғалшы бар әрі, албасты!» - деп көкірегімнен итеріп кеп жіберді. Дуалға басым қатты соғылған екен, көзімнен от жарқ ете қалды... Сол сәт көз алдыма Дәркембай құрдасымның аянышты кейпі елестеп кетті. «Егер көнбей бара жатса қарсыласпай – ақ қой. Табалдырыққа көлденең жата қал. Басқасы басқа, дәл сенің үстіңнен әйел басымен аттап кетуге дәті бара қоймас. Если, осыдан келінді көндіріп берсең саған кигізер костюм – шалбарым әзір. Оның үстіне Дәркембайдың келінін көндіріп берген Сәлікбай нағыз ер деген атаққа қаласың, достым...». Осылардың бәрін шала – жансар ой елегінен өткізіп көрген мен істі бір жақты етейін деген оймен:

- Айналайын келін, әлі кеш емес. Менің тілімді ал. Сен ешқайда да кетпейсің. Осы үйде қаласың. Ал, менің айтқаныма көнбесең – өзің білесің, - деп дәл табалдырықтың үстіне ұзыннан сұлай кеттім. – Егер мықты болсаң үстімнен атта да қалаған жағыңа кете бер!- дедім өзімше керемет жаңалық ашқандай болып.

- Да, ну! Аттамағанда сен кім едің? Сен бұл жатысыңмен мені қорқыта алмайсың. Есіттің бе, дядя колобок! – деп бураның жуан санындай аяғымен үстімнен аттай берді де біздей туфлиінің өкшесімен үлкен дәрет шығатын жерімді қадап өтті... Ойпырмайдың қатыгезін- ай, туфлиі дәл жанды жеріме қадалғанда жер дүниені басыма көтере қалай шыңғырып жібергенімді өзім де аңғармай қалыппын ... Содан талықсып, естен танып қалыппын. Дәркембай құрдасым бетіме су шашып әзер тірілтіп алыпты. Тірілгенмен не пайда, кирелеңдеп жүре алмай қалдым. Келіні құрғыр менің «қасиетті» үстімнен қаймықпай аттап төркініне жөнеп кеткен ғой. Одан әрі не болды дейсіздер ме? Айтайын. Әлгі адам ұрғыш «атаман» келінді бүкіл ауылдың қариялары ертесіне ұйымдасқан түрде жалынып барып, әкеп алды. Бүгінде түк болмағандай ол келін жайраңдап жүріп жатыр. Ал, көресіні мен көрдім ғой. Келіннің ұшы біздей туфлиінің әсерінен бір апта үлкен дәретке отыра алмай қалдым. Сегізінші күн дегенде құлынша шыңғыра отырып, үйдегі дәретханаға ешкімді кіргізбей жүріп, үш сағатта екі құмалақ тастауға әрең қол жетті. Дәркембай сөзінде тұрып, маған костюм – шалбар әперді. Түсі былайша жаман емес, бірақ китайский... Мені майып қыла жаздаған келін бүгінде мені көрсе болды сықылықтап күле беретін болған. Е, көмгенде күлгір кебенек деймін іштей, сенің кесіріңнен қанша зардап шекпедім десеңші. Бірақ, сәлемін үзбейді, қашан көрсең де «Сәлеметсіз бе, қайнаға!» деп иіліп тұрғаны... Оның бәрі жақсы – ау, дегенмен еркек басыммен табалдырыққа жатып нем бар еді деген сумақай ойдың мені әлі мазалаумен келе жатқанын Сіздерден қалай жасырайын?

Барлығы төленді
Көкжалдың кегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу