Өнер иелерінің кәсіби аурулары

Oinet.kz 20-05-2020 1009

Кәсіби аурулар туралы естуіңіз бар ма? Ия, бәріміз пендеміз. Бәріміз ауырамыз. Бірақ мамандыққа байланысты кейбір аурулар адам талғайды екен. Мәселен, шығармашылық жолында, сахнаның үстінде жүрген музыканттарға тән дерттер бар көрінеді. Бұл аурулармен тек өнер адамдары ғана ауырады деген сөз емес. Тек кәсібіне байланысты жиі шалдығады.

news_full15668178297c42e6ebd53b037fb9380c4c8d2f4550.jpg 

Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде музыканттардың 90 пайызға жуығы кәсіби ауруға шалдығады екен. Бір қызығы кәсіби аурулардың 72 пайызы 25 жасқа дейінгілерде кездеседі. Зерттеушілердің айтуынша, бұл кезеңде консерваторияда оқып жүрген студенттер сабақпен қатар сахнада өнер көрсете жүріп, денсаулықтарына сызат түсіріп алады. 

XIX ғасырдың аяғында пианистер арасында қолдың қақсауы, сырқырауы, қалтырауы секілді аурулардың өршіп кеткені соншалық, мамандар консерватория мен колледждерде сабақ беру методикасын қайта қарап шығуға мәжбүр болды. Бұл проблема қазір де өзекті күйінде қалып тұр. Тіпті Берлинде өнер адамдарының кәсіби ауруларын емдеумен және  профилактикасымен шұғылданатын Музыканттардың денсаулық сақтау институты құрылған.   

Ақ халаттылардың айтуынша, музыка аспаптарында ойнайтын мамандар әдетте қол, білекте кездесетін миозит, бурсит, эпикондилит, ганглия, тендовагинит, периатрит, легаментит секілді ауруларға жиі шалдығады екен. Аталған кеселдер ауру сезімін тудырып қана қоймай, музыканттарды жұмыс істеу қабілетінен айырады.  Мәселен есімдері елге танылған С.Рахманинов, А.Тосканини, С.Танеев, Т.Нейгауз, С.Скрябин, Р.Шуман секілді музыканттар кәсіби аурулармен ауырғаны белгілі.  

Музыканттар қимыл-қозғалысы шектеулі адамдар. Яғни, олар көп уақытын дайындық студиясы мен сахнада өткізеді. Қобыз, виоленчель, пианино секілді ауыр аспаптармен сахнада ары-бері жүгіріп жүріп ойнаған әртісті көрдіңіз бе? Жоқ. Демек олар тіпті сағаттап бір орыннан тұрмайды. Міне, аурудың бәрі физикалық қимыл-қозғалыстың аздығынан туындайды.  Есесіне олардың қолдары, иық пен бастары үнемі қозалыс үстінде болады. Сағаттап скрипка немесе домбыра тартудың азабына тек кәсіби музыканттар ғана шыдайтын шығар. Осындай зорығу кезінде музыканттардың әдетте иық бұлшықеттері құрысып қалады. Ал бұлшықеттің жиырылуы неврологиялық ауруларға әкеп соғады.   

Солардың ішінде жиі кездесетіні – дискинезия. Ол пианист, скрипкашы, дауылпазшы, дирижерлерге тән ауру. Медицинада мұны тағы «координаторлы невроз», «кәсіби невроз» деп те атайды. Дискинезияға шалдыққан адамның қолы құрысып, қақсайды, бұлшықеттері тартылады.   Мамандар мұны музыканттардың қолды бірдестен қатты қозғалтуымен байланыстырады. Расымен де дирижердің іс-әрекетіне қарасаңыз, олар қолдарын жоғары немесе төмен қатты сілкініспен лезде көтере салады. Дискинезия тек қол бұлшықеттеріне ғана  қатысты ауру емес. Ол үрмелі аспаптың құлағында ойнайтын музыканттарға да қатысты. Айталық керней, сырнай, сыбызғы, флейта, кларнет, трубада ойнайтын музыканттар көп жағдайда ерін неврозымен зардап шегеді. Үрмелі аспаптың шеберлері сондай-ақ өпке эмфиземасымен жиі ауырады. Ол өкпеде газалмасу процесінің бұзылуымен және өкпеде ауаның көп жиналуымен сипатталады. Үрмелі аспапты ойнау оңай емес екені анық. Аспапты үрлеудің алдында музыкант өкпесіне ауаны толтырып алады ды оны күшпен аспапқа қайта жібереді. Осы процесс кезінде құрсақ қабырғасына да (брюшная стенка)  күш түседі де, салдарынан аяқтағы қан тамырларда қан айналым жүйесінің жұмысы бұзылады. Бұл бәрімізге белгілі варикоздың бастамасы болып табылады.  

Кәсіби аурулар әншілер де айналып өтпеді. Көмейіне бұлбұл ұялағандардың тыныс алу жолдары, тамақтары тез суықтайтын болып шықты.  Әсіресе ерте күз бен көктемде бұл ауру қоза түседі екен. Себебі бұл уақытта жылу маусымы басталмайды.  Суық  сахнада ән салған  әншілер салқын ауаны жұта бергесін тамақтары суықтап қалады. Ларингит, трахеит секілді аурулар осы кісілерге құмар келеді. 

Дерттен аулақ болу үшін дәрігерлер өнер иелеріне спортпен шұғылдануға, оның ішінде гимнастика, теннис, жүзумен айналысуға кеңес береді. Сонымен қатар мамандар музыканттарға аспапты 30-40 минуттан артық ойнамау керектігін айтады. Шамамен жарты сағаттан соң 5-10 минутқа үзіліс жасап, денені сергіту керек.  Ғалымдардың зерттеуі бойынша аспапты үздіксіз 40 минуттан көп тарту жүйке-бұлшықеттік аппараттың зақымдануына алып келеді. 

А.ЖҰМАБЕК

Әншілер дәрігерлерді қалай бағалайды?
Аққағаз Досжанованың өмірі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу