Арыстағы жарылыс: Менің көзіммен

1b226f3195f2c1d46cdb20a7d48ee193.jpg

    Бұл біздің гүрсілдеген дауыс пен бұлт торлаған аспан астында оянған күндеріміздің  алғашы емес еді. 

    Шымкентке баруым керек. Диплом алдым, жұмысқа кіріп, бақытты бола қалайын деп ойлап тұрмын. Жұмыс дайын тұр, мені көреді де, ала қояды-мыс. Алайда, жоспарларымның ішінен жалғыз «Шымкентке барамын-ы» ғана орындалды. Құдай ауызына салып бергендей ағам да сол күні анамды қалаға алып барып, демалысақысына қыдыртамын деп отырған. Алып барды, тіпті әкем екеуін бірдей. Бірақ қыдыртты ма?

    Бір көзім жұмулы, бір көзім ашулы сәкіде ояндым. Жанымда сіңілім жатыр, күнге қақталып, пыс-пыс етіп. Үйде онбыз, «қалғаны қайда?» деп, оның әрқайсысын түгелдеуге таңертең мұршаң да болмайды. «Кешке дейін бір хабары келер» деп. Сүйретіліп, әрез тұрдым орнымнан, үй салқын сырттан. Жуынып жүрмін, дәліздегі айнаға ары өткенде бір қарап, бері өткенде тағы қарап. «Қаршақыздағы» «Злая Королева» сияқты айнадан «кім әдемі?» деп сұрап жүрген жоқпын бірақ. 

    Боянып жүрмін, «сәл әдемірек болайын» деген ниетпен. Ойым тұрақсыз, ұйқылы-ояумын. Ешқандай апат күтпей, ешкім күткен жоқ. Тыныштығым мен жан жарасымымды бұзған тасыр еткен дауыс, қалғып отқан қалпымнан суырып алды. Отырған жерімнен атып тұрып, душтан шыққан дауысқа беттелдім. Қарасам, душқа жаңа салған ағамның «ой, мощный» деген ағаш есігі қисайып, құлайын деп тұр. Ашуланып, «ілекер екен» деп қоямын. «Дүлей жел соғып кетті ме екен?» деп, сырттың есігін қиғаштай ашып, сығалап қарап қоямын. Жоқ, тым-тырыс, күн қайнап тұр, әдеттегідей. Бұнысы несі? Ары қарай отырып,  бір көзіме линзамды енді таға бергенде, анам хабарласты. «Қызым дереу темірсандықтағы (сейф) құжаттарды сөмкеңе жинап, сыртқа шық»,-деді. Ештеңе ойлап та үлгермедім, қолым дір-дір етіп, тапсырылған құжаттарды жинап, ілінген резеңке-шәркейді киіп, сыртқа атып шықтым. Тапшада отырған сіңіліме қараймын, көзі дөңгеленіп аспанға қарап ол отыр. 

    Сағат 9:33. Жәй күндері, көршілеріміздің көгі де көрінбейтін, мұндай уақытта көше өлі күйде болатын, тіпті «тыныштығын бұзбайық» дей ме, құстар да аз ұшатын біздің көшемен. Ал, қазір бәрі абыр-сабыр аспанға қарап тұр, шоғырланып. Көк түтін. «Өрт шықты» деп ойламадық, әскери қоймадағы тағы бір оқ дәрі жарылғаны айдан да анық көрініп тұр. Қорықпаймыз, бұрын мұндайды көрмеген Тараз қорқар, Алматы, Нұр-Сұлтан қорқар, бірақ біз емес. Қалтамнан ұялы телефонымды алып, «осы сәтті жазып алайын» деген ниетпен асықпай бейнежазбамды қосып, түсіріп тұрмын. Көршім «тамада жігіттен» сұрап қоямын, «бір білсе осылар біледі ғой» деп. Ол да түсінбей, меңіреу адамдай үндемейді. 

WhatsApp Image 2019-07-04 at 14.50.39 (1).jpeg

    Біздің көшенің көрінісі

    Сол кезде әлгіндегі бомбаның екіншісі жарылды. Енді, қалай сипаттасам, астынан «гүф» еткен от шығып, жоғарғы жағы көк түтін болып, көрініс тап бір алмұртқа ұқсап тұр. «Мұндай қайталанбас сәтті достарыммен міндетті түрде бөлісуім керек» деп ойладым. Тағы бір бейнені жаза бергенде, телефоным қолымнан түсе жаздады. Себебі бұл жолғысында көрші Күлімхан апайдың терезесі қирап түсті. Қорқыныш, үрей. 

    Сағат 9:37. Апайдың жан дауысы шықты, «қашыңдар» деген. Ешкім саспады, қайда қарай қашарымызды анық білеміз, қырға қарай. Себебі, бір жылдары да кешқұрым осындай жарылыс болғанда көршілерімізбен барып қырға түнегенбіз. «Қаш» деген сөзді естіп, ешкімді күтпедім, сіңілімді жетектеп, қырға қарай беттедік. Көрші үйге өзінің еңбек демалысына қыдырып келген, әскери қызметкер күйеубалалары бар. Сол, өзіміздің Арыстағы жарылып жатқан әскери қоймада жұмыс жасайтын. «Ол да қашса, демек бір нәрсені біліп қашып бара жатыр, ол біледі ғой...» деймін, ішімнен. Қолында 6 айлық қызы, қолтығында келіншегі, жанталасып жүгіріп бара жатқан ер бейнесі. Оның арқасында бір көшенің адамдары, иықтарында асынған сөмкелері, жетектеген балалары, аяқтарында шәркейі бары бар, жоғы да бар. Жарымында үй киімі, жарымында жұмыс киімі. Сонда ойлаймын, қиын қыстау кезеңде адамға отырған ұясы да, жиған терген азды кем дүниесі де керек болмай, бір бума қағазымен жүгіре береді екен. Шыжып тұрған күн де жығылған үстіне жұдырықтай. Арыстың ортасынан көш келе жатыр, көшкен сайын бір топ халық қосылып келе жатыр. Жаңа ғана бір көшенің адамдары ғана едік, бес минутта жүз, тағы бес минутта бес жүз болып көбейе бердік. Арасында сонау, қаланың бас жағындағы вокзалда істейтін қызметкерлер жүр. Олар қалай жаяулатып қашып келе жатыр, сонда олар қашаннан бастап қашқан? Жұмыс киімдерімен, аяқтарындағы биік өкшелі аяқ киімдерімен жүгіріп барады. Ешкім күннің ыстығына шағымданып жатқан жоқ. Әншейінде, дүкенге жұмсағанда, «күн ыстық» деп жан дауысы шығатын сіңілімнің, үні шықпайды. Алғашында, «бомба ғой, кәдімгі» деп жайбарақат ойлағанымыз рас. Бірақ, аспаннан снарядтар түсе бастағанда, оның үстіне, дәл адамдар жүгіріп бара жатқан жерге тасша атылып жатқанын көргенімде «соғыс па екен?» деп ойладым. Қашан, қай жерден снарядтың төбемізден түсерін білмей, егіліп арқамызда жылап келе жатқан әйелдердің дауысына да мән бермей, өзімді жанымдағы жақынымның өміріне жауапты екендігімді ойлап, байбаламға жол бермедім. Ішімдегі ата-анасы мен бауырларын, аға жеңгесі мен олардың бүлдіршіндерін ойлап жатқан қыздың жасын сыртқа шығармадым. Артымызға қарау мүлде қорқынышты, қаладан түк көрінбейді, түтінге оранды. Ішіндегі адамдар тірі ма екен? Қайсысы қайда қарай бас сауғалады екен? Неге вертолеттер жібермейді? Өмірім осы жерден бітеді ме? Жанымыздың тәттілігі ғой, көшедегі көліктерге жабысып жатырмыз. Тіпті, топырақ жолмен жүгіруге мүмкіндік жоқ, машиналар зуылдап біреуін басып кетердей, алыстау жерге қашып жатыр. Ал, жаяу жүргіншілер, жапан жазық даладағы ұзынынан сызылған жалғыз топырақ жолмен жүгіре алмай, теректей өсіп тұрған тікен шөптердің арасымен жүгіруге мәжбүр. Аяғымыз тілім-тілім, жалаң аяқ сүйретпесін сүйретіп шыққан бәрі. Үйлердің сақырлап түскен терезелірінің дауысы, әр снаряд ракеташа ұшып келіп, жерге түсіп жарылып, жан-жағы өртеніп жатқан жантүршіктірер көрінісі ешкімді сабырлы қалпында қалдырмайды. Снаряд жерге түскен сайын, бір әйел, бір бала, бір кісі не бір әжейдің жан айғайы шығады. Қарай алмаймын, қарасам да көзім жетпейді. Бар болғаны бір көзімде ғана линза, басыңды айналдырады. Таңертеңгілік оразамызды да ашпағанбыз, тамағымыз кеуіп барады. Бір күрішке су болса, 25 адам болып та бөлісіп ішер едік. Сондай сұмдықтардың арасында жүгіріп бара жатқанымызда, дәл сіңілім екеуіміздің жанымызға бір снаряд сап ете қалды. Екі аяғым сол сәт істен шықты, жүгіре алмаймын, менде өмірімде олай болмаған, болса да өтірік істей салған шығармын. Ал, бұл жолы аяқтарым қимылдамайды, тізем бүгілмейді. Жаңалы бері көшедегі көліктің барлығына «бос болса, мүмкін көшеде туыстары бар, соларды алып кетейін деп жатқан шығар, көшеде қалып қойған ата-әжелері бар болар, сол кісілерді отырғызар» деп түсіністік танытып келе жатқан мен, енді бар ұятымды қойып, жаңағы топырақ жолмен ағылып жатқан көліктерді жалбарынып тоқтата бастадым. «Тым болмаса сіңілімді алып кетіңізші, ап-арық қой» деп барлығын тоқтатып тұрмыз, олар абыр-сабыр, «снаряд қай тұста көлігімнің тас төбесінен түсер екен» дей ме? Тоқтап тыңдар емес. Тағы жүрдік ары қарай, бұл жолы жүрдік. Мен өзі тынысым тарылып, жүгіре алмайтын қыз едім. Сіңілім қолымдағы сөмкемді алды, өзі тастай ауыр, кейіннен білдім ғой, ішінде інілерімнің рефераттарына дейін салып алыппын, аман-есен.

    Сағат 12-лер шамасы. Тоқтады, бір жанашыр жан, арқасында үш баласы бар екен, солармен қысылып-қымтырылып отырып алдық. Былай күндері таксиге отырғанда арқасында бір адам артық болса, отырмай қоямыз ғой, кісімсініп. Ал, қазір, жоқ, бәрі дүрыс, мүлде қысылысып отырған жоқпыз. Көлікке отырған сәтімізде ғана, хабарласа бастадық анама, жеңгеме, ағама, ініме. Бірі де көтермеді, ішім алай-дүлей. Өзімді босаттым, өкіріп жылай бастадым, «олар жоқ болса қалай өмір сүремін?» деп. Туыстарым хабарласа бастады, «бұлар қайдан білді екен?» десем, бомбаның жарылып жатқанына бақандай екі жарым сағат болыпты. Сәйкесінше біздің де жаяу жүгіргенімізге сонша уақыт болыпты. Біз, жарайды, отырдық көлікке, сыртта жүргендер қаншама, бала-шағасын жетектеп жүргендер қаншама, мүгедектер қаншама, екіқабат әйелдер қаншама, жасы келген әжей, атайлар қаншама, сүйектері сырқырап жүгіре алмай жатқан, бүлдіршіндер қаншама, сырғатылып ілесе алмай келе жатқан, ата-анасына. 

    Қиын. Көзбен көру қиын, елестету одан да қиын, бәлкім. 

    Телефонын көтерді ағам, аман есен екендігін айтты, анам мен әкем жанында екен, біз жүгірген сай-қырмен жүгіріп келе жатыр екен, қала әлі жарылып жатыр екен. Қаланың түгі қалмаған болар, сірә. Мектебім, білім алған, мен өмірге келген перзентхана, тірнектеп жиған дүниеміз, бір бауырыңдай болған үйің мен аулаңда «әупілдеп» жүгірген итің, сауып ішіп отырған сиырың, «мияулап» жүрген мысығыңа дейін қимайды екенсің. 

    Кішкентайларымыздың үлкенін жеңгеммен бірге камазға тиеп алып кетіпті, одан кішкентай бір жасар қызы көршімнің қолында аманатта кетіпті, қайда екені белгісіз. Ал, інім ше? Кішкентай болса да, базарға барып, донер сатып нәпақасын тауып жүрген, қай бұрышта қалды екен, аман ба екен? Ең қиыны жақындарыңның тірі не өлі екенін білмей, жан-жағыңа жәутеңдеп, терезеге телміріп отырған екен. 

    Сол жол Шымкентке алып барды. Кешкі алтылар шамасында жеңгем мен баласы келді. Камазбен алып келгені айтпаса да көрініп тұр, үсті-басының сау-тамтығы қалмапты, май, топырақ, күл. Көше қаңғыбасы халінде дерсің. Қандай қиыншылықпен келгені 3 жасар інімнің «нәнә» деген сөзінен-ақ түсінікті болды. Балабақшаның таңертеңгілік асын да ішіп үлгермеген інім бәрін түсінгендей, жыламай, ун-түнсіз, аспандағы жаңбырша жауған снарядтарды қызықтап келген екен. Ақмешіттің алдында еріктілер берген бір бөлкенің үзімін бердік. Біздің тамағымыздан нәр өтпейді. Аналарымыз неге әлі жоқ? Оларды неге алып келмейді, камазбен болсын? 

    Сағат 20:30. Келді. Шымқаладан жіберілген автобустардың біреуіне сығылысып, мініп келіпті. Түгелміз бе? Жоқ, інімнен хабар болмады. Жарығым, қай дөңнің үстін паналап отыр екен. Сөйткенде анам, «жоға інің маған хабарласты үштердің кезінде «мама сіздер әлі Арыстасыздар ма, мен ендігі Қазығұрттамын, шәй ішіп отырмын» - деген»,-дейді. Кішкентай бір жасар сіңіліміз болса көршіміздің қолында Сарыағашта екен. Аман қалғанымызға қуансақ та, кішкентай ғана Арыстың адамдарының бәріне алаңдадық. Бәрін танымасақ та, көз көріп жүрген кісілер.

    Жаныңды түгелдеп, сонан соң малыңды түгелдейді екенсің. Кредиттен кредитке әрез дегенде салып бітірген қорадай ғана үйің болса да қимайсың. Біз көргеннің бәрін де бізбен көрген үйімізді қатты уайымдадық, бір-бірімізге «бастысы аманбыз ғой» десек те...

    Ары қарай қалай үйге қайтқанымызды бәріңіз көрдіңіздер, білдіңіздер. Жарылыс бүкіл Қазақстанды есеңгіретіп жіберді, көмек қолын созғандарға қарап тек қуандық. Басқалай сипаттау мүмкін емес. 

    28.06.2019. Үйге кіріп шамшырағымызды жаққан сәтте ғана, ары қарай өмір сүруге деген үміт пайда болды, үйіміздің шатыры орнында, қабырғасы қалаулы күйінше екен. Тек, есік алдындағы тапшанда мен жуып кептіріп кеткен жайтабан аяқ киімінің орнында бөтен тік өкшелі сұр туфли тұр. Рақмет. (иесі көріп жатса қайтарар)

    Үйге келген кездегі жаға ұстататын жаңалық, көршіміз Бахытхан ағайдың ешқайда кетпей, жарылыс сәтінен бастап үйінде қалып сиырларына су-жемін беріп жүргені болды. Адамдар қандай, ә?!

Автор: Мақпал Шадай

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Имам мен полицей жайлы
  • Тартылыс күші: арманыңызды орындауға көметесетін 12 қағида
  • Үш күн ережесі
  • Бос қыңқыл
  • Үнсіздік ерік-жігеріңді жаниды
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика