Балаңыз киберспортшы болса таңқалмаңыз...

Oinet.kz 30-09-2019 1189


Screenshot_7.jpg

«Синий кит», «Тихий дом», «Разбуди меня в 4.20» ойындары ел есінен әлі шыға қоймады. Ресейде тамыр жайған бұл ойын өзімен бірге талай жеткіншекті о дүниеге алып кетті.

Қазіргі таңда технология күннен-күнге дамып келеді. Осыдан 10 жыл бұрынғы технология саласындағы жаңалықтар дәл қазір қолданыстан қалып барады десе болады. Мысалы, DVD ойнатқыш, диск секілді құралдарды бүгінде мүлдем қолданбауға айналдық. Оның орнын компьютер басты. Жұмыстан соң үйіңізге келсеңіз, балаңыз күніұзақ компьютер алдында отыратынын байқайсыз. Не істеп отырады? Осыған үңіліп көрдіңіз бе?

Заман ағымына қарай жаңа спорт түрі шықты. Бұл – киберспорт. Яғни, сізге осы спорт түрімен айналысу үшін компьютер керек. Боксшылар қолына былғары қолғап кисе, сіз тінтуірді (мышка) ұстасаңыз болды. Киберспорт ұғымы қайдан шықты? Осыған тоқталай кетейік:

2000 жылдары көшелерде бұрыш-бұрышта ойынханалар ашыла бастады. Алғаш өз жұмыстарын 2-4 компьютермен бастаған ойынханалар уақыт өте кеңейіп, 20-40 компьютерге дейін қолданатын дәрежеге жетті. Міне, сол уақыттары балалар жаппай ойынханаларды жағалай бастады. Бокс, күрес, таэквондо секілді киберспорт саласында да түрлі ойындар бар. 2000 жылдары біз Counter Strike, Quake, GTA секілді ойындарды ойнайтынбыз. Бір сағат үшін 50 теңге төлейтін едік. Ол кезде бұл әжептеуір ақша. Бұған күйіп-піскен ата-аналар қауымы бізді ойынханаға жібермейтін. Барсақ, қуып әкелетін. Бірақ, біз сонда да қоймаймыз. Себебі, азарт деген бар. Ерік-жігерің зор болмаса, одан аттап кету мүмкін емес. 

Бас жүлде – 9 миллион доллар

Осылайша, ойынханаға барушылар қатары күн санап арта берді. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, ойынхана басшылары клиентті бұдан да көбейту үшін түрлі жарыстар өткізетін болды. Бәйгеде белгілі бір мөлшерде ұтыс тігіледі. Осындай маркетингтік қадамға шырмалған клиенттер қарасы күрт көбейді. Бұл – киберспорт. Киберспорт Қазақстанда соңғы жылдары қанат жая бастады. Ал, АҚШ, Еуропа, Шығыс Азия секілді өркениетті елдерде 2000 жылға қарай жаймен дамыды. Әрине, ол кезде тұтынушылар саны өте аз еді. 2010 жылдан соң компьютерлік ойындар шығаратын Valve компаниясы Германияда әйгілі Dota2 ойынынан ірі турнир ұйымдастырды. Бас жүлдеге 1 миллион доллар тікті. Бұл киберспорт тарихында болмаған сома еді. Германияға дүниенің түкпір-түкпірінен геймерлер (киберспортшы) ағылды. «International» деп аталған бұл додада Украина елінің «NaVi» командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Бір командада 5 адам ойнайтынын ескерсек, әрбір ойыншы 200 мың доллардан алған. Сол кезде бас жүлде 1 миллион $ болса, былтыр 9 миллион $ (жалпы жүлде қоры – 20 миллион $) болған. Бұл жолы әрбір ойыншы 1,8 миллион доллардан алған болып тұр.

Осыдан-ақ киберспорт қарыштап дамып келе жатқанын білуге болады. Мысалы, «NaVi» командасының белді ойыншысы Данил «Dendi» Ишутиннің Твиттердегі парақшасына 400 мыңнан аса адам жазылған. Әлеуметтік желілерде оның жүз мыңдаған жанкүйерлері бір Данилға арнап, түрлі фан-парақшалар ашып тастады. Қазір Месси – футбол «ханзадасы» болса, Данил – киберспорт ханзадасы.

«SuperData Research» зерттеу орталағының мәліметіне сенсек, 2015 жылы киберспорт саласында 612 миллион $ айналымда жүрген. Оның 42 млн. $ түрлі жарыстағы ұтыстарға тігілген. Сол жылы 130 миллион көрермен киберспорт ойындарын тамашалаған. Ал, жалпы киберспортқа жататын-жатпайтын барлық ойын түрлері нарықта 74,2 миллиард долларға жететіні болжанған. PriceWaterHouse Cooper жүргізген зерттеуге сүйенсек, сол жылы спорт нарығы 145 миллиард доллар болған. Осылайша, нарықтағы виртуалды ойындар үлесі шынайы спортқа жақындап келеді. Жұрт виртуалды ойындарды көбіне смартфонда ойнайды екен. Себебі, екінің бірінде «сотка» бар. Интернет жоқта іш пысса сіз ойын ойнайсыз. Бұл анық. Енді жуықта виртуалды ойындар индустриясы музыка, кино индустриясымен теңесіп, бәсекелестік таныта алады.  

ТМД аумағындағы танымал миллиардер, USM холдингінің басшысы Әлішер Усманов Ресейде киберспортты дамыту үшін 100 миллион $ инвестиция құйыпты. Әрине, болашағы зор екендігін сезгендіктен. Келешекте ірі табыстар әкелетін білгендіктен.

Киберспорт ойындары интернетте Twitch видеосервисінде көрсетіледі. 2014 жылы  Twitch сервисіне бір айда 55 миллион адам кірген. 700 мың адам бір уақытта тамашалаған. Бұл кей арналарды шаң қаптырып кетеді. Күннен-күнге өркендеп келе жатқан Twicth сервисін Amazon корпорациясы 1 миллиард долларға сатып алған.

Сонымен, киберспортпен тұрақты түрде айналысатын командалар жылдан-жылға көбеюде. Ал, мұндай командаларды ұстап тұру үшін құрылтайшылар жылына 500 мыңнан 5 миллион долларға дейін қаржы жұмсайды. Деңгейіне қарай. Бұл қаржыға олар материалды-техникалық база құрады. Команда ойыншыларына жалақы төлейді. Түрлі жарыстарға барып-қайту шығынын көтереді. Біз білмейтін басқа да шығындары бар. Ал, егер команда ірі ұтысқа ие болса, бұл қаржыны құрылтайшылар иемденеді. Әрине, жүйе тек қана осындай деуге болмайды. Келіскендеріне қарай. Кей командалар тек ұтысқа ойнаса, көпшілігі жалақыға ойнайды. Себебі, ұтыс бірде бар, бірде жоқ. Ал, жалақы тұрақты. Әрі жалақылары да аз емес. Мысалы, «Secret» командасының ойыншысы Джеки Мао 2015-2016 жылдары айына 10 мың доллар алып тұрған. Әрине, кәсіби деңгейіне қарай. Ал, бапкерлер жылына 30 мың доллардан 50 мың долларға дейін жалақы алады. Соңғы 5 жылда бір ТМД-да мыңдаған жұмыс орны ашылыпты. Киберспортта ойналатын әрбір ойын үшін (Dota2, Counter Strike, World of tanks, LoL т.б) жүргізушілер, сарапшылар, оператор, видео инженерлер, техникалық мамандар секілді көптеген қызметкерлер жалақы алып отыр.     

   Сонда, киберспорт саласында жүргендерге пайда қайдан түседі? Әрине, халықтан. Жас балалардан. Тіпті, орта жастағы кісілерден де. Олар лицензиясы бар ойынды интернеттен ақылы түрде жүктеп алады. Бірақ, бұдан онша пайда жоқ. Себебі, пираттық нұсқалар кең тарап кеткен. Сондықтан да, олар пайданы түрлі виртуалды заттарды сату арқылы табады. Ойыншылар электронды түрде ақша төлеп, Valve секілді ойын шығарушы компаниялардан әр түрлі нәрселер сатып алады. Мысалы, ұпай, аккаунт, ойынға қажетті заттар, т.б. Олар түрлі бағада босатылады. 1 доллардан бастап 100, 1000 долларға дейін кете береді. Құндылығына қарай. Және көптеген компаниялар ірі турнирлерді тікелей эфирден тарататын видеосервистерге жарнама береді. Мұнда берілген жарнама зор нәтиже беретін көрінеді. Және сіз қай команда жеңетінін болжап, ақша тіге аласыз. Бұл да жүйеге қойылған.

Бір қызығы соңғы кездері компьютерлік ойындар ірі стадиондарда өткізілетін болған. Бұл дегеніңіз, 20-50 мың адам билет алып, кумирлерінің қалай ойнап жатқанын өз көздерімен көре алады. Ойын біткен соң, геймерлер жанкүйерлерне автограф таратып, суретке түседі. Мысалы, осы көктемде Украинаның астанасында «Major» турнирі басталады. Жалпы жүлде қоры – 3 миллион $. Қазірден билет ала берсеңіз болады.   

         Айтып-айтпай не керек, қазір киберспорт балалар, жасөспірімдер арасында өте танымал. Енді ол дамымаса, құлдырамайтыны анық. 

Қазақстанда үздік геймерге грант беріледі

Былтыр киберспорт - Ресейде Спорт министрлігі тарапынан спорт түрі болып бекітілді. Ақыры, олар бұл «жаңашылдықты» мойындапты. Ал, Қазақстанда «Тұран» университеті жыл сайын киберспортшыларға арнап грант бөлуде. Былтыр жарысқа қатысқан 1520 оқушыдан оқ бойы озық шыққан 5 оқушыға толықтай 4 жылға грант үлестірді. 

Биыл да «Тұран үшін айқас 3» жарысы басталып кетті. Қазір тіркелу жұмыстары жүргізілуде. Жарыс сәуір айының ортасында Алматыда «Next» ойынханалар жүйесінде өтеді. Бірінші орын алған команда ойыншылары биыл да ішкі грантқа ие болады.

Міне, киберспорт осылай уақыт заңымен үндесе дамуда. Енді алдағы 5 жылда, 10 жылда қалай болады? Музыка, кино индустриясын шаң қаптырып, спортпен теңесе ме?

Шыны керек, қазір сандық технология заманы. Осыдан оншақты жыл бұрын ата-аналар балаларына компьютер әпермей, «сабақ оқы, компьютер ойнамай. Мүйіз шыға ма?» деп реншітерін айтушы еді. Дегенмен, бұл сөз жылдан-жылға жаңсақтығын дәлелдеп келеді. Қазір балаңыз компьютерді жоғары деңгейде меңгермесе, оның болашағы қиын болады. Себебі, барлық салаға компьютер келген. Бүгінге көптеген тың жобалар компьютер арқылы жасалады. Оның құлағында ойнайтындар жұмыссыз қалмайды. Бір қызығы, компьютерлік ойындар – баланың оперативті түрде масштабты ойлау жүйесін дамытады екен.

Әрине, бәрі шегімен. Бала тек компьютер алдында отыра берсе, күйзеліске ұшырап, денсаулығынан айрылады. Рейтинг қуалап, ашушаң болып кетеді. Ал, егер тепе-теңдікті ұстай білсе, талай биікті бағындарары сөзсіз. Айтпақшы, балаңыз хакер, бағдарламашы, киберспортшы болып кетсе, таңқалмаңыз. Қазір бәрі мүмкін.

«Тастан түлкі табылар аңдығанда...»
Ақан Сатаев «Томиристі» марқұм қызының құрметіне арнады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу