Кәусар Ыбырайқызы: «Қазіргі заманда адам жан-жақты болу керек»

Oinet.kz 27-02-2020 1365

Осыдан 3 жыл бұрын мәнерлеп сырғанаушы Кәусар Ыбырайқызы туралы «Тоғыз жасында топ жарды» деп сүйінші сұраған болатынбыз. Сол кезде Кәусар Мәскеуде өткен халықаралық жарыста топ жарып, елінің абыройын асқақтатқан еді.  «Арманым – Олимпиада жеңімпазы атану», деген Кәусар бүгінде ешқандай жарыстан қалмай, қоржынын жүлделермен толтыруда. Өткен аптада Алматыда өткен республикалық «Ледовая феерия» турнирінде жерлесі Иван Соловьевпен жұптық мәнерлеп сырғанаудан тағы да бірінші орыннан көрініп, аталған спорт түрінен шымкенттіктердің бәсі жоғары екенін келесі рет дәлелдеді. Осы сәтті пайдаланып біз Кәусармен тілдескен едік:

Screenshot_7.jpg

Кәусар Ыбырайқызы және Иван Соловьев

– Кәусар, сені  жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Жарыс қалай өтті? Көңіл-күйің қалай?

–  Қазір көңіл-күйім жақсы. Жарыс өте қызықты және тартысты өтті. Республиканың түкпір-түкпіріндегі спорт мектептерінен тәжірибелі спортшылар қатысты. Ваня екеуміз де (Иван Соловьев – автор) аздап алаң болды. Себебі, мұз үстінде жұптасып сырғанау – біздің алғашқы жарысымыз еді. Мұз айдынына шыққанда бойымыздағы қобалжуды жеңіп, барымызды салдық. Кез келген жарыста ең маңыздысы осы. Спортшы бойындағы уайымды, фобияны жеңе білсе, жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары.

Screenshot_9.jpg

– «Ледовая феерияға» Шымкент қаласынан сенен басқа тағы кімдер қатысты?

– Бұл жарысқа Шымкенттен бірнеше әріптесім қатысты. Атап айтсам, Жібек Бердібек, Аяжан Құттыбектер жарыста жүлделі орындардан көрінді. Бір қызығы, біз Иван, Жібек, Аяжан бәріміз бір мектепте, №1 А.С.Пушкин атындағы мектепте және Бақытжан Зиябек басқаратын №8 спорт мектебінде оқимыз. Жарыста бәріміздің жүлделі орындардан көрінгеніміздің себебі – №8 спорт мектебінің бізге қажетті білімді жүйелі, жоспарлы түрде беріп, жаттығуымызға ерекше көңіл бөліп отырғаны деп ойлаймын. Болашақта бұл жерден көптеген чемпиондар шығады деп ойлаймын.

– Жалпы, спортшы әрқашан жеңіс тұғырынан көріне бермейді. Кейде жеңіліп те қалатын кездері болады. Сондай сәттер басыңнан өтті ме? Мұндай жағдайда сені кім қолдайды және не жігерлендіреді?

– Жаттықтырушыларымыз бізге үнемі «жеңістің өзі жеңілістерден тұрады» деп айтып жүреді. Келе салып жарысқа қатысып, жеңіс тұғырынан көріну мүмкін емес. Жеңілетін кездер аз болмайды. Сондайда спортшының сағы сынбауы керек. Сағы сынып, жігері жасыса онда ол келесі жолғы жарыста орынға таласу былай тұрсын, іріктеуден де өте алмайды. Спортшы физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық-моральдық тұрғыдан мықты болу керек. Жаттықтырушыларымыз бізге осыны жиі айтады. Егер жеңіліп қалсақ, онда эмоциямызды көрсетіп жыламауға, ренжімеуге шақырады. Керісінше, қарсыласымызды жеңісімен құттықтап, оларға құрмет көрсету керектігін үйретті. Жарыстан соң біз бапкерлерімізбен бірге жіберген қателіктерімізбен жұмыс істеп, оны түзеуге тырысамыз. Егер босаңсып бара жатсақ өткір сын да айтады. Сонда біз ұялып, тез жинала қоямыз. Кейде жылы сөздер айтып та жігерлендіреді. Жалпы, жаттықтырушыларға айтар алғысымыз шексіз.

– Бос уақытыңда мәнерлеп сырғанаудан басқа немен айналысасың?

–  Спорттан бөлек қаладағы балалар өнер мектебінің фортепиано сыныбында Виолетта Еркенова апайымнан сабақ аламын және Төлебай Тәжіметов ағайымның би сыныбына барамын. Өзіме ұнайды. Жақында «Golden Avenue of stars» атты халықаралық конкурста бас жүлде алдым. Бұндай нәтижеге қол жеткізуіме Виолетта апайымның сіңірген еңбегі зор болды. Алдағы уақытта спортпен қатар өнер саласындағы қарым-қабілетімді дамытқым келеді.

Screenshot_8.jpg

Кәусар Виолетта Еркенова апайымен

– Бұның бәріне қалай үлгеріп жүрсің? Спорттық жарыстар сенің сабағыңа кедергі келтірмей ме? Бұған мектеп әкімшілігі қалай қарайды?

–  Егер адам уақытты дұрыс жоспарлай білсе бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын. Жарысқа дайындаламын деп қалып қойған тақырыптарымды сыныптастарымның көмегімен түсініп, пысықтап аламын. Сабағымның қожырап қалмауына баса мән беремін. Адам тек бір саламен шектелмей басқа да салаларды игеріп жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Бұл қазіргі заманда өте маңызды.

– Сұхбат соңында кімге рахмет айтқың келеді?

– Әрқашан түсіністік танытып, қолдап жүретін сынып жетекшім Райхан Садықанқызына және басқа да ұстаздарыма, жаттықтырушыма, ата-анама рахмет айтамын.

Сұхбаттасқан Абылай СМАТУЛЛАҰЛЫ  

UFC қазақстандық Мария Агаповамен келісімшарт жасасты
Екі боксшымыз Олимпиада ойындарына жолдама алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу